Оңтүстік өңірдің Мақтаарал ауданында үлкен шаңырақ Мырзахметовтер әулеті әу бастан қарапайымдылығымен, ынтымағымен ел ішінде абыройға ие болған. Әкемнің ардақты әкесі Бахтияр Мырзахметұлы сынақты жылдары халық тыныштығын бұзған фашистермен соғысуға аттанған. Жалпы ер атаның соғыс жорығы КСРО мен Финляндия арасында 1939 жылы "Кеңес-Фин" соғысына атттанып, КСРО құрамында өзінің әскери борышын өтеп келіпті. 1941 жылы фашистік Германияның КСРО елдеріне бастаған соғысы сол кездегі диктатор Сталиннің радиодан хабарлаған суыт жаңалығымен басталды. Жер-жерден ұлтының қамын ойлаған еркек атаулы, соның ішінде жас өрендер ештеңеден қаймықпастан қанды майданға аттанады. Небары 23 жасар жігіт Бақтияр Мырзахметұлы сол кезге дейін жинаған бар тәжірибесімен соғысқа кете барады.
1941-1943 жылдары соғыс алаңының Шығыс-Батыс фронтында әскери қызмет атқарып, 1943-1944 жылдары 4-ші Украина фронтында ерлігімен танылады. Өр мінезді қазақ жігітінің ерлігі еленбей қалмады. 1941 жылы КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының бұйрығымен лейтенант атағына ие болды. Жалпы 1938 жылдан бастап, 1946 жылға дейін КСРО Қару күштерінің 3-ші разрядтағы "запастан тыс жауынгер", "отряд командирі", "взвод командирі", "батальон командирі" сынды шендерімен адал қалтқысыз қызмет етеді. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін кеудесіне түрлі медальдар мен ордендер таққан. Соғыстың аяқталуының 20 жылдығына орай, "КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы", 1978 жылы "Еңбек ардагері" атты ордендерімен марапатталған.
1946 жылы өз еліне амандықпен оралған Бақтияр ата өзі туылып өскен Қызылқұм ауылында колхозда нұсқаушы болып еңбек етеді. 1954 жылы Ташкент қаласындағы педагогикалық училищенің дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Осылай сұрапыл майданнан оралған ардагердің қалған ғұмыры ауыл мектебінде ұстаздықпен, шәкірттеріне тәлім-тәрбие берумен өтеді. Бастапқыда бастауыш мектепте, сосын Киров ауданына қарасты Қызылту ауылының В.И.Ленин атындағы кешкі мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген.
1986 жылы Бақтияр атаны сұм ажал бұл фәниден алып кетті. Бүгінде Салиқалы ана Сапарай апамыз әулет ошағының түтінін түтетіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балалардың бірі дәрігер, бірі кәсіпкер, енді бірі әскери қызметкер кәсібімен Қазақстанның түрлі қалаларында қызмет етіп жатыр. Әке жолын қуған марқұм Алихан атты ұлы әскери қызметкер болып, елінің тыныштығын күзеткен екен. Бүгінде атамыздан тараған 5 ұл, 3 қызынан 33 немере, 35 шөбере көріп, үлкен отбасының үлгісіне айналып отырған жағдайы бар.