Шайхимов Ғилаж - 1924 жылдың 5 мамырында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Ганюшкин ауылындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, 1942 жылдың 24 ақпанында Кеңес Армиясы қатарына алынып, майданға араласқан. Алғашында Гурьев қаласындағы жаяу әскерлер училищесінде оқып, одан кейін Ақтөбе облысының Темір ауданындағы кіші командирлер дайындайтын арнаулы курстан өткен. Соғыста I Украина және II Белорусь майдандарында әскери борыштарын өтеген.Соғыста жаяу әскерлердің автоматшылар ротасында инженерлік полкта мина іздеуші сопёр қызметін атқарады.
Соғыс аяқталған соң да, Кеңес Армиясына қызмет атқарып, мотоатқыштар полкында полк старшинасы, танк полкында гранатометшілер командирі болған. 1947 жылдың 2 ақпанында II-топтағы соғыс мүгедегі ретінде Армия қатарынан босап, туған жерге оралады.
Соғыстағы ерліктері үшін 1943 жылдың 22 тамызында Белгород қаласы түбіндегі соғыста барлау, миналанған алаңды тазартудағы еңбегі үшін "Ерлігі үшін" медалімен, сол жылдың 6 желтоқсанында Воиновка деревнясындағы ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, Киев қаласын азат етудегі ерліктері үшін II дәрежелі "Отан соғысы" орденімен марапатталған. Сондай-ақ, "Сталинградты қорғағаны үшін", "Жеңіс үшін", "1941-1945 жылдарда Ұлы Отан Соғысында Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталды. Днепр өзенінен өтудегі ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын беруге ұсынылған құжаттары штабтан жоғары қолбасшылыққа жіберілген. Бірақ нақты нәтиже болмаған.
Соғыстан кейінгі бейбіт заманда Ұлы Жеңістің 20, 25, 30, 35, 40, 45, 50 жылдық медальдары мен Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің 30, 50, 70 жылдық медалдарын иеленген.
"Менің атам 1943 жылдан СОКП мүшесі. Соғыстан кейінгі жылдарда Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданының Ворошилов атындағы, "Правда" ұжымшарында, Киров, Құрманғазы атындағы кеңшарларында қойма меңгерушісі, есепшісі, ферманың цехтық партия ұйымының хатшысы, ферма меңгерушісі сияқты қызмет атқарды. Отбасында әжем Қапшаева Ғилаж екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Атам 1996 жылдың 9 мамырында 72 жасында дүниеден озды", - дейді немересі.