Пернебайұлы Құдайберген 1919 жылы Шымкент облысындығы Түркістан ауданына қарасты № 21 ауылда кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. 1939 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылады. Пернебайұлы Құдайберген 1941 жылы қарашада төрт рет арыз жазып, сұранып, өз еркімен Ұлы Отанды жаудан қорғау үшін, майданға аттанады. Воронеж қаласында бір жылдан аса уақыт соғыс өнерін үйреніп, әдіс-тәсілдеріне жаттығады. Тарихта теңдесі жоқ Ұлы шайқас - Сталинград майданында соғысады. Днепр өзенін алудағы қиян-кескі ұрыста өзінің батылдығымен, табандылығымен көзге түседі. Ленин партиясының қатарына өтеді. 1943 жылдың қыркүйегінде барлаушылық қызметте жүріп, неміс фашистерінің бірнеше жауынгерін қолға түсіреді. Сол жолы ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. 1945 жылы армия қатарынан босатылып елге оралады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі мен батылдығын бағалап, "Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін", "Ерлігі үшін", "Сталинградты қорғағаны үшін" медальдарына ие болған. Елге оралғаннан кейін "Ленин жолы" колхозында сушы болып істейді. Елдегі ауыр тұрмыс пен қиыншылықтарды жеңу үшін іске кіріседі. 1948 жылы осы колхоздың правление бастығы болып сайланып, 1982 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін осы қызметті абыроймен атқарады. Пернебайұлы Құдайберген кейін күйреген шаруашылықты қалпына келтіру жолында, колхоз шаруашылығын дамытуда өз үлесін қосты. 1949 жылы Қ.Пернебайұлы Ворошилов колхозын басқарғаннан бастап мақта өнімділігі 5-7 центнерден 18 центнерге дейін артқан. Колхоз шаруашылығы жоспарды артығымен орындап, облыс, республика, одақ көлеміне белгілі болды. Бұған дейін III Интернацинал колхозы 4 миллион, Соцқұрылыс колхозы 6 миллион қарызымен Ворошилов колхозына біріктірілді және қарыздары өтелді. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 4 бірдей алтын, күміс, қола медальдарымен наградталған. "Қазақстанда тың жерлерді игерудің 25 жылдығы" құрметіне арналған омырауға тағатын белгімен наградталған. Бейбіт күндегі еңбегі үшін, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамоталарымен наградталған. Пернебайұлы Құдайберген бірнеше рет облыс және аудандық кеңестердің депутаты болып сайланған.