Жакипов Абдуманап Абдыхалыкулы

  • Фото ветерана: Жакипов Абдуманап Абдыхалыкулы
    Жакипов Абдуманап Абдыхалыкулы

Әкеміз Жақыпов Әбдіманап Әбдіхалықұлы (суретте сол жағында (бір аяқсыз) 20 мамыр 1923 жылы - 20 мамыр 1973 жылы тура 50 жасында қайтыс болды. Шешеміз Иманбайқызы Рысбала 8 маусым 1925 жылы - шілде 1957 жылы 32 жасында қайтыс болды.
Әкеміздің шешесі Салиман әже, руы Андас-Деріпсалы, атақты Би, Әулие Балпық бабамыздың шөбересі. Үлкен ұлы Тіленшіден-Телғозы- одан Салиман әжеміз.

Әкесі Абдыхалық халық жауы деген лақапатпен соталып кеткен. Әжеміз ашаршылық жылдары әкемізді Үштөбедегі балалар үйіне берген көрінеді. Орта мектепті сонда бітіргенде бір себептермен казіргі Көксу ауданы Мұқыры ауылдық округіне қарасты "10 жылдық Қазақстан" ауылында тұрған Жақыпов Құлсейттің қолына барады. Сол жерден Жақыпов Әбдіманап 1942 жылдың 22 маусымында Үштөбеден соғысқа аттанады.

Балалар үйінде өскен әкеміз еті тірі, орыс тілін жақсы меңгерген, табиғатынан сауатты болғандықтан, оны Иркутск облысындағы "Даурия" деген жердегі алты айлық офицерлік курсын бітіріп, кіші лейтенант дәрежесінде пулеметшілер взводының командирі ретінде соғысқа жібереді. Рокосовскийдің армиясының қатарында соғысқа кіріседі.

Кейбір деректерге қарағанда, Ұлы Отан соғысы кезінде барлық батальон командирлері, соғыс күндерінде қайтыс болғандарына бөлсек бар-жоғы 30 күн басқарған екен, рота командирлері бір жеті, взвод командирі бір-екі күн. Олар өз қызметінен не мерт болғанда, не жараланғанда ғана ұзақ жүре алды. Әкеміз ауыр төрт рет жараланған, 1-топтағы мүгедек.

Біріншісі: "Максим" пулеметінен атып жатқанда жау оғы пулеметтің тұтқасын ұстаған екі қолдың буынынан тесіп өтіп, екінші нөмірлі пулеметшінің самайынан тиіп мерт болыпты. Содан екі қолдың сіңірі тартылып саусақтары жұдырық болып жұмылып қалады. Госпитальда әскерге жарамсыз деп елге қайтармақ болғанда әкеміз алақанына жіңішке ағаш кіргізіп, сол арқылы саусақтарын аша бастаған. Соны көрген дәрігер балалар ойнайтын кішкене рәзеңке допты тауып беріп, алақанға кіргізіп, массаж жасатып, саусақтарын қайта ашыпты.

Екінші рет: Днепр өзенінен өткенде жағалаудан 100 метрдей плацдарм алып бекініп, 2-3 күн бойы қорғаған екен. Бір күні жау жағы тынышталып қалыпты, әбден шаршаған, ұйқысыздықтан окопта қатты ұйқтап қалыпты. Бір уақытта тарсылдаған мылтық даусынан оянып кетсе немістер окоптағы жаралыларды атып жатыр екен, әкемізді өлген деп өтіп кеткен көрінеді. Бір кезде окоптан шыға салып, Днепрге қарай қаша жөнеліпті. Жағаға қарай жете бердім дегенде оң жақ жауырының астынан кетпенмен соққандай винтовканың оғы тиіп, Днепрдің биік қабағынан саиға домалапты. Артынан біздің санитарлар тауып алып, госпитальға жіберіпті.

Үшінші рет: Қала ішіндегі бір ұрыста неміс офицері тапаншасынан атқан оғы ішекқарынның оң жағынан тиіп, сол жағынан шыққан. Кейін осы жарақаты 15 жылдан кейін қайта ашылып, түбіне жетті.

Төртінші рет: Польшадағы Краков қаласын азат еткенде 1945 жылдың қаңтар айында бірінші Украина фронтында аға лейтенант, рота командирі дәрежесінде жау окопына секіріп түскенде окоп түбінде жатқан минаның үстіне бір аяғымен түседі. Мина жарылғанда әкемізді окоптан қайта лақтырып тастайды. Екі-үш күн қар үстінде жатқан әкемізді санитарлардың үиретілген овчаркалары тауып, үргеннен кейін санитарлар алып госпитальға жеткізіпті. Госпитальда гангрена болған бір аяғын тобықтан бастап бес рет кесіп гангренасын тоқтатыпты.

1946 жылы елге оралып, Рысбала шешемізге үйленді. Рысбала шешемізден 4 бала: Жұмағазы - 1947 жылғы, Иманғазы - 1950 жылғы, Қажыбала - 1952 жылғы, Серғазы - 1954 жылғы. Екінші шешеміз Шолпаннан 4 бала: Роза, Құрманғазы, Ғалия, Әлия.

Нравится