Шаяхметұлы Қожамсейіт - біздің ауылдың батыры!
"Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" демекші, Ұлы Жеңістің 76 жылдығы да жақындап келеді. Бұл сұрапыл соғыс - адамзат тарихындағы ұлы оқиға. Оның қасіреті мен қасиеті жаныңды түршіктіреді, әрі ерліктерге басыңды идіріп, таңғалдырады. Сол бір сұрапыл жылдары Отан-Ананы қорғауға біздің кішігірім Алғабас ауылының ер-азаматтары да аттанды. Ұлы мерекенің қарсаңында арнайы соғыс ардагерлерінің ерлігі мен оның артқа қалдырған мұраларын іздестіру барысында мына бір батыр атамыздың ғұмырын баяндауды жөн көріп отырмыз.
Тағдырының суық желіне қарап тойтарыс бере білген біздің туған еліміздің батырлары да жетерлік. Соның бірі Шаяхметұлы Қожамсейіт. 1923 жылы 23 ақпанда Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Алғабас аулында дүниеге келген. Қожамсейіт атамыз жастайынан әке-шешесінен айырылып, аталас ағайыны ауылдағы Ізтөле баласы Тойшыбай ақсақалдың бауырында өскен. Алғабас ауылында 7 жылдық мектепті тәмамдайды. 19 жасында, яғни 1942 жылдың мамырында бүкіл халық аттанып жатқан майданға, елін, жерін қорғау үшін аттанады. Шаяхметұлы Қожамсейіт - Сталинград, Донской майданы құрамында, Украина, Польша, Беларусь жерін жаудан азат етуге қатысқан. Соғыстың алғашқы ұрысында-ақ өзінің батылдығымен, ерлігімен ерекше көзге түседі. Оған дәлел ретінде, "Память народа" сайтындағы Қожамсейіт атамыз туралы деректер жазылған, оның сол кездегі соғысу бағыты да көрсетілген.
1942 жылдың 26 желтоқсанында 91-ші танк бригадасына шыққан бұйрығында жауынгер кіші сержант Қожамсейіт Шаяхметұлына "Ерлігі үшін" медалімен марапатталады. Сол жылдардағы батальон командирі Х. Мұстафаевтың жеке жауынгерлік ерліктің және сіңірген еңбегінің қысқаша нақты баяндалуында: "Жауынгер жолдас Шаяхметов 1942 жылдың 19 желтоқсанында Казачий қорған биіктік ауданындағы ұрыстарға қатысып, барлық уақытта бірінші ротамен бірге болды. Жаудың дауыл отына қарамастан рота командирінің бұйрығын тиянақты орындады. Жолдас Шаяхметов жаудың оқ жаудырып тұрған нүктелерін дәл анықтап, соның арқасында КВ №525 танкісімен дұшпанның оқ-дәрі қоймасын жойды", - деп жазылған.
Келесі мәліметте, 1943 жылдың 3 тамызында 91-ші танк бригадасына шыққан бұйрығында жауынгер кіші сержант Қожамсейіт Шаяхметұлына "Қызыл жұлдыз" ордені марапатына ие болады. Мақтау қағазында жазылғандай: "Жолдас Шаяхметов 29.07.1943 жылы Филосово аулында болған ұрыстарда, рота командирінің бұйрығын орындау кезінде біздің бөліктеріміздің алға жылжуына кедергі жасаған отанковый пулеметін байқап, оған қатты жақындап, гранаталармен жаудырып тастады. Ауыл үшін шайқаста ол 14 гитлершілді жойды".
Қожамсейіт Шаяхметұлы гвардия сержанты 5726-шы атқыштар Ново-Бугский Суворов және Б.Хмельницкий дивизия құрамында болды. 1945 жылдың 4 ақпанындағы бұйрығында екінші рет "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталды. "Глувачув" мекеніндегі фашистердің қорғанысында аға сержант Шаяхметов Қожамсейіт қайсарлығы мен ерлігін тағыда көрсете білді. Осы жауынгердің бұйрығымен басшылыққа алынған тапсырма бойынша қосалқы қарулар мен жаудың пулементтен оқ жаудырған екі нүктесі істен шығарылды. Содан кейін жаудың дзот нүктесін үш снарядпен күлін көкке ұшырды. Дұшпанның қарша боратқан оғына қарамастан тура дәлдікпен шегінген жау әскерінің 20 шақты фашисін сұлатып тастады.
Берлин қаласына қарсы жойқын шабуылда батыр атамыз тағы да асқан ерлік көрсетті. Мақтау қағазында жазылғандай: "Шпрее өзенінінен өту барысында 1945 жылдың 23 сәуір күні гвардия аға сержанты Шаяхметов Қожамсейіт ерекше ерлік, тапқырлық пен ептілік танытты. Өз өмірін аямай, жаудың күшті отына қарсы тұрып, қолда бар қару-жарақтың көмегімен "Отан үшін", "Сталин үшін" деп ұрандатып, Шпрее өзенінің сол жағалауына қару жарағын және жаяу әскерді өткізіп, жаяу бірге жаудың күші мен техникасын жойып, плацдармды кеңейтіп, кварталдағы жаудан тазартты. Берлин қаласының Нейкельн ауданында гвардияның аға сержанты Шаяхметов Қожамсейіт өз зеңбірегінен 70-100 метрге жеткізе отырып, дәл көздеп, дұшпанның үйлерге орналасқан жаяу әскерлерінің пулеметшілерін және автоматшыларды, фаустникшыларын жылжыта отырып жойды. Берлин қаласының маныңдағы ұрыс кезінде, Шпрее өзені, Ландвер каналы және қаланың көше ұрыстарында, гвардияның аға сержанты Шаяхметов Қожамсейіт өз қаруларымен: 3 неміс танкісін, 2 өздігінен жүретін техникасын, 4 бронетранспортын, 10 әскери жүктері бар автокөлікті, 40-қа жуық фаустникті, 5 ПТО құралын және 170-ке жуық фашисті жойды. Жеке өзі тұтқынға 21 немісті, оның ішінде 2 капитанды тірідей ұстап, әкеп тапсырған. Шаяхметов Қожамсейіт йКеңес Одағының батыры" атағына лайық. 1945 жылдың 6 мамыры, 64-ші гвардиялық ОИТПД гвардия майоры А.Сафонов" - деп жазылған.
Шаяхметұлы Қожамсейіт соғыста көрсеткен ерлігі үшін 1942 жылы "Ерлігі үшін" медалі, 1943 және 1945 жылдары 2 мәрте "Қызыл жұлдыз" ордені, 1945 жылы "Әскери қызыл ту" ордені, сондай-ақ қаhармандығы үшін І дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" орденімен марапатталған.
1947 жылдың желтоқсан айында Қожамсейіт атамыз туған еліне оралып, бейбіт заманда ауылдағы егіс науқанына қатысады. "Еңбек ардагері" атты атағына ие болады. Үш қыз бала, 9 ұл бала өсіріп, немере сүйіп, 1987 жылы дүниеден озды.
Батыр атамыз туралы туған немересі Лаура Шаяхметова, аулымыздың құрметті азаматы Талғат Құрманұлы және тағы басқа тілші мамандар өңірлік газеттерде өз мақалаларын жариялады.
Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылса да, өзінің тиісті наградасына қол жеткізе алмаған қаhарман атамыз туралы белгілі ғалым, отаншыл азамат Берік Әбдиғалиұлының "Ұмытылған қаhармандар" атты кітабында мәліметтері енгізілген.
Отан соғысының ізінде әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама?! Оны ашып, анықтау белгісіз болып жатқан тағдырларды тауып елге таныту - кейінгі ұрпақтың парызы. Осындай елеусіз жатқан ерлердің бірі - жерлес атамыз Қожамсейіт Шаяхметұлы. Бұл атамыздың өмірі мен ерлігі, шыңдығында да, үлкен құрметке лайық.
Атамыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі, ауылдастары батыр атаны мәңгі есінде сақтайды, мақтан тұтады.
Алғабас негізгі мектебінің география пәні мұғалімі
Кожахметов Тимур Боранбаевич
Көкше-іздеу әскери патриоттық іздестіру клубының мүшесі
Рахимов Ермек Тулегенович