Мухамедиев Садуакас

  • Мухамедиев Садуакас

1941 жылы зұлмат соғыс басталып, Сәдуақас 263-ші атқыштар дивизиясына қатардағы жауынгер болып соғысқа аттанады. Әкей әскерге кеткенде артында үлкені жеті жаста, кішісі алты айлық бір ұл, екі қыз үш бала қалды: Мақыпбек, Нағия және Зейнел. Сәдуақас әкей соғыс жылдарында окопта жатып та кейде отырып, кейде ишаратпен намазын үзбей оқуға тырысатын. Батылдық үшін деп өзге жауынгерлер арақ ұрттап алады екен. "Сен де іш" деп, әкейге қанша ұсынса да, араққа ауыз тигізбей, соғысты бастан аяқ иманын сақтап өткізген. Соғыста басынан кешкендерін айтып беруді сұраған бала-шағаға: "Балаларым, қайтесіңдер сол бір қырғынды. Мақтанып айтатын зат емес. Құдай бастарыңа бермесін!" - деп отыратын. Ерлігін айтсын деп ауылдағы мектеп те шақырқан кезде де барудан бас тартатын. Соғыста жүргенінде "Иә, Алла! Құрымға орап қойса да, елден топырақ бұйыр!", - деп тілейді екен. Ол кісінің соғыста бастан кешкен бірлі-екілі оқиғаларын көбіне балалары ұрлап тыңдап қалған. Өзінің Айтжан деген үзеңгілес жан жолдасы үйге келген кезде, сол кісіге ғана айтатын. "Ой, Сәдеке, осы соғыстан мынаны айтып едіңіз, сол есімде қалмапты", - деп бастайды Айтжан. Кітап оқыған сыңай танытып отырып, балалары Дәния, Мағрипа, Манаттар сол әңгімелерді тыңдап үлгергені бар екен. Бірде Кеңес әскерлері қоршауда қалып, блиндажда 2 қазақ тірі қалады. Оқ борап тұр. Қасындағы майдандас жолдасы Сәдуақас әкейдің әрдайым Құдайды аузына алып, намазын оқып жүргенін көрген: - Әй, Сәдуақас, сен Құдайға қараған адамсың ғой, оның үстіне артыңда ұрпақтарың бар екен, ал мен әлі үйленбедім, сен бірінші шық, - депті. Әкей иманын айтып, майдандас жолдасымен құшақтаса қоштасып: - Алда-жалда бірнәрсе боп кетіп жатса, сен адресті білесің, туғандарыма хат жазып, хабарымды жеткізерсің, - деп, блиндаждан шыққан екен. Содан екі қолды көтеріп, шыға бергенде, денеге екі оқ дарыпты. Бірі иығына, бірі басына тиеді. Тұтқынға түскен адамға дәрігер ота жасап жатушы ма еді. Осы кезде алған жарақатынан денеге дарыған бытыра оқ өле-өлгенше алынған жоқ. Қол көтеріп, бірінші болып шыққанға неміс әскерлері әкейді офицер деп білсе керек, дереу оқ атуды тоқтатып, ишарат жасайды. Немістер өз тілінде бірдеңе дейді, әкей түсінбейді. Қолымен ишарат жасап "қанша адамсыңдар?" деп сұраса керек, қос саусағын көрсетіп "екеуміз" дегенді ишарат етеді. Сөтіп, қасындағы қазақ жолдасы шығып келе жатқанда, окоптың түбінде есінен танып, қайта есін жинап үлгерген бір орыс та басын көтеріп келе жатыр екен, "неге алдайсың бізді?" деп, немістер соққыға жығады. Сол бойы үшеуін тұтқынға алып, айдауға әкетеді. Оқ тиген жерден қан сауғалап, оның үстіне қатты қажыған Сәдуақас әкей есінен танып қалады. Қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір бір есін жиса, екі иығынан екі адам сүйемелдеп келеді: "Әй, Сәдуақас-ау, өлдік қой. Есіңді жисаңшы. Болмаса сені де, бізді де өлтіреді мыналар", - деп қояды. Сол кезде бар күшін жинап, әкей есін жияды. "Соғыс кезінде Қаратал жақтағы бір адам ажалдан алып қалды, қысылса соған бір жақсылықтарыңды жасарсыңдар" деп балаларына өсиет етіп отыратын. Өкінішке орай, ол кісінің есімін толық білмейміз. Сол жүргеннен жүріп келе жатып, Белоруссия жерінде бір алма бағының арасынан өткен екен, әлгі алманы жеп, сыйғанынша қойнына көп қылып жинап алыпты. Кейінде: "Құдай-ау, өмірімде онан тәтті алма жеп көрмедім" деп отыратын. Сол тұтқында "көрсетпегенді көрсетті" дейді атам. Одан бұрын Сталинград түбіндегі шайқаста адам қанынан шұңқырларға қақ тұрады. Аштық пен шөлге шыдамаған кейбір солдаттар сол қанды судан ішіп жатты. Әкей: "Өлсем де, күнәһар болып, адам қанын ішпеймін" деп ауыз тигізбеген көрінеді. Сол шайқастардың бірінде соғыса жүріп, өзеннің келесі бетіне өткен кезде, өзен суы әлі де қызыл-ала болып ағып жатыр екен. Ішуге дәті бармай, не болса да шыдап, өзеннің келесі бетіне өтеді. Жағалауда бекініп, түнді өткереді. Шөл шыдатпаған соң, түнде өзенге еңбектеп барып, алақанымен суды қармап көріп еді, су таза сияқты көрінді. Сол кезде ғана жата қалып, шөлі қанғанша тойып ішеді. Қасында оңтүстік өңірдің бір қазағы болды. Өлгендерді жерлеуге барғанда, әрдайым сағаттарын шешіп алып, жинап жүретін. - Әй, бауырым-ау, қу дүниені қайтесің? Жаның аманат емес пе? - дегенінде - Бір керегі болар. Посылкамен ауылға жіберемін, - деуші еді. Бір қатты ұрыстардың бірінде сол жігіт оққа ұшып өліпті. Әкей әлгі жолдасының сағаттарын басына жастап, бетін жасырып, асыға жерлеп кеткен екен. Наградасы: 06.04.1985 берілген орден Отечественной войны II степени.

Нравится