Әкем Мукажанов Мұқағалидің айтуы бойынша, ол 1925 жылы 4 қазанда бұрынғы Шыңғыстау ауылында туған. Әкесінен 7 жасында қалып, шешесінің қолында тәрбиеленген. Сол жылдары жастығына қарамай қабырғасы қайысып, Шыңғыстау ауылында, жаңадан құрылып жатқан ТОЗ, артель, колхозда үлкендерден қалыспай еңбектенді. Еңбектене жүріп, ауыл мектебінде оқуын да оқыды. Әскер қатарына 16 жасында шақырылып, Томск қаласында кіші командирлер дайындайтын курсқа жіберіледі, осы курсты бітіріп сержант атағын алады. 1943 жылғы 21 қаңтарда майданға аттанады. № 67,127 атқыштар әскери бөлімдері құрамында соғысқа қатысқан. 1944 жылдан 1946 жылға дейін № 368 атқыштар полкінде атқыштар полкінің командирі, 1946 жылңы 1 қаңтардан бастап № 34727 әскери бөлімшесінің бөлімше командирі болып Молдавияның Яссы деген қаласын азат етуге қатысады. Фашистердің беті қайта бастағанда, 11 фронт құрылып, импералистік Жапонияға қарсы тұру үшін, Қызыл тулы атқыштар 293 полкі құрамында, Моңғолияға жіберіледі. Осы соғыста сусыз шөл дала Гови мен Қытайдың Хинган тауын асып өтеді, соғыста көрсеткен ерліктері үшін "Жапония Империалистерін жеңгені үшін" Моңғолияның, "За победы над Японией", "За отвагу", "11 дәрежелі Отан соғысы" ордендерімен, "30 лет Советской Армии и Флота" медальдерімен наградталады. Соғыс аяқталғанда, сол кездегі саясатқа байланысты жасырын МНО шекарасында қалдырылған. Әскерден тек 1950 жылы 28 қаңтарда босаған. Соғыстан оралған соң еңбек етіп жүріп, шешеміз Кульбибі Майқыбай қызына үйленеді. "Ер есімі - ел есінде" демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған әке-шешеміздің ерлігі ешқашан ұмытылмай, артта қалған ұрпақтарының жүректерінде мәңгі сақталады. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Мұқағалиқызы Зәуреш.