Балтабайұлы Сүндет ақсақал 1925 жылы қыркүйектің 21-де Қызтуған ауылы, Манаш ауылдық кеңесі, Қызылбалық колхозы, Новобогат ауданы (қазіргі Исатай ауданы), Гурьев облысында дүниеге келген. Мектеп қабырғасындағы білімді сол Манаш ауылындағы Андреев атындағы орта мектептен алды.
1941 жылы 22-маусымда Неміс басқыншылары КСРО-ға басакөктеп кіріп , Ұлы Отан соғысы басталды. Бас қолбасшы И.В.Сталиннің үндеуімен 16 мен 60 жас аралығындағы ер-азаматтар әскер қатарына шақырылды. Бұл кезде Сүндет ағамыз 9-шы сыныпты бітіріп жатқан болатын. 1942 жылы 10-сыныпты бітірген Сүндет ағамыз желтоқсанның 15-і күні Новобогат аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылды. Бұл кез Сүндет ағамыздың 17 жастан жаңа асқан шағы болатын. Аудандық комиссариаттан Манаш пен Жанбай ауылдық кеңестерінен 250-ге тарта жас жігіттер тіркеуге алынады. 1943 жылдың 3-ші қаңтарында Гурьев қаласына жеткізіліп, 6-шы қаңтар күні вагондарға тиеліп, қазіргі Башқұртстан Республикасындағы Колтубанка станциясына жеткізіледі. Осы жерде 6 ай дайындықтан өткізіп, майданға аттандырылады.
Балтабайұлы Сүндет ақсақал 1943 жылы, алғаш рет 1-ші Прибалтика майданы (бас қолбасшы И. X. Баграмян) шебінің 43-ші атқыштар дивизиясы, 65-ші атқыштар полкі, 1-ші атқыштар ботальоны, 82-ші калибрлі 1-ші минометшілер ротасына, 5-ші расчет құрамында майданға түседі. Сол кезден бастап 1-ші атқыштар ботальонының командирі аға лейтенант Б.Ақжігітовпен, штаб басшысы капитан Н.Москвин, зам.полит капитан С.Кожевников, рота командирі капитан В.Балтрушевичтермен талай шайқастарды бастан кешірді. Тарихта алтын әріппен жазылып қалған 1944 жылдың 8-ші қаңтарында басталған Витебск шайқасына түседі. Витебск, жеңісінен кейін Кёнигсберг қаласын алуға қатынасады. Бұл шайқасқа біздің әскер 1 669 000 жауынгер, 25 426 зеңбірік пен миномет, 3 859 танк, 3 097 әскери ұшақ құрамымен неміс басқыншыларының "Солтүстік" деп аталатын майданына (қолбасшысы генерал Л. Рендулич) қарсы түсті. Бұл шайқас тарихқа "Шығыс Пруссия операциясы" деген атақпен енді. Кенигсберг шабуылы 6-шы сәуірде басталып 9-шы сәуірде жеңіспен аяқталды. Жау талқандалып, қалған қалдығы 22 000 неміс Фрише-Нерунг шығанағына щегініп, сол жерде талқандалды. Шығыс Пруссия үшін болған шайқасҰлы Отан соғысының ең қанды беттерінің бірі болды. Кеңес армиясы 580 000 жауынгерінен айрылды.
Сүндет ағамыз Кенегсбург қаласын азат еткеннен соң, сол қалада жедел түрде танк училищесін оқып бітіріп, Американдық "Шерман- АН-2 М-4" танксіне командир болып отырады. Жеңіспен Балтық теңізі жағалауына жетіп, Каунас, Двинск, Паневежис, Шяуляй, Рига, Клайпеда қалаларын азат етеді.
Осы мезгілде тарихта "Маньчжур операциясы" деген атпен белгілі, Жапон мелитаристік империясына қарсы соғыс науқаны басталады.
1945 жылдың май айында жедел түрде 2-ші Забайкал, 1-ші қиыршығыс майданына, 245-ші ауыртанк полкі құрамында, танк взводының командирі дәрежесінде Жапонның айрықша Квантун армиясына қарсы (қолбасшысы генерал Ямады Отозо) соғысуға жөнелтіледі. Онан соң Маньчжурия, Солтүстік Корея шайқастарына, маршал О.М. Василевскийдің қол астында қатынасады.
9-шы тамыздың таңында Кеңес әскерінің жаппай шабуылы басталады. Кескілескен шайқаста Жапон әскерін жапыра жеңіп, 1945 жылдың 2-ші қыркүйегінде Жапон мемілекеті жеңілгенін мойындап, капитуляция актіне қол қойылды.
"Елім үшін жан пида "- дегендей, Сүндет ақсақалды тағы да бір ауыр сын сағаты күтіп тұрған болатын. Бұл мезгілде Мао Цзэдун бастаған Қытайдың Ұлт-азаттық армиясы Чан Кай-шиге қарсы азаттық күресін жүргізіп жатқан болатын. Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-мен одақтас болған Америка Құрама Штаты енді коммунистік идеологияның ықпалын шектеу мақсатында Чан Кай-шиге көмек көрсете бастады. Ал КСРО болса, И.В.Сталиннің құпия бұйрығымен Мао Цзэдун ұлт-азаттық көтерілісін қолдап, құпия түрде әскери көмек бере бастады.
Сүндет ақсақал Маньчжурияда 1946 жылы құрылған 4-ші Ұлт-азаттық Қытай дала армиясы (қолбасшысы генерал Линь Бяо), 45-ші армиялық корпус, 45-ші мотопехот дивизиясы, айрықша танк ботальоны құрамында (командирі полковник Баранов) взвод командирі дәрежесінде, Американдық "Шерман- АН-2 М-4" танксімен, генераллисимус Чан Кай-шиге қарсы соғыстарға қатынасты. Бұл соғыста Кеңес әскері құрамынан барған нұсқаушы-жауынгерлердің бәрі де Қытай қызыләскері формасын киіп, аты-жөнін қытай тегіне өзгертіп соғысты. Сүндет ақсақалдың аты-жөні Лянь Гунь болатын. Шаньдуннан басталған шабуыл, Янцзы өзеніне дейін жалғасты. Кеңейтілген шабуыл Шаньдун, Хэнань, Аньхой және Цзянсу провинцияларында жүргізілді. 1948 жылдың аяғы 1949 жылдың басында Қытай ұлт-азаттық армиясы Қытайдың Солтүстік-Шығыс бағытында үш шешуші соғыс операциясын өткізді. Сүндет ақсақал соның ішіндегі "Ляоси-Шэньян" (Ляошэнь) операциясына бастан аяқ қатынасып Хуайхай, Бэйпин-Тяньцзинь-Калган шайқастарын бастан кешіп жеңіспен аяқтады.
Сүндет ағамыз Қытай Ұлт-азаттық қызыләскерінің мойоры шеніне дейін көтерілді. Награда 1949 жылдың 1-ші қазанында Пекин қаласының орталық Тяньаньмэнь алаңында жеңіс тойы тойланып, Қытай Орталық Халық Өкіметінің төрағасы Мао Цзэдун, Қытай Халық Республикасының құрылғанын жариялады. Жеңіс тойына арналған парадқа, барлық марапат медальдарын тағып Сүндет ақсақалда қатынасты. Сонымен 1946 жылы басталған Қытай Ұлт-азаттық қозғалысы 1949 жылы жеңіспен аяқталды.
1950 жылдың қаңтарында Кеңес армиясының жауынгерлері ұшаққа тиеліп, барлық марапаттарын: медаль, орден, құжаттарын шекарадан өтерде тапсырып КСРО-ға қайтарылды. Осы 1950 жылы Қытай соғысына қатынасқан жауынгерлер, Кытайда өткізген құпия миссиялары жөнінде 50 жылға дейін мемлекеттік құпия күйінде сақтауға ант беріп елге оралды. Өзінің Қытайдағы құпия миссиясы жөнінде Сүндет ақсақал 2000 жылға дейін тіс жармай келді.
Тек 2003 жылы ғана алғаш рет балаларына Қытай Ұлт-азаттық соғысына қатынасқаны жөнінде айтып, жоғарыдағы деректерді тегіс берді.
Елге оралған соң, 1950 жылы Гурьевтегі жеделдетілген мұғалімдік курсті бітіреді. Сол жылы Маңғыстау ауданына мұғалімдік қызметке жіберіледі.
Киелі Маңғыстауд 1959 жылға дейін Маңғыстау ауданының Сам-1, Сам-2, Таушық, Шетпе, Үштаған елді мекендерінде мұғалімдік қызметте болады. Киелі Маңғыстау жерінде төрт баласы дүниеге келді.
1959 жылы Дамба орта мектебінде мұғалім, кейін Гурьевтегі Вторчерметтің бастығы қызметіне тағайындалады. Онан соң Гурьевтегі Ормансаудасы базасының бастығы, Гурьевжабдықтау базасының бастығы, Халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Эмбамұнайгаз бірлестігіне қарасты ОРС мекемесі бастығының орынбасары, Гурьев облыстық Бытуправление автобазасының бас инженері, облыстық Межколхозстрой мекемесінің кадрлар бөлімінің бастығы, Өнерпаз Домбыт бастығы қызметтерін атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін де қарап жатпай, ел ішіндегі қоғамдық қызметтерге белсене араласып жүрді. Жұбайы Қасымғалиқызы Маржан екеуі дүниеге 7 қыз, 4 ұл әкелді. Балаларының бәрін де мәнді тәрбиелеп, жоғарғы білім алуларына мүмкіндік туғызды. Бұл күнде Сүндет ағамыз 23 жиеннің, 15 немеренің, 17 шөберенің атасы.
Марқұм Сүндет ақсақал 2012 жылдың 30-шы мамырында дүниеден озды.
Марапаттары:
1. Ұлы Отан соғысының 2-ші дәрежелі орденімен;
2. Ерен ерлігі үшін медальімен;
3. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін, жеңіс медальімен;
4. Ұлы Отан соғысында Жапон мелетаристерін жеңгені үшін, жеңіс медальімен;
5. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20-жылдығы медальімен;
6. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 25-жылдығы медальімен;
7. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 30-жылдығы медальімен;
8. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 40-жылдығы медальімен;
9. Лениннің 100 жас юбилейі медальімен;
10. Кеңес Щдағы қарулы күштеріңің 30 жылдығы медальімен;
11. Кеңес Щдағы қарулы күштеріңің 40 жылдығы медальімен;
12. Кеңес Щдағы қарулы күштеріңің 50 жылдығы медальімен;
13. Кеңес Щдағы қарулы күштеріңің 60 жылдығы медальімен;
14. Кеңес Щдағы қарулы күштеріңің 70 жылдығы медальімен;
15. Еңбек Ветераны медальімен.