20 августа 2018 | 15:30

Тепсе темір үзетін жігіттер. Қазақтың алпауыттары

Иллюстрациялық сурет. © kazakh-tv.kz

Астана мен Алматыда өтетін мерекелік іс-шараларда қазақтың ұлттық киімін киген сұңғақ бойлы, жауырыны кең, алып денелі алпауыттарды ілуде бір көріп қалғандарыңыз бар шығар? Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі осы алыптардың кім екенін, немен айналысатынын, қоғамның оларға деген көзқарасы қандай екенін баяндайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астана мен Алматыда өтетін мерекелік іс-шараларда қазақтың ұлттық киімін киген сұңғақ бойлы, жауырыны кең, алып денелі алпауыттарды ілуде бір көріп қалғандарыңыз бар шығар? Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі осы алыптардың кім екенін, немен айналысатынын, қоғамның оларға деген көзқарасы қандай екенін баяндайды. 

Жамбыл облысының тумасы 26 жастағы Жалғас Жанбосыновтың бойы 2 метр 5 сантиметр. Қазір ол Алматыдағы "Арлан Жете" театрының актері. Алайда, оқыған мамандығы мүлдем басқа салада екен.

Реклама
Реклама


Жалғас Жанбосынов. © Жеке мұрағаттан

"Мен Тұрар Рысқұлов атындағы университетті менеджмент мамандығы бойынша оқып, бітірдім. Университет қабырғасында оқып жүріп, баскетболдан құрама командасының ойыншысы болдым. Толығымен өзімді спортқа арнап, салауатты өмір салтын ұстануым университеттен басталды. Университетті тәмамдағаннан кейін Алматыға келіп, Менеджмент университетінің ақпараттар бөлімінде жұмыс істедім. Алғашқы еңбек жолым осы Университеттен басталды", - дейді ол.

Жалғас "Арлан Жете" театрына кездейсоқ тап болғанын айтты.

"Театрға кездейсоқ келдім. "Арлан" арт-театрының жетекшісі, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы, белгілі дизайнер Мүсілім Жұмағалиевпен "Магнум" сауда кешенінің кассасында тұрғанымда кездесіп қалып, ол кісі маған телефон нөмірін қалдырып, хабарласуымды сұрады. Бойым ол кезде де 2 метр болатын", - дейді кейіпкеріміз.

Жалғас театрға жұмысқа қабылдану үшін талаптары бар екенін және ең басты қағида қазақ тарихын білу болғанын айтады.

"Жігіттердің бойы 1,90 метрден асуы керек, ал қыздардың бойы 1,75-тен басталуы керек. Жетекшіміз - Мүсілім ағай өнерге де, өмірге де қатысты ойларын бөлісіп, жігіттердің көзі ашық болуын ұдайы назарда ұстайды. Ең бірінші адамгершілігі жоғары, жаман әдеттен аулақ (арақ ішпейтін, темекі шекпейтін), спортпен айналысатын, өзінің ана тілін жетік меңгерген, елін, жерін сүйетін қазақ жігіті болуы тиіс. Күнделікті болып жатқан жаңалықтардан бастап, ел мен жерге қатысты деректерді білу маңызды. Осы талаптарға жауап бере алмасаңыз, онда сізге деген театрдың есігі жабық", - деді ол.

Көздің жауын алатын алпауыттардың барлық ұлттық киімін театрдың жетекшісі тек нағыз былғары мен жібектен, құнды маталардан өз қолымен тігеді екен. Сонымен қатар, костюмнің бір сауыты 40-45 келіге дейін жетеді һәм жігіттердің салмағы мен бойы талаптың ең біріншісі екені сондықтан болар.

Жалғастың айтуынша, оның бойын көрген адамдар таңғалып, тіпті сенбей тексереді екен.

"Көпшілік өте жылы қабылдайды. Ризамын. Көшеде, мерекелік іс-шараларда жұрт суретке түсуімді сұрап, өздері бірінші болып қолқа салып жатады. "Арлан Жете" театрына жаңадан келгенімде бір қызық болған. Астана қаласында этноауыл атты мерекелік шарасына біздің актерлерді шақырған болатын. Шет жақтан келгендер бізді бірінші рет көріп тұрғандар суретке түсуімізді сұрап біткеннен кейін аяғымыздан басып, тексеріп "Шын мәнісінде осыншалықты биіксіңдер ме?" деп таңғалып, көздері жетіп тұрса да әрең иланды. Осындай кездер жиі болады, себебі расында сену қиын",  - деп күлді Жалғас.

Актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім де әлі күнге дейін "Арлан Жете" театрының мүшесі. Бойы 194 сантиметр танымал актер шығармашылық жолын осы театрдан бастаған екен. 

"Тәуекелдің карьерасын "Арлан" театрында бастағанын көпшілік біле бермейді. Ол бүгінге дейін театр құрамында", - делінген театрдың Instagram желісіндегі парақшасында.

Ал ШҚО, Жарма ауданының тумасы, 23 жастағы Аслан Сапарғалиев өзінің алыптар әулетінен шыққанын және биік бойдың тұқымында бар екенін айтады.


Аслан Сапарғалиев. © Жеке мұрағаттан

"Қазір бойым 202 сантиметр, салмағым 115 келі. Өзім алыптар әулетінен шыққанмын. Бойымның биіктігі әкем жаққа тартқан-ау шамасы. Себебі, әкемнің бойы 185-190 сантиметр аралығында, ал нағашы жағымнан атамның бойы 185-187 шамасында болған", - дейді ол.

Асланның айтуынша, ол ШҚО техникалық университетінің энергетика факультетін бітірген. Мамандығы бойынша жұмыс істеп үлгермей, бірден театрдың актері ретінде жұмысын бастаған.

"Университетті мен тек биыл бітірдім. Ол кезде мен Мейрамғали Кипиев деген ағамызбен сөйлесіп, жөн сұрасып жүретінмін. Қазір ол кісі туысымдай болып кетті. Сөйтеп Мейрамғали ағам "ВКонтакте" желісінде "Высокие люди Казахстана" атты паблик ашқан. Ішінде "Арлан" театрының актерлері де бар болатын. Мен ол кісіге "Осы театрға барғым келеді, қалай түссем болады?" деп сұрап алып, сөйтіп 2017 жылдың наурыз айында "Арлан" театрында жұмыс істей бастадым. Студент кезімде күзетші болып жұмыс істегенім болмаса, мамандығым бойынша әлі жұмыс істеп көргенім жоқ", - дейді Аслан.

Театрда бойдан гөрі, ой бағаланатынын екі кейіпкеріміз де атап өтті.

"Бірінші кезекте адамның адамгершілік қасиеттері жоғары бағаланады. Түр әлпеті, бойы, келбеті келісіп тұрса да, мінезі жаман адам ешқандай жерге сыйыспас. Оған қоса біздің театр топтық жұмыс болғандықтан, бір-бірімізге деген сыйластық, бір ауыздан түсіне қою маңызды. "Бойымдай бой табылса да, Ойымдай ой табылмас" демекші, ең маңыздысы бізде адам болып қалу", - дейді жігіттер.

Сонымен қатар, Аслан да "Қазақ хандығы", "Алтын тақ" атты фильмдерде Керей мен Жәнібек ханның нөкерін сомдап, батыр болып ойнаған.

"Мен түрлі жанрдағы актер болғым келеді. Әмбебап, яғни қай рөлді берсе де, алып кететін актер болу арманда бар. Тек армандап қоймай, оған талпыныстар жасап, актерлік курстарда өзімді сынап жүрмін. Бірақ, мен жоспарлағаныммен де, бағыма қарай шығар. Айым оңынан туып жатса, актерлік дара жолымды бастау жоспарда бар", - дейді Аслан.

Өз кезегінде Жалғас та бірнеше фильмде түскенін әрі болашақта немен айналысқысы келетін айтты.

"Арманымен - ер сұлу, орманымен - жер сұлу" демекші армандамайтын жігіт жоқ шығар. Біраз фильмнің эпизодтарына қатыстым. "Алмас қылыш" фильмінде Керей ханның қасындағы батырын сомдағанмын. Арманым кино саласында тарихи аты бар актер болғым келеді. Тарихи, бұрынғы кездер жаныма жақын. Солардың ішінде сұлтан Бейбарыс", - дейді Жалғас.

Жігіттердің айтуынша, шетелде оларға деген сұраныс өте жоғары. Тіпті осы уақыт аралығында олар 10-15 елді шарлап, әлем көрген.

"Біз жыл сайын Наурыз мейрамынан бастап, Республика деңгейінде өткізілетін іс-шаралардың барлығына қатысамыз: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Универсиада, EXPO... айта берсең көп. Ал шетелге келер болсам, Париж, Рим, Мәскеу, Санкт-Петербург, Алтай өлкесінде және тағы басқа жерлерде болып, қазақ халқының тепсе темір үзетін жігіттері қандай болатынын көрсетіп қайттық. Шетелде бізді көбінесе басқа ұлт өкілдеріне ұқсатып, біресе жапон, біресе корейлермен ұқсастық тапқысы келіп, өзіне тартып жатады. Алайда, сондай сәтте Қазақстанымның көк туын желбіретіп "Біз Алтай қазақтары емеспіз, тіпті жапон мен қытай емеспіз, қазақпыз! Қазақтың жігіттері бек осындай болады. Әлі де болар" деп мақтанып, марқайып қаламыз", - дейді жігіттер.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram