РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
09 мая 2018 | 11:14

"Соғысты тірілткен қойылым". Жастарды театрға тартудың жолы қандай?

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© sxodim.com © sxodim.com

Бүгін 9 мамыр - Жеңіс күні. Жыл өткен сайын соғыста көзімен көргенін әңгімелеп берер батыр ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Өскелең ұрпақтың тарихты, ата-бабаларымыздың ерлігі мен бейбітшіліктің таңы қалай атқанын білуі өте маңызды. 


Бүгін 9 мамыр - Жеңіс күні. Жыл өткен сайын соғыста көзімен көргенін әңгімелеп берер батыр ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Өскелең ұрпақтың тарихты, ата-бабаларымыздың ерлігі мен бейбітшіліктің таңы қалай атқанын білуі өте маңызды. 

Жуырда Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Сайын Мұратбековтің "Жусан иісі" еңбегінің желісімен спекталь қойылды. Соғыс жылдарындағы бір ауылдың тыныс-тіршілігін бейнелеп, сол кездегі балалардың мұңын, майданға кеткен әкелер мен ағаларға деген сағынышты, махаббатты жеткізе білген қойылым туралы қоғамдағы пікір де соншалықты сезімтал, жағымды. Сол кездерде өмір сүру қаншалықты ауыр болса да Отанын сүйе білген жастардың тағдырын сахнадан тамашалаған балалар театр есігінен жылап шығып жатты.

Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі театр мен патриотизм тақырыбында "Жусан иісі" спектаклін қойған режиссер, актер Жұлдызбек Жұманбайдың пікірін білді.

Театр - жастарды отансүйгіштікке баулудың төте жолы 

Жұлдызбек Жұманбайдың айтуынша, театр адамның жан дүниесіне, сана-сезіміне әсер етіп, рухын оята алатын ұлы қасиетке ие. Сондықтан, жастардың театрға барып, тарихпен, мәдениетпен етене жақын болуы қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды.

"Соғыс жайында айтылған әңгімелер, соғыс кезінде түсірілген фильмдер, ерліктер адамның жүрегінде мәңгі сақталады. Батырларымыздың ерлігін ұмытуға болмайды. "Жусан иісі" де сол мақсатты көздеген еді. Ол қойылымда соғыс кезіндегі қиындықтар бейнеленіп, сол кездегі балалардың Отанға деген махаббатын жеткізуге тырыстық. Олар тай-құлындай тебісіп ойнақтайтын кезінде соғысқа кетті, Отаны үшін жандарын берді. Театр - айна. Одан өзіңді көресің. Театр тарихқа көз салып қарайды. Сондықтан ел мен жерге арналған қойылымдар болса өз Отаныңа деген махаббатыңның қаншалықты екенін саралауға болады", - дейді ол.

Режиссердің айтуынша, қазіргі бейбіт заманның балалары үшін отансүйгіштікті жіті ұғына білу аса маңызды. Ал, ел мен жерге деген сүйіспеншілік туралы ауызбен айтып, кітаппен оқыту аздық етеді.

"Патриотизм дегеннің өзі не? Әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Қиындыққа мойымай, сол қиындықта бір болу, достық, көмектесу бұл да - отансүйгіштікке жатады. Соғыс кезінде әр үйден қаншама ұрпақ кетті, сол үшін ұмытпай, ерлікке тағзым етіп, өскелең ұрпақ сол тарихты көзімен көруі тиіс. Тарих Отанға деген көкірек көзіңді ашады. Соғыс кезінде адамдар бір уыс бидайын, бір үзім нандарын бөлісіп жеген. Осының барлығы патриотизм, тәрбие, рухты көтеру. Спектакль арқылы осы қасиеттерді сана сіңдіріп, жүрекке жеткізуге болады. Ауызбен айтып, құлақпен есту бір бөлек, көзбен көріп, сезімді ояту бір бөлек дүние", - деді Жұманбай.

Жастарды театрға сүйрейтін - сапа

Шыны керек, қазір "жастарды кітап оқымайды, театрға бармайды", дейтіндер көп. Олай болса жастарды мәдениеттің мекені театрға тартудың жолы қандай?

"Театрда жақсы қойылым қойылса, жастар міндетті түрде барады. Қазіргі жастардың ырғағы өзгеше, талғамы да жоғары. Шетелге барады, бармаса интернет бар, көреді, бізде де сондай деңгейде болса дейді. Жақсы дүние ешқашан жерде жатпайды. Сондықтан, сапалы қойылым қоюға ұмтылу керек. Бізде дыбыс, жарық түсіру жағынан да мамандар жетіспейді, соларды оқыту керек. Заман дамыған сайын, қалып қоймай, қоса дами түскен абзал. Әлем классиктерін сахналау да маңызды, себебі оларды оқыған бір бөлек, көрген бір бөлек. Көрермен әсер алып, тірідей көргендей болып қайтады. Театрдың құдыреті - кейіпкерді тірілту. Театрға келген адам өзгеріп қайтады. Себебі сол сахнадағы кейіпкермен бір залда отырғандай, сөйлескендей болып, әлеміне енеді. Театр өнерінің бір қасиеті - осы. Кейіпкермен бетпе-бет келу. Осы мәселеге көп көңіл бөлу керек, сонда көрермен де көп болады", - дейді ол.

Түрлі талғамға түрлі бағыттағы театр қажет 

Ресейді "театрдың Меккесі" деп жатады. Осы көрші елде режиссерлікті оқып келген Жұлдызбек Жұманбайдың айтуынша, театрдың түрлі бағытта, түрлі ұстанымда болуы көрерменнің қызығушылығын оятады. Дегенмен, театр көрерменінің көп болуы әр елдегі халық санына да байланысты.

"Ресейде екі жыл білім алдым. Ол елде әр театрдың ұстанған өз ұстанымдары бар. Орыс балетінің өзі бір бөлек үлкен мектеп. Олар француздардан, гректерден келген өнерді күрделендіріп береді. Бір Мәскеудің өзінде театрдың саны жүзден асады және олар біріне-бірі ұқсамайды. Әр түрлі бағытта, жалықтырмайды. Әр театрдың өзіндік айырмашылығы, ұстанған бағыты болады. Репертуар да әртүрлі. Халықтың талғамы әр түрлі, сондықтан әр талғамнан шығатын әр түрлі театр болуы керек. Халықтың саны да әсер етеді. Бірақ, қазір қазақстандық театр көрерменінің саны көбейіп келеді. Қазір бар театрларымыз да түрлі бағытта қойылым қойып жүр. Бізге ұлттық өнерді көбірек қою керек. Сонда жаңа ағым, жаңа бағыт пайда болады. Әйтпесе, қазір мемлекет театрларымызды қаржыландырып отыр. Үкіметтен одан басқа қандай қолдау керек? Ресейде тіпті, кейбір театрлар - коммерциялық. Ал, ол оңай дүние емес", - деді Жұлдызбек Жұманбай.

Айта кетейік, соғыс кезіндегі өмірді "тірілткен" қойылым "Жусан иісі" спектаклін 10 мамырда  Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында тамашалауға болады.

Бұл қойылымнан алған әсерін әнші Мейрамбек Бесбаев та Instagram парақшасында жазған болатын. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети