Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының актрисасы Наз Жекенова мезгілсіз дүниеден өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл мәліметті театрдың директоры Асхат Маемиров растады.
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының актрисасы Наз Жекенова мезгілсіз дүниеден өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл мәліметті театрдың директоры Асхат Маемиров растады.
Театр директорының айтуынша, Жекенова бір жылдан бері ауыр дертпен күресіп, көз жұмған. Сонымен қатар, марқұммен қоштасу рәсімі 27 сәуірде сағат 10.00-де Әуезов атындағы театрда өтетіні белгілі болды.
Жекенова Наз Құрманғазықызы - 1979 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қарасаз орта мектебін және Мұқағали Мақатаев атындағы өнер мектебін бітірген. 1998 жылы Қазақ Мемлекеттік Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының музыкалық драма факультетіне түсіп, 2002 жылы үздік дипломмен бітірген. Актриса 2002 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданған.
Ұлттық классика мен заманауи драматургияда Наз Жекенова Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпанында" Айман, "Абайында" Қарлығаш, Дулат Исабековтің "Әпкесінде" Гауһар, Кәмила, Мұқағали Мақатаевтың "Қош, махаббатында" Бану, Иран Ғайыптың "Мен келемінде" Ақмұнар, Роза Мұқанованың "Мәңгілік бала-бейнесінде" балерина және тағы басқа спектакльдерде басты рөлдерде ойнаған.