ПОДЕЛИТЬСЯ
14 июня 2018 | 13:22
Қазақ тарихынан ойып орын алған тұлғалардың домбырасы қайда сақтаулы?
Күні кеше, 13 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп айқындаған еді. Бұл күнді атап өтудің мақсаты - қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі қазақ тарихында ойып тұрып орын алған тұлғалардың домбырасы қазіргі таңда қайда сақтаулы тұрғанын анықтап көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Күні кеше, 13 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп айқындаған еді. Бұл күнді атап өтудің мақсаты - қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі қазақ тарихында ойып тұрып орын алған тұлғалардың домбырасы қазіргі таңда қайда сақтаулы тұрғанын анықтап көрді.
Динаның домбырасы
Аты аңызға айналған күйші Дина Нұрпейісованың домбырасы "Назарбаев орталығының" материалдық мәдени-тұрмыстық заттар қорында сақтаулы. Күй анасының ақ батасымен бірге келген домбыраның тарихы мынадай: Болат Сарыбаев - 1927 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының негізін салушылардың бірі белгілі ұстаз Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың баласы. Дина Ұлы Отан соғысы кезінде біраз уақыт Сарыбаевтар үйінде тұрады. Болаттың музыкалық қабілетін байқаған Дина Нұрпейісова "Болатжан балам, мына домбыраны сақтап, ойнап үйрен" деп өзінің домбырасын сыйға тартады. Күйшінің "Өмірімдегі ең асылым осы - домбыра, көзімдей көріп жүр" деген сөзі Болат Сарыбаевтың көңілінде жатталып, бар ғұмырын қазақтың музыкалық аспаптарын жинап, ән-күй мұрасын зерттеуге түрткі болады. Қазақтың маңдайына біткен дәулескер күйшіден мирас қоңыр домбыраны 1939 жылы шебер Арыстан Ермеков жасаған екен.
Кененнің домбырасы
Әйгілі Кенен ақынның ақындық, әншілік өнеріне бастау болған көне домбыра Қордай ауданы, Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейде сақтаулы тұр. Ақын бұл домбыраны он бір жасында ұстаған екен. Бала Кененнің өнерге ынтықтығын байқаған ақынның туыс ағасы Еркебай Базарұлы мұны өз қолымен жасап беріпті. Талай ән мен жырдың дүниеге келуіне себепші болған, Кенен кеңістігінің көркем деңгейге көтерілуіне жол ашқан бұл домбыра ауылдың, ауданның ғана емес, тұтас өнерсүйер қауымның құнды жәдігері. Ғасырдан астам тарихы бар қара домбыраны ақынның қызы Төрткен Кененқызы музейге сыйлаған екен. Қазақ тарихындағы қилы кезеңдердің куәсі болған Кенен ақынның тағдыр жолы оңай болмаған. Қос бірдей перзентінен айырылып, арманда қалған ол "Базар-Назар" деген қасіретті әнін шығарады. Базар мен Назарды жоқтап салған әні әлі күнге дейін тыңдарман құлағында.
Сүгір жыраудың домбырасы
Он алты жасында қолына домбыра алып, алқалы топқа танылған Сүгір жыраудың қара домбырасы ұрпақтарының үйінде сақтаулы. Қасиетті аспап, сол қалпында. Әлі күнге өңдеуден өтпеген күйінде тұр. Ұрпақтары домбыраны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету парызымыз деп отыр. Немересі Жәнібек Өтелгенұлының айтуынша, домбыра 1916 жылдары жасалған. Домбыраның қасиеті Сүгір атамыз жыр айтып жатқанда дауысы алдына түсіп отыратын ерекшелігі бар екен. Құрылысы да қазіргі аспаптардан бөлекше пішінде. Қақпағында сегіз тесігі бар. Құлақ жанындағы кішкене тиегі алып-салынатын болған.
"Мұны Өтетілеу деген Сүгір атамыздың ағайыным сол жасап беріп, екі домбыра жасап берген. Сосын Сүгіржан сен біреуін ал деген кезде, екеуін тартып қарап, біреуін алған. Маңғыстау да енді ағаш жоқ. Шанағын бәрін осы шай келет дейді осы шетеннен жасалған дейді. Осы домбыра Сүгір атамыздың өзінен тартқан кезде озып отырады дейді", - депті сұхбаттарының бірінде жыраудың немересі. Ал, Сүгірдің ұлы Өтелгеннің көзі тірісінде айтқан әңгімесінде домбыраны жасаған Сарман деген шебер екендігін мәлімдеген. Ол кісі қырықмылтық Қарасай, Тәжік жырауларға да домбыра жасап берген.
2004 жылы Сүгір жыраудың 110 жылдығына орай Қызылсай ауылындағы орта мектепке есімі беріліп, алдына алып ескерткіші қойылды. 120 жылдығында аталған білім ордасынан мұражайы ашылған. Жыраудан қалған құнды жәдігерлер сонда орналастырылған.
Жамбылдың домбырасы
© el.kz
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың бүгінге дейін үш домбырасы сақталған (Суретте 1936 жылғы домбырасы). Екеуі өмірің соңғы жылдары тұрған, ал қазірде мәдени ескерткіш мұражай болған үйінде сақталған. Ал бір домбырасы Алматыдағы Ықылас атындағы Республикалық музыка аспаптар мұражайында мұражайында сақтаулы тұр.
Әуезов тапсырыс беріп арнайы жасатқан домбыра
© kostacademy.kz
Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың тапсырысы бойынша арнайы жасалған ұлттық аспап қазіргі таңда Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов мырзаның ізденпаз еңбегінің арқасында Академияның мұражайында сақтаулы тұр. Бұл мұражайдағы ең құнды, әрі тарихи көне жәдігер ретінде сақтаулы. Бүгінгі күні домбыраның қыр-сыры зерттеліп, Мұхтар Әуезовтің өз қолымен тартқан домбырасы екені дәлелденіп жатыр.
Амангелді батырдың домбырасы
© www.egemen.kz
1916 жылы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Амангелді Имановтың домбырасы Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Домбыраның қордағы реттік нөмірі - 1619. Ұзындығы шамамен алты қарыс. Шанағының көлемі сопақша һәм қапталы, беті, сыртқы сауыр дүмі бөлек-бөлек шабылып, асқан шеберлікпен жымдастыра құрастырылыпты. Перне тағылған қу мойнының шанақпен құйысқан тұсынан бастап қос ішектің бітеу тұйығы бекітілген шегесіне дейін домбыраның сырты сүйекпен көмкерілген.
Қазанғаптың домбырасы
ҚР мәдениет қайраткері, күйші әрі зерттеуші Мұрат Әбуғазының мәліметінше, қазақтың ұлы күйші-композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының домбырасы Қазанғап күйлерінің республика жұртшылығына танытуға, насихаттауға ұланғайыр еңбек сіңірген майталман домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовтың үйінде сақтаулы тұр.
Ақан серінің домбырасы
Ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының домбырасын Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің қызы Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейіне 2017 жылдың қыркүйегінде тапсырған еді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек салтанатты шараға арнайы қатысып, мұражай қорын өз қолымен толықтырған.
Абайдың екі шекті домбырасы
© psu.kz
Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының екі ішекті домбырасы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музейінде сақтаулы. Инвентарлық нөмірі - 000051. Ұзындығы 96 сантиметр, дека - 17,5х39 сантиметр. Домбыра қарағайдан жасалған.
© psu.kz
Абайдың үш ішекті домбырасы да бар. Ол Семейдегі Абай музейінің экспозициясына қосылған.
Махамбеттің домбырасы
© psu.kz
Қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы Махамбет Өтемісұлының екі ішекті домбырасы да Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музейінде сақтаулы. Инвентарлық нөмірі - 000052. Ұзындығы 90 сантиметр де, декасы - 17,5х35 сантиметр.
Біржанның домбырасы
Қазақтың әйгілі ақыны, сазгер Біржан Қожағұлұлының домбырасы 000053 деген инвентарлық нөмірмен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музейінде сақталған. Ұзындығы 93 сантиметр, ал дека - 18х39,5 сантиметр.
Показать комментарии
Читайте также