ПОДЕЛИТЬСЯ
20 декабря 2018 | 12:52
Әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклы қазақ ұғымына барынша жақын тәржімаланды - Серікзат Дүйсенғазы
Астанада Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi премьерасы ɵттi. Бұл қойылымға Notre dame de Paris мюзиклының авторы, италиялық әрі француз композиторы Риккардо Коччанте, қоюшы режиссер Роберт Мариен, мюзикл продюсері Николя Талар, хореогроф Мартино Мюллер қатысып, қазақстандық әртістердің жұмысына жоғары баға берген болатын.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Астанада Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi премьерасы ɵттi. Бұл қойылымға Notre dame de Paris мюзиклының авторы, италиялық әрі француз композиторы Риккардо Коччанте, қоюшы режиссер Роберт Мариен, мюзикл продюсері Николя Талар, хореогроф Мартино Мюллер қатысып, қазақстандық әртістердің жұмысына жоғары баға берген болатын.
Алғаш рет 1998 жылы Париж қаласында қойылған мюзикл әлемнің 9 тіліне аударылған. Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел болып отыр. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі туындыны қазақ тіліне тәжімалаған белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазымен сұхбаттасқан еді.
Серікзат Дүйсенғазы осы мюзиклды аударуға шақырылғаны және оған қандай талаптар қойылғаны жайлы әңгімеледі. Ақынның айтуынша, туындының авторларына бірнеше аудармашының жұмыстары ұсынылған.
"Әлемге әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклының авторлары мен продюсерлеріне бірнеше аудармашының жұмысы ұсынылды. Өзім аударған либреттоның жобалары таңдалғаннан кейін біз арнайы Францияға барып, авторлармен тікелей жұмыс істей бастадық. Белгілі италиялық-француз композиторы, аты аңызға айналған Notre Dame de Paris мюзиклының авторы Риккардо Коччантемен сұхбаттасқанда, ол бірнеше талап қойды", - дейді ақын.
Айтуынша, аудару кезінде артық көркемдіктің немесе керемет бір поэзияның болуы шарт емес еді.
"Аударма француз мюзиклының түпнұсқасына әрі қазақ халқының ұғымына өте жақын болу керек деген талап қойылды. Сондай-ақ, ең бастысы, қазақ тілінде аударма барша көрерменге бірдей ұғынықты болу қажет. Басқаша айтқанда, мюзиклді тамашалауға келген зиялы қауым өкілі де, қарапайым халық та қатар отырып либреттоны түсіну керек болды. Менің ойымша, қойылған талаптардың барлығы орындалды және бұл мюзиклдің премьерасы болған күні толығымен дәлелденді", - дейді Дүйсенғазы.
Сондай-ақ, ол әлемге әйгілі спектакльдің құндылығына тоқталды.
"Бұл мюзиклды әлемге мәшһүр алпауыт елдердің барлығы аударды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығы аясында, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің үлкен еңбегі нәтижесінде біздің еліміз Орта Азияда алғаш рет аударған мемлекет болып отыр. Ол - біз үшін құндылық ретінде үлкен мақтаныш. Гиннестің рекордтар кітабына енген музыкалық спектакльдің бірнеше әні үздік әндер қатарында болған. Дәстүрі бірнеше ғасыр бұрын қалыптасып, мықты театр сыншыларының бағасын алу мюзиклдің ұсқындылығын көрсетеді", - дейді ақын.
Бұдан бөлек, Серікзат Дүйсенғазы мюзиклды аудару процесі қалай өткені жайлы сұрақтарға жауап берді. Айтуынша, мұндай әлемдік деңгейдегі озық туындының қазақ тіліне аударылуы үлкен еңбек пен төзімділікті қажет етті.
"Либреттоның қазақ тіліне аударылуына мюзикл авторы әрі композиторы Риккардо Коччанте мен атқарушы продюсері Алмас Алтынбеков үлкен еңбек сіңірді. Мәселен, Риккардо Коччанте либреттоның аударылу барысында қазақ тілдегі аудармасындағы әрбір сөзге ерекше мән беріп, қазақ тіліне аударылған нұсқасын қайта аудармашыларына француз тіліне аудартып, мағынасына үңіліп таңдау жасады. Ал Алмас Алтынбеков Францияға барғанда да әрбір аударылған мәтінді әнге салып мюзикл авторларына тыңдатып отырды. Сондықтан, мәтіні жатық, айтылуға жеңіл шыққан болса Риккардо Коччанте мен Алмас Алтынбековтың да қолтаңбасы бар деп айтар едім", - дейді ақын.
Мұнымен қатар, Серікзат Дүйсенғазы мюзикл авторының тек кейбір жерлерде ұлттық дүниетанымға қатысты және көрермен қабылдамайтын дүниені өзгертуге рұқсат бергенін айтады.
"Әр ұлттың өзінің дүниетанымы, менталитеті болады. Француздардың тілінде айтылатын кейбір элементтер біздің менталитетімізге келмейді. Соған аса мән бердік. Риккардо Коччанте мәтін түпнұсқадан ауытқымағандығын айтып, тек кейбір жерлерде ұлттық дүниетанымға қатысты, көрермен қабылдамайтын дүниені өзгертуге рұқсат берді. Мысалы, шығарманың тақырыбының өзі - тікелей аударсақ "Париж Құдай ана соборы". Мәтін ішінде "О, Құдай ана" деген сөздер бар. Біз оны "Әз Ана" деп алдық. Қазақта қасиетті мағынасында "Әз ана, Әзиз ана, Ғазиз ана" дейді. Соған байланысты шығарманың мәтінінде "О, Әз Ана, сұраймыз біз сізден пана" дегенде, ананың мейіріміне мұқтаж мағынада алдық. Осындай жерлерді өзіміздің менталитетке қарай реттедік", - дейді ақын.
Мюзикл премьерасын мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ ашқан болатын.
Мұхамедиұлы әлемге әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклының қазақ тілінде сахналануы еліміз үшін үлкен мәртебе екенін айтты.
"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы мен Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында тәуелсіз Қазақстанның мәдени тарихында әлемге әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклының қазақ тілінде сахналануы еліміз үшін үлкен мәртебе. Әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған Notre Dame de Paris мюзиклы - Гиннестің рекордтар кітабына енген озық туынды. Дүниежүзі бойынша 11 миллионнан аса көрермен тамашалап үлгерген үздік шедевр әлемнің тоғыз тіліне аударылған. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел болып отыр", - деген еді мәдениет және спорт министрі.
Айта кетейік, ерекше атмосфера сыйлайтын француз шансоны желiсiндегi мюзиклдi 24 желтоқсанға дейiн Бейбiтшiлiк жəне Келiсiм Сарайында тамашалауға болады.
Суреттер ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметінен
Показать комментарии
Читайте также