РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
17 ноября 2021 | 15:04

"Тістерін балғамен қаққан". Дюплесси жетімі жантүршігерлік оқиғасын әңгімеледі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дюплесси жетімдері Дюплесси жетімдері

"Шешем туберкулезбен ауырды. Емге келетін жағдайда емес еді. Ал әкем қарызға белшесінен батып, үй бетін көрмеді. Оның үстіне, ол хат танымайтын, ешқашан тұрақты жұмысы болған емес. Отбасымызда бала көп болып, ата-анамыз кейде қаржылай қысылатын, бірақ ешқашан қараусыз қалған емеспіз. Сол шақтары үйімізге провинциядағы католиктер келіп, жағдайымыздың тұрақсыздығын пайдаланып, мені және әпкемді жетімдер үйіне алып кетті. Олар бізге бар жағдай жасалып, қажетті білім алуымызға көмектесеміз деп үйдегілерді сендірген екен. 11 жасыма дейін сонда болдым. Кейін мені ештеңені түсіндірместен психиатриялық ауруханаға ауыстырды", - деп бастады бізге сұхбатын геноцид құрбаны Кларина Дугвей.


"Шешем туберкулезбен ауырды. Емге келетін жағдайда емес еді. Ал әкем қарызға белшесінен батып, үй бетін көрмеді. Оның үстіне, ол хат танымайтын, ешқашан тұрақты жұмысы болған емес. Отбасымызда бала көп болып, ата-анамыз кейде қаржылай қысылатын, бірақ ешқашан қараусыз қалған емеспіз. Сол шақтары үйімізге провинциядағы католиктер келіп, жағдайымыздың тұрақсыздығын пайдаланып, мені және әпкемді жетімдер үйіне алып кетті. Олар бізге бар жағдай жасалып, қажетті білім алуымызға көмектесеміз деп үйдегілерді сендірген екен. 11 жасыма дейін сонда болдым. Кейін мені ештеңені түсіндірместен психиатриялық ауруханаға ауыстырды", - деп бастады бізге сұхбатын геноцид құрбаны Кларина Дугвей.

Дюплесси жетімдері туралы сұрағанымызда ол бірден бас тартуды ойлағандай. Алайда өткен ғасырдың ортасында Канаданың Квебек қаласында болған жантүршігерлік жағдайды әңгімелеуге келісімін берді. 1936 жылы дүниеге келген канадалық әйел бұл оқиғаны күрсіне еске алды. 300 мыңға жуық бала санқилы медициналық экспериментке ұшырады, зорланды, тең жартысы азаппен өлді. "Тозақты тірідей көрген жетімдердің" тірі қалғаны бүгінде егде жастан асты. Tengrinews.kz тілшісі олардың жанайқайын тыңдады.

Квебектегі жантүршігерлік геноцидтің құрбандары туралы ақпарат көп емес. Оның белгілі себептері бар. Бүгінде Дюплесси жетімдері аталып кеткен канадалықтар бұл сұмдықты есіне де алғысы келмейді.

Морис Дюплесси. © wikipedia.org

Неге Дюплесси жетімдері?

1936 жылы ұлтшыл және католик Морис Дюплесси Квебектің премьер-министрі болып сайланып, жағдайы нашар отбасылардың басына әңгіртаяқ ойнатады. Геноцид осыдан басталады. 

Дюплесси билігінің тұсында жергілікті газеттер жабылды, қарсылас партия өкілдері қудаланды, округтік кәсіподақтардың құқығы шектелді. Одан бөлек, провинциядағы нәсілі мен діні басқа азаматтар қоғамнан шеттетілді. Алайда ол тұрғызған режимнің нағыз кесапатын буыны қатаймаған бозбалалар көрді. Квебек премьері жетімдер мен жағдайы нашар отбасылардың балаларын шіркеуге жинап, адам сенгісіз азапты өмірге дайындай бастады. Кейіннен олардың қатарына заңсыз некеде туған нәрестелер де қосылды. Дюплесси шіркеудегі балалардың барлығын тұл жетім санап, оларға мемлекет тарапынан көмек керегін сан мәрте мәлімдеген. Ал шын мәнінде айтып отырған көмегі - психиатриялық емханадағы медициналық эксперименттер еді...

"Тозақтағы азаптар"

Кларинаның айтуынша, психиатриялық емханадан бастап өмірінің астан-кестеңі шығады.

"Оларға еден жуатын, дәретхана тазалайтын әрі асүй заттарын таситын қыздар керек екен. Бастапқы бірнеше күнде айналысқан шаруам осы болды. Оң-солын танымайтын, ауру шешесін сағынып жүрген мен үшін бұл қиын кезең еді. Сөйтсем, нағыз тозақ енді басталған екен.

Олар, ең алдымен, мұздай, өте төменгі температурадағы суда бірнеше сағат ұстап, төзімділігімізді тексеруден бастады. Кейін еш себепсіз ұрып-соғу қосылды. Атауы жазылмаған дәрілерді аузымызға тығып, өте қорқынышты тәжірибелер жасады. Ең сұмдығы - лоботомия. Талай бүлдіршіннің көзін ойып, темір құрылғылар орнатты. Олардың жанайқайы әлі құлағымнан кетпейді. Ешқандай да анестезия болмағанын да біле отырыңыздар. Бақырып, есі танғандарын есірткімен тынышталдырды. Айтпақшы, есірткі дозасын анықтау үшін де бізді құрбандыққа шалды. Әр есірткіден кейін есеңгіреп, тіліміз тартылып қалатын. Мұнымен сұмдық бітпейді. 11-12 жастағы қыздар зорланып, сексуалдық қысым көрді. Кейбірінің тістерін балғамен қақты. Шынтуайтында, мұның барлығын тізбектеп отыру маған оңай емес. Түсіністікпен қарасаңыздар екен. Қысқа қайырсам, сұрауы жоқ екенімізді біліп, білгендерін жасады", - дейді Кларина Дугвей.

Сент-Джулиен психиатриялық емханасының дәрігерлері

Ешкім жақ ашпаған

Кейіпкердің айтуынша, олардың шашын тықырлап алып, мойындарына шынжыр байлаған. Ал тәртіпке бағынбағандарды бір жыл бойы карцерде ұстапты.  Бұл жағдайды көріп-білгендер көп болса да, ешкім жақ ашпаған.

"Квебектегі Денсаулық сақтау министрлігі мыңдаған балаға қарсы зұлымдық жасалып жатқанынан хабардар болды, бірақ олар ешқандай шара қолданған жоқ. Бұл масқара ғой. Тек қана олар емес, Морис Дюплесси билігіндегі жоғары лауазымды барлық шенеунік біліп отырды. Ешқайсы саусағының ұшын да қимылдатқан жоқ, өйткені олардың өз мүддесі болды. Оларға қосымша жұмыс күші, одан қалды медициналық тәжірибеден өтетін тірі адам керек еді", - дейді ол.

"Аман қалудың басқа амалы қалмады"

Кларинаның сөзінше, емханаға келген жетімдердің бәрінің ақыл-есі дұрыс болған.

"Менімен бірге болған барлық құрбанның психикалық ауру еместігін растай аламын. Десе де, біздің медициналық картамызды жойып, жаңасына ауытқуы бар деп қосып қойды, бірақ ауру бойынша нақты ем-дом жасаған емес. Өздерін саумыз дегендерді ұрып-соғып, бастарына зақым келтірді. Кейін көбіміз қорыққаннан өзімізді шын психикалық ауытқуы бар адамша ұстай бастадық. Өйткені аман қалудың басқа амалы қалмады. Сау адамның аурудың күнін кешкені қаншалықты ауыр екенін білсеңіздер ғой", - дейді ол.

Дәрігерлер жетімдерге электр соққысымен мәжбүрлі ем жасап жатқан сәт

Қалай құтылып шықты?

Кларинаның әпкесі 6 жылдан кейін емханадан қашып кетеді. Кейін ол өз бауырының да босатылуына сеп болады.

"Бағана айтқанымдай, психиатриялық емханада әпкем екеуміз бірге болдық. Бір күні үнемі жанымнан қалмайтын Симонені таба алмай қалдым. Жалғыз бауырымды өлтіріп тынды-ау деп ойлап едім. Сөйтсем, Симоне лагердегі кезегінде қашып кетіпті. Содан ол бірден әкемді тауып, менің емханада зорлық көріп жатқанымды жеткізеді. Дереу босатуымды сұраған әкемнің өтініші бірден қабылданбады. Елдегі саяси биліктің күші әлсіреп, жан-жақтан жиналған ата-аналардың наразылығымен түбі босап шықтым. Шынымды айтсам, тағы да бірнеше күн кешіксе, өліп кетуім әдбен мүмкін еді. Өйткені әпкем қашқаннан кейін қысым арта түсті", - дейді Дугвей.

Бостандықтағы қиындықтар

Ол бұған дейін де көптеген қоғам белсенділері мен ата-аналардың Квебектегі құқық органдарына шағым қалдырғанын жеткізді. Алайда мемлекет оларға балалардың керемет жағдайда білім алып жатқанын алға тартқан.

"Жақын туыстарымызға біздің білім алып жатқанымызды алға тартыпты. Қайдағы білім? Бір кітаптың бетін де ашқан емеспіз. Дюплесси жетімдерінің білімі жоқ болды. Үш сөзден құралған сөйлемді де оқи алмайтынбыз. Ол ештеңе емес. Біз қоғамда болып жатқан өзгерістен мақұрым қалдық. Ешқандай жаңалық, техника бізге жеткен емес. Бостандыққа шыққанда адамдармен қарым-қатынас орнату үшін сөздік қорымыздың аз екенін білдік. Неге десеңіз, біздің әңгімеміз бас изегеннен ары аспайтын", - деді Кларина.

Квебектегі Sœurs de la Charité жетімдер үйі

Неге ешкім жауапқа тартылмады?

Кейіпкер геноцид ұйымдастырушылар тиісті жаза алмағанына қынжылады. Оның айтуынша, қалталы әрі лауазымы жоғары билік өкілдері жалтарудың жолын оңай-ақ тапқан.

"Бұл сұрақ бәрімізді де мазалайды. Әрине, бірнешесін жазалап, абақтыға қамады, бірақ нағыз күнәһарлар шетте қалды. Өмір деген әділетсіз ғой. Мұның барлығын ойлаған сайын жүрегім ауырады. Дюплесси жетімдерінің азабына қатыстылардың барлығы өте жоғары лауазымдағы шенеуніктер болғанын айтқым келеді. Олардың қатарында Квебектің бұрынғы премьер-министрлері және мемлекеттік аппараттағы бірнеше министр болды. Одан бөлек, АҚШ-тан да пайда көрген бай-манаптар болды. Олар бірге ауыз жаласып, коррупцияға батып, заңды белшесінен басты", - дейді ол. 

Қорлықтың өтемақысы

Оның айтуынша, бұл жағдайдың әсері әлі күнге дейін өзекті. Кларина Дугвей көрген қорлықтың өтемақысын қалайды.

"Геноцидтен тірі қалғандар әлі күнге дейін жетісіп өмір сүріп жатқан жоқ. Олардың мойнында өте қорқынышты әрі еске алғың келмейтін естелік бар. Бізді ауру деп ресми түрде жұмысқа алмай жүрді. Құжаттарымызды әрең жөндеп берді. Бүгінге дейін оған да қол жеткізбегендері бар. Мемлекет тарапынан толыққанды өтемақы болғанын қалаймыз. Біздің балалық шағымызды ешкім де қайтарып бере алмайды, бірақ тым құрығанда қарттығымызда атымызға кір келгенін қаламаймыз. Бұл жағдайды жылы жауып қоюға болмайды", - дейді геноцид құрбаны.  

Кларинаның Монреальдағы серуені

Кейін өмірі қалай өзгерді?

Кларина бірнеше жылдан кейін тұрмысқа шығады, бірақ ол өз күйеуі мен балаларына 1991 жылға дейін өзінің Дюплесси жетімі екенін айтпа келген. 

"Бостандыққа шыққаннан кейін Гаспезиде бірнеше жұмыстың басын шалдым, бірақ жақсы айлық төлейтін жер таба алмадым. Өйткені білімім жоқ, оған қоса медициналық картамда ауру деп көрсетілген. Кейін Монреальға көшіп, киім тігетін фабрикаға жұмысқа тұрдым. Сонда болашақ күйеуімді кездестіріп, тұрмысқа шықтым. Арамызда алты бала бар", - дейді ол.

Кларина Дугвей өз отбасымен

Кларина Дугвей басынан өткерген сұмдық жайтты ешкімге айтпаған екен, тіпті, күйеуі мен балалары да білмеген.

"1991 жылдары Дюплесси жетімдері туралы алғаш рет айтыла бастады. Барлық әлемдік БАҚ біз туралы білгісі келді. Ал мен өз отбасыма геноцид туралы ешқашан айтқан емеспін. Бір шетінен олардың мені мүсіркегенін қаламасам, екінші себебі - ұят көрдім. Сол кездер өте қиын кезең болды. Жақындарыма шындықты айту емханада көрген қорлығымнан да ауыр көрінді. Бірде теледидардан Квебек геноциді туралы сюжет болып жатты. Сол кезде күйеуім мен балаларымның барлығын отырғызып қойып, өз шындығымды бастан аяқ айтып бердім. Жақындарымның болған жайтты өз аузымнан естігенін қаладым. Күйеуім есінен талып қала жаздады, ал балаларым бірінен соң бірі жылай берді. Олар мені қолдап, менімен бірге әділдік үшін күресетінін жеткізді. Мен мықты адаммын, мұны айтуға да батылдық таптым. Сол күннен бастап менің өмірім екі рет өзгерді. Көп адам бұл туралы ауыз ашқысы келмейді, сондықтан да Дюплесси жетімдері туралы ақпарат аз. Өте ауыр тақырып біз үшін. Менің өзім де бір журналистің қисынсыз сұрағынан кейін орнымнан тұрып кетіп қалған едім", - деп сөзін аяқтады ол.

Кейінгі деректер бойынша, Дюплесси режимінің құрбандары 300 мынңан асады. Соның ішіндегі 200 мыңы сатылса, қалған бөлігі психиатриялық емханаларда қорлық көрген.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Кларина Дугвейдің жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети