25 августа 2021 | 17:22

Ауғанстанда тәліптерге қарсы бас көтергендер кім?

Фото: Reuters

Ауғанстанда тәліптер билігіне өтпеген бір ғана провинция қалды. Бұл - Панжшер. Бүгінде бұл өңірде тәліптерге қарсы күш құрылған. Қазір қос тарап келіссөз жүргізіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Панжшер провинциясына қатысты кейінгі жаңалықтарды шолып шықты. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ауғанстанда тәліптер билігіне өтпеген бір ғана провинция қалды. Бұл - Панжшер. Бүгінде бұл өңірде тәліптерге қарсы күш құрылған. Қазір қос тарап келіссөз жүргізіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Панжшер провинциясына қатысты кейінгі жаңалықтарды шолып шықты. 

Тәліптерге кім қарсы шығып жатыр?

"Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым - еск.) билігіне өтпеген жалғыз провинция - Панжшер. Кабулден солтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Аумағы мен халық саны бойынша елдегі ең кішкентай өңірлердің бірі саналады. Бұл провинцияда 140 мыңнан аса тұрады. Оның басым бөлігі - тәжіктер. 

Реклама
Реклама

Биыл тамызда дәл осы Панжшерде тәліптерге қарсы күш құрылған. Мақсаты - елді "Талибан" қозғалысынан босату. Бұл қарсы күшті Ахмад Масуд басқарады. Ол - 1990-жылдары осы тәліптермен соғысқан командир Ахмад Шах Масудтың ұлы.  


Ахмад Масуд. Фото: Reuters

Сондай-ақ, бұл қозғалыстың құрамында Амрулла Салех те бар. Ол ел басшысы Ашраф Ғани Ауғанстаннан қашып кеткеннен кейін өзін уақытша президент етіп жариялаған. Панжшерде Амрулла Салехты қолдайтындар көп. Себебі қазіргі уақытша президент осы провинцияда туған.  


Амрулла Салех. Фото: Reuters

Ахмад Масуд басқаратын күште бүгінде мыңдаған сарбаз бар. Олардың ішіне жергілікті адамдар мен бұрынғы мемлекеттік қарулы күштің әскері кіреді. Әскерилер шегінген кезде қаруымен, брондалған техникасымен, ұшақтарымен осы Панжшерге жиналған.

Бірақ бұл жасақта нақты қанша адам бары белгісіз. ТАСС мәліметінше, бұған дейін тәліптерге қарсы күштің өкілдері елдің түкпір-түкпірінде 100 мыңға жуық сарбазы бар екенін, бәрі  Панжшерде жиналса, "Талибанға" қарсы шыға алатынын айтқан. 

"Талибан" Панжшерде де билікті өз қолына алмақ

Ауғанстанды түгелдей дерлік жаулап алған тәліптер Панжшерді де өз қарамағына алмақ. Al Jazeera телеарнасының мәліметінше, "Талибан" қозғалысы Панжшерді бақылаусыз қалдыруға келіспейді.   

"Панжшер өңірі - еліміздің бір бөлігі, ол жақта болып жатқан жағдайға жол бермеу керек", - деді "Талибан" саяси кеңсесінің өкілі Мухаммед Наим.


Фото: Reuters

Бірақ әзірше "Талибан" бұл жағдайды бейбіт түрде шешуге ұмтылып жатыр. Қозғалыс өкілінің айтуынша, олар "Ауғанстандағы проблемаларды диалог пен бейбіт жолмен шешкісі келеді".

Мұндай пікірді кеше қозғалыс өкілі Забихулла Муджахид те баспасөз мәслихатында айтқан болатын. 

"Забихулла Муджахид Панжшер провинциясында соғыс болмайтынына 80 пайызға сенімді екенін айтты", - деп хабарлады 1TV телеарнасы. 

Тәліптер Панжшерге жетті

РИА Новости мәліметінше, кеше тәліптер делегациясы Панжшерге жетті. Агенттікке "Талибандағы" дереккөз провинцияны шайқассыз басып алмақ екенін айтты. 

Дереккөздің айтуынша, делегация Ахмад Масудпен келіссөз жүргізбек. 

"Тәліптер делегациясы бүгін таңда Панжшерге жетті. Келіссөз нәтижесінде Панжшер шайқассыз беріледі деп күтіп отырмыз", - деді дереккөз. 


Фото: Reuters

Сонымен қатар, "Талибан" Панжшердегі жағдайды реттеуге Ресей ықпалы көмектеседі деп сеніп отыр. Бұл туралы РИА Новостиге қозғалыс саяси кеңсесінің өкілі Сухейль Шахин айтқан. Шахиннің сөзінше, ресейлік тарап "Ауғанстандағы бейбітшілік пен татулыққа өз үлесін қоса алады".

Панжшер берілуге дайын ба?

"Талибан" өкілі Забихулла Муджахид бүгін Shamshad News телеарнасына берген сұхбатында ел үшін маңызды мәлімдеме жасады. Ол алдағы уақытта Панжшер провинциясындағы қозғалыспен бейбіт келісім болатынын айтты. 

"Біз Панджшердегі адамдармен байланыстамыз. Ақсақалдармен, абыройлы тұлғалармен келіссөз жүргізіп жатырмыз... Келіссөз жақын арада проблеманы соғыссыз шешеді", - деді ол. 


Фото: Reuters

Reuters мәліметінше, соғысты тәліптерге қарсы Ахмад Масуд та қаламайды. 

"Алдағы әрекеттің ең дұрыс нұсқасы келіссөз екенін тәліптер түсінгенін қалаймыз", - деген болатын Масуд. 

Әзірше, келіссөз нәтижесі қандай болары белгісіз. Бірақ өткен аптада Масудтың жасағы жаулап алған Бано, Дех-Салех, Пуль-э-Хесар аймақтары таяуда тәліптер билігіне қайта өткен болатын. Осылайша, "Талибанға" қарсы адамдардың жалғыз жері Панжшер болып тұр. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram