Тәліптер Ауғанстанды басып алғаннан кейін ондағы өмір күрт өзгерді. Арада 7 аптадан астам уақыт өтті. Қазақстанда және бірнеше елде террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Талибан" үкіметінің саясаты қандай? Ауғанстандықтардың тіршілігінде не өзгеріс бар? Tengrinews.kz тілшісінің мақаласынан оқыңыз.
Тәліптер Ауғанстанды басып алғаннан кейін ондағы өмір күрт өзгерді. Арада 7 аптадан астам уақыт өтті. Қазақстанда және бірнеше елде террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Талибан" үкіметінің саясаты қандай? Ауғанстандықтардың тіршілігінде не өзгеріс бар? Tengrinews.kz тілшісінің мақаласынан оқыңыз.
Елден кетушілердің қарасы азаймады
Ауғанстан Ливия мен Сомалиді басып озып, туристер үшін ең қолайсыз мемлекеттердің көшін бастады. Сырттан келушілер тұрмақ, өз халқы елден кетуге мәжбүр. Қазір Ауғанстан астанасындағы жағдай бірқалыпты деу қиын-ақ. Тәліптер билікке келген бойда Кабулда және басқа да қалаларда, сондай-ақ, шекара бойында бақылау-өткізу пунктерін орнатты. Келушілер мен кетушілердің құжаттарын тексеріп, олардың көздеген мақсатын білу мақсатында сауалнама өткізіп жүр. The Times мәліметінше, тексеріс бірнеше сағатқа созылуы мүмкін.
Айналымда ақша жоқ
Қазір ел қолма-қол ақшаның нарықта азаюынан қысылып, қаржылық дағдарысқа ұшырады. Ауғанстан экономикасы тәліптер келмей тұрып та нашар еді. 2017 жылы халықтың 55 пайызы кедейлікте өмір сүрсе, БҰҰ болжамынша, 2022 жылдың ортасында жағдайы нашар отбасылардың көрсеткіші 97 пайызға жетуі мүмкін. Тәліп кеденінің басшысы Хайратан Маулви Саид сауда-саттық салығы төмендегенін мәлімдеп, елге инвесторлар тартпақ болса да, Кабулдағы ахуал өзгеретін түрі жоқ.
Сауда-саттық тоқтады
Қаланың шет-шетінде базарлар қаптап кетті. Елден кеткендер жиһаздарын және жеке мүліктерін сатып үлгерген екен. Саудагерлер қолда барды нарықтағы бағадан 2-3 есе төменге өткізе алмай бастары қатқан. Сонымен қатар, көпшілікке арналған мейрамаханалар мен киім дүкендері де қаңырап тұр. Халықтың азық-түліктен басқаға мүмкіндігі жетпейді.
Қабырғадағы суреттер
Бұрын кез келген тірі жанның, тіпті жануарлардың да суретін ілуге қарсылық танытқан тәліптер әзірге қабырғада ілінген суреттер мен карикатуралар бойынша бір шешімге келмеді. Бүгінге дейін Ауғанстан қалаларында сан алуан картина ілулі тұр.
Хиджаб 2 есеге қымбаттады
Кабул тәліптердің қолына өткелі елде бет пен денені толық жабатын әйелдерге арналған дәстүрлі киім-кешектің бағасы көкке ұшты. Жаңа биліктің талабы бойынша, әйел адамдар тек хиджаб киген жағдайда оқып, жұмыс істей алады.
Университеттерде мұғалім жоқ
Интернетте "Талибандардың" туын ұстаған әйелдер Кабул университетінде дәріс алып отырғанын суретін кездестіруіңіз мүмкін. Дегенмен, қазір елдегі оқу орындарында көптеген мұғалім өз еркімен жұмыстан шығып, көзге көрінуден жасқанып қалған.
Еркектердің де стилі өзгерді
Көзге қатты түсетін ерекшелік деп ер азаматтардың батыс киімдерінен бас тартқанын айтуға болады. Мемлекеттік қызметкерлер бұған дейін классикалық үлгідегі костюм киген еді, бірақ енді олар дәстүрлі комбинациядағы шальвар-камизға (ұзын көйлек, кең шалбар) ауысты.
Кабулдағы крикет...
"Талибан" өкілдері бұған дейінгі билігінде спорттың кез келген түріне үзілді-кесілді қарсылық танытқан еді, алайда бұл жолы өз көзқарастарын өзгертсе керек. Жастар бұрынғыдай крикетпен айналысып, Чаман-и-Хозори паркіндегі дәстүрлі жекпе-жекті үзбей көреді. 3 қыркүйекте тәліптер келгеннен кейінгі алғашқы крикет ойыны өтті. Айта кету керек, матчке жиналған көрермендер арасында бірде-бір әйел болмады.
Сақал қырқуға болмайды
Тәліптердің қатаң тәртібі тек киіммен шектелген жоқ. Гильменд елді мекенінде шаштараздарға ер азаматтардың сақалын қырқуға тыйым салынды. Сонымен қатар, оларға жұмыс барысында музыка қоюға болмайды.
Еске салайық, тәліптер 1996-2001 жылдар аралығында да өз әмірін жүргізген еді. Бұл жолы екінші рет билікке келген олар мемлекет саясатының түбегейлі өзгергенін алға тартып, демократияға жол ашатынын мәлімдеген.
Автор: Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер: Reuters