РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
03 апреля 2019 | 10:03

Затаевичке ән орындап берген қазақ әншілері

ПОДЕЛИТЬСЯ

Затаевич халық әншілерінің арасында Затаевич халық әншілерінің арасында

Биыл қазақ халық әуені нотасын қағаз бетіне алғаш түсірген музыкант-этнограф Александр Викторович Затаевичтің туғанына 150 жыл болды. Музыка маманы қазақ халық әуен-күйлеріне арнап екі кітап жазған. "Қазақтың 500 әні мен күйі" атты зерттеуінде ол әрбір әуезді үн мен өлең сөзіне анықтама беріп, нотасын түсірген. Tengrinews.kz тілшісі Затаевичке ән орындап берген қазақтар жайлы мәлімет іздеді.


Биыл қазақ халық әуені нотасын қағаз бетіне алғаш түсірген музыкант-этнограф Александр Викторович Затаевичтің туғанына 150 жыл болды. Музыка маманы қазақ халық әуен-күйлеріне арнап екі кітап жазған. "Қазақтың 500 әні мен күйі" атты зерттеуінде ол әрбір әуезді үн мен өлең сөзіне анықтама беріп, нотасын түсірген. Tengrinews.kz тілшісі Затаевичке ән орындап берген қазақтар жайлы мәлімет іздеді.

Зерттеуші өзі кітабында өзіне ән орындап бергендер жайлы аз-кем мәлімет берген. Автор ән орындап берген адам туралы ғана емес, туындының қай жерде, қандай жағдайда жазылғаны, өлеңнің мағынасы жайлы ақпарат берген. 


Александр Викторович Затаевич

Александр Затаевич қазақ халқының музыкаға деген сүйіспеншілігін кітабында атап өткен. Оның ойынша қазақтардың ақындық өнерге тумасынан жақын болуы, оның қоршаған ортамен күнделікті байланысын алға тартады. 

"Менің қазақтардың музыкаға жақындығы олардың бағзы заманда әртүрлі ұлттардан тарағаны бір себеп деп ойлаймын. Өйткені бұл жерлерде кезінде түрік, моңғол, ариліктер өмір сүрген. Міне, осындай халықтардың сіңісуі бұл ұлтқа өзінше бір ерекшелік берген шығар. Оған қоса ақындар мен әншілердің халық әндерін орындауымен естіген адамды баурап алатын қасиеттері бар. Олардың ән орындау кезіндегі дем алуы, әуезді үн шығаруы, сөздердің ырғақтығы. Мұның бәрін көрген кез келген вокалист таңданысын ғана білдіретін еді. Сондай-ақ олар әнді өзіндік ақындық ырғаққа салып орындағаны таңғалдырмай қоймайды", - дейді ол.  

Затаевичтің таңғалдырған ақындар мен әншілер жайлы айтар болсақ. Олар әлі күнге дейін ел есінде сақталып, ән-жырлары халықтың құлағы мен аузында. Олардың ішінде Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов сынды тұлғалар бар. 

Затаевич ақын, композитор Ғаббас Айтбаевты өзінің әр өлеңін жан-дүниесімен беріліп айтатынын атап өтеді. Оның сөзінше, Ғаббас өз тыңдармандарына жағымпазданып ән салмайды. Бойында тәкаппарлану пен мақтану мүлде жоқ. Керісінше тыңдаушыларды өзімен ән-жырымен баурап алады. Осылайша Александр Затаевич Айтбаевтан он екі ән жазып алған.

"Ғаббастың мақтауға лайық қасиеттері жетерлік. Ол сыпайы және әдепті. Ең алғашқы рет мен оны 1926 жылы көрдім. Ғаббас ол кезде 44-те еді. Ол бет әлпеті нағыз түрікке ұқсайтын. Меніңше ол әкесі Айтбайдың өнерін өзіне де сіңіріп алған секілді. Мен оны алғаш ән орындауын естігенде таңырқадым. Ол Мәскеуде болған кезде мен оны танымал испаниялық гитарашы Андрес Сеговияға тыңдаттым. Ол "Ғаббас таңғажайып ақын" деді", - деп жазады Александр Затаевич.

Музыка маманы Ғаббастан орындауында бірнеше әуеннің ноталарын жазып алған. Олардың ішінде "Ардақ", "Қанапия" "Қосбасар" әндері бар. Қарқаралының тумасы Ғаббастың музыкатанушы ғалымға әнді қалай орындап бергені жайлы да ақпарат бар. 

"Ноталарды қағазға түсіру үшін біз Ғаббас екеуміз ауылдан шет жерге шығып жайғастық. Мен оны бетегелі, тербеліп жатқан көлдің маңында тыңдадым. Ол қолына домбыраны алып "Ардақ" пен "Қанапия" әндерін орындады. Мен оны жатып тыңдадым. Сол уақытта мен аспанда қалықтап ұшып жүрген ірі он екі қыранды санадым. Мінекей, осындай қоршаған ортада оның әні ерекше естілді. Мен бұл әнді бұрында білетінмін, ол менің бірінші кітабыма енген. Бірақ Ғаббас орындауында бұл ән өзгеше шырқалды. Меніңше, оның шырқауы жеңіл, теңіз толқыны тәрізді, оған домбыраның жоғарғы дыбыс беретін ішегін қосыңыз. Ғаббастың орындауындағы "Ардақ" сайын даланың тыныштығын, ай жарығының жайлылығын білдіреді", - дейді Затаевич.  


© ortalyk-kyz.kz

Ашық интернет мәліметтері бойынша, қазақ халық ақыны, композитор Ғаббас Айтбаев - 1882 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Карл Маркс атындағы колхозында дүниеге келген. 1920 жылдан КОКП мүшесі болған. 1922 жылы Қарқаралыда өткен халық ақындарының айтысында бірінші орын жеңіп алған. Әкесі Айтбай-Арқаның белгілі әнші-композиторларының бәрі. Ол 1927 жылы Москвада Советтердің төртінші съезі делегаттарына ұйымдастырылған концерттерде жұртшылық назарына ілігеді. Сол жылы өлкен театрда этнографиялық концертке қатысып, зор абыройға ие болады. 

Айтбаев қазақ ауылын советтендіруге белсене ат салысып, өзінің туған жерінде өмірінің соңына дейін ауыл совет төрағасы болып қызмет еткен. Ол Қазыбек би селосында жерленген.


Қали Байжанов. © silkadv.com

Затаевич Қали Байжановтың дарыны туралы да өз кітабында жазған. Оның сөзінше, Қали жайлы ол Қарқарылаға бармай жатып естіген көрінеді. Бірақ музыкатанушы онымен біраз уақыт көрісе алмаған екен. Себебі әнші ауыл-аймақты аралап ән шырқап жүрген.

"Қарқаралыға барған кезімде Қали мені тауып келді. Ол өте әдемі атымен шауып келген. Ол денесі тығыз, орта бойлы. Оның дауысы ырғақты алысқа жететін нағыз баритон. Оның даусы Қали Байжановтың даусына қарама-қайшы десем қателеспеймін. Ол - музыка адамы. Мәскеуге қонаққа келген кезде, мен оған фортепианода сүймелдедім. Оның жуан дауысы өзгеріп шыға келді. Ол еш қысылмастан кең далада шырқап жүрген әндерін фортепиано үнімен бірге шырқады. Сондай-ақ қатесіз, ноталарға сәйкестендіріп шырқады", - деп жазады Затаевич. 

Муызкатанушы Қалидың мәскеуде үш апта бойы аралап, кейін зерігіп, туған жеріне оралғысы келгенін айтты. Қали Байжанов Затаевичке "Құлтума", "Құдаша", "Шама", "Ырғақты" сияқты әндерді орындап берген.

Қали Байжанов 1877 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында Қайыңкөл деген жерде дүниеге келген. Байжановтың әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында "әнші бала" атанған.


Қали Байжанов. © pavlodarlibrary.kz

Ол ата-анасынан ерте айырылып, жоқшылық көріп өскен. Он бесінде кірешілерге ілесіп Қоянды жәрмеңкесіне барған жас әнші талай әнші мен күйшінің өнерін тамашалайды. Біржан салдың ән салғанын көріп, Жаяу Мұсаның өз ауызынан "Хау-лау", "Гауһар қыз", "Сапар" және "Ақ сиса" әнін үйренеді.

"Қазақстан": Ұлттық энцклопедиясындағы" мәлімет бойынша, Байжанов ұлы Абайдың алдында да ән салған. Кемеңгер ақын жас әншінің өнеріне риза болған. Байжановтың әншілік жолына бағыт-бағдар беріп баулыған, өзіндік ән айту мәнерін қалыптастырған Арқа еліне атағы жайылған Жарылғапберді Жұмабайұлы болған. Байжанов Қозыкенің "Топайкөк", Шама Нұрұлының "Шама", Ақан серінің "Сырымбет", "Құлагер", Біржан салдың "Жанбота", Бүркітбайдың "Ақбет" әндерімен қоса "Ардақ" және тағы да басқа халық әндерін асқан шеберлікпен орындаған.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды радиокомитетінде хор артисі және әнші болып қызмет атқарған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Орталық музейінде өтіп жатқан көрмеде қонақтарға музыкант-этнографтың фотоматериалдары, мақалалары, кітаптар, әртүрлі түсініктемелер мен әуендердің ноталық жазбалары ұсынылды. 

Экспонаттың қатарында "Қазақ халқының 1000 әні", "Қазақтың 500 әні мен күйі", "1925 жылы Әліби Жангелдинге берген қолтаңбасы" және фотосуреттер мен хаттар сақталған. Айта кетейік мұндағы кейбір хаттар мен жазбалар Орталық Мемлекеттік архивтегі қорында сақтаулы түпнұсқаның көшірмелері. Бірақ музейдің қызметкерлері оған қарамастан бұл жазбалардың барлығы экспонат ретінде саналатынын айтты. Көрме 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады.

Автор: Мақсат Мамбетжан

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети