РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
11 октября 2019 | 11:05

"Өмірге қайта келгендей болдым". Қатерлі ісікті жеңген зағип музыкант

ПОДЕЛИТЬСЯ

Саида Қалықова © instagram.com/mahabbatesen Саида Қалықова © instagram.com/mahabbatesen

Саида Қалықова 9 жасында көз жанарынан айырылған. Музыка әлеміне енді қанат қағып келе жатқан оның арманы бір сәтте күл болғандай көрінді. Себебі 8 жасында оның миында қатерлі ісік бар екені анықталып, ота жасалған. Саиданың айтуынша, басына жасалған ота салдарынан оның көру жүйке жүйесі зақымдалған. Басқа түскен істен кейін оның өмірге деген күш-жігері одан әрі арта түскен. Мектепті үздік бітірген ол кейіннен "Болашақ" бағдарламасы бойынша Италияда білім алып қайтқан. Ал 2017 жылы еліміздегі "100 жаңа есім" ұлттық жобасының тізіміне енген. Tengrinews.kz тілшісі ерекше жанмен әңгімелесті.


Саида Қалықова 9 жасында көз жанарынан айырылған. Музыка әлеміне енді қанат қағып келе жатқан оның арманы бір сәтте күл болғандай көрінді. Себебі 8 жасында оның миында қатерлі ісік бар екені анықталып, ота жасалған. Саиданың айтуынша, басына жасалған ота салдарынан оның көру жүйке жүйесі зақымдалған. Басқа түскен істен кейін оның өмірге деген күш-жігері одан әрі арта түскен. Мектепті үздік бітірген ол кейіннен "Болашақ" бағдарламасы бойынша Италияда білім алып қайтқан. Ал 2017 жылы еліміздегі "100 жаңа есім" ұлттық жобасының тізіміне енген. Tengrinews.kz тілшісі ерекше жанмен әңгімелесті.

Дүниеге төрт мүшем сау болып келдім

Бала кезінен жан-жақты болған Саида - Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының тумасы. Бүгінде ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясында пианист болып қызмет етеді. 

"Жалпы дүниеге төрт мүшем сау болып келгенмін. 1991 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Өзімді жан-жақты болдым деп айта аламын. Кішкентайымнан кітап оқуға қызығып, тоқыма, би үйірмелеріне қатыстым. Үйіміздің жанында галерея болатын. Соған жиі барып тұратынмын", - дейді Саида.


Саида Қалықова © facebook.com/saida.kalykova

Саида мектеп қабырғасын үздік тәмамдағаннан кейін колледжге артынша жоғарғы оқу орнына түскен. Оқу орнында алғырлығы мен еңбекқорлығымен көзге түскен Саидаға Италиядағы өнер консерваторияларының бірінен тәжірибеден өтуге шақырту келген. Артынша Италиядан оған білім гранты тағайындалған.

"2009 жылы маусымда мен үшінші курс оқып жүрген кезде Италия елшілігі 6 айға тәжірибеден өтуге жолдама берді. Ол 2010 жылы қаңтардан басталуы керек болды. Бірақ мені алда мемлекеттік емтихандар күтіп тұрғандықтан тек екі айға барып келе алатынымды жеткіздім. Сөйтіп мен Флоренциядағы консерваторияда тәжірибеден өтіп, концерт беріп, сертификат алып қайттым. Сол жылы сәуірде министрліктен Италиядан маған магистратура бағдарламасы бойынша білім алуға грант бөлінді. Мен үшін бұл үлкен мәртебе болды. Бірақ шақырту алғаннан кейін бірінші жылы бара алмадым. Себебі іштей ойланып, толғанып жүрдім", - дейді музыкант.


Саида Қалықова © instagram.com/bolashaq_kz

Музыкант болуды бала кезінен армандаған Саидаға өмірдің сынына түскен сәтінде музыка әлемін зерттеп, белгілі музыкант атануға еш кедергі болмаған.

"Көз жанарымнан айырылғаннан кейін музыканы қайтадан қолға алу маған еш қиын болған жоқ. Себебі музыка - ол менің жан өнерім. Бала күнімнен музыка әлеміне енуді армандаған мен үшін ота жасағаннан кейін маған қатты әсер етті. Көңіл-күйім жоқ кезде музыкаға кірісіп кетемін. Жалпы музыка мектебіне 8 жасымда барғанмын. Сол кезде үйренген нәрселер көз алдымда қалып қойған. Ота жасалғаннан кейін, алғашында мұғалімдерімнің көмегі арқылы үйреніп жүрдім. Қазір анам көмектесіп жатыр", - дейді Саида.

Өмірге қайта келгендей болдым

Басына ота жасалғаннан кейін бала Саида ештеңені түсіне алмаған. 

"Алғашында дәрігерлер бәрі жақсы болады деп айтып, бұл жай қараңғылық деп түсіндірген. Енді ол кезде кішкентай баламын. Артынша көз жанарымнан айырылғанымды түсіндім. Әрине, алғашқы күндері қиын болды. Себебі барлығын қайтадан үйренуге тура келді. Басқаша айтқанда, өмірге қайта келгендей болдым. Бірақ өмір үйретеді бәрін. Одан кейін біраз уақыт ауылда болып, артынан Оралға қайтып келдім", - дейді музыкант. 


Саида Қалықова © instagram.com/bolashaq_kz

"КлеменТони" шығармасының тарихы

Саида Флоренцияда білім алып жүрген кезінде отбасылық достары Клементина мен Энтониге арнап шығарма жазған. 

"Бұл шығармам ерлі-зайыпты Клементина мен Энтониге арнап жазғанмын. Ол кісілердің отасқандарына 34 жылдай болған. Олар - біздің отбасылық достарымыз. Флоренцияда оқып жүрген кезімде ол кісілер маған қолдау көрсетіп жүретін. Өте қарапайым әрі қайырымды отбасы. Олар әрдайым бірге айырылмай жүретіндіктен достары оларды қос аққуға теңеп, КлеменТони деп атап кеткен. Шығармамның атауының да негізі сол. Бұл туындымды оларға сый ретінде тарту еткенмін", - дейді Саида. 

Бұдан бөлек Саиданың шығармашылығында 20-ға жуық туынды бар. Соңғы жазған шығармаларының бірі Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына арнап жазылған. 

"Соңғы туындыларымның бірі - ол астанамызға арнап жазған "Мираж" атты туындым. Бұлай атау себебім - мен елордамызды сағымға теңейтінмін. Астанамыз жайқалып жатқан, әсем қала ғой. Сонымен қатар, соңғы жазған туындыларымның бірі "Самұрық құс" деп аталады", - дейді музыкант.


Саида Қалықова © instagram.com/bolashaq_kz

Саида Қазақстанның бірнеше қаласында және шетелде көптеген концерт берген. 

"Жеке концерттерімді еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал қалаларында бердім. Басқа қалаларда шығармашылық кеш беруге мүмкіндік болмады. Сонымен қатар, шетелде: Түркияда, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында, Италия консерваториясында және Румынияда конкурстық байқау аясында концерт бердім", - дейді Саида. 

Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы

Ол қолы бос кезде желіде отырып, пайдалы дүниелерді тыңдап, үнемі рухани дамып отыру керек екенін айтады.

"Мен желілерде арнайы телефон арқылы отырамын. Осы телефон арқылы мен адамдармен қарым-қатынас жасап, кімнің не жазғанын біле аламын. Арнайы тренингтерге қатысып отырамын. Әлеуметтік желілерге жазбаларда кейде өзім жазамын, кейде анам көмектеседі. Бірақ өзімді желіде белсендімін деп айта алмаймын. Телефон - өте жақсы нәрсе. Себебі үнемі ізденіп, дамуға мүмкіндік береді", - дейді Саида. 

Саида елімізде көз жанарынан айырылған жандарда кездесетін қиындықтар туралы ойын бөлісті.

"Елімізде қоғамдық орындарда көз жанарынан айырылған жандарға айтарлықтай жағдай жасалған деп айта алмаймын. Бұл жағын шетелмен салыстырып айтуға болады. Мен шетелге жиі шығып тұратындықтан, онымен қоса музыка академигі болғандықтан арнайы вип-қонақтар базасында бармын. Қай елге барсам да бізді күтіп, қарсы алады. Қазақстанда ондай мүмкіндік жоқ. Жалпы сол жағынан ғана қиындық туады деп айта аламын", - дейді Саида. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети