Әнші Қарақат Әбілдина қазақстандықтарға карантин талабын қатаң сақтап, сыртқа себепсіз шықпауға кеңес берді. Бұл туралы ол #КвартирникTengri жобасында айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әнші Қарақат Әбілдина қазақстандықтарға карантин талабын қатаң сақтап, сыртқа себепсіз шықпауға кеңес берді. Бұл туралы ол #КвартирникTengri жобасында айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
23 сәуір сағат 20:00-де Insta-Live эфирінде өткен әншінің кеші 10 136 қаралым жинады. Онда Қарақат Әбілдина Майлықожаның термесі", "Дедім-ау ай", "Аяулы анам", "Асыл әжем", " Ойламаңдар жігіттер" және тағы басқа халық әндерін шырқады.
Алдымен әнші #КвартирникTengri жобасын ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
"Өкінішке қарай, аты жаман індет елімізге де келді. Осындай кезеңде біз өнер адамдары көппен біргеміз. Сіздердің көңілдеріңізді көтеру мақсатында осындай тікелей эфир өткізіліп отыр. Кеште көбіне халық әндері шырқалады. #КвартирникTengri жобасын ұйымдастырған Alash Media Group және Tengrinews.kz ұжымына алғысымды білдіремін", - деді ол Insta-Live эфирінде.
"Үйден шықпай отырмыз"
Қарақат Әбілдина елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілген соң отбасымен бірге үйде отырғанын, сыртқа себепсіз шықпайтынын айтты.
"Карантиннің 38-күні. Отбасымызбен бірге үйден ешқайда шықпай отырмыз. Сонымен тәуір көйлек киіп, шашымызды айнаға қарап тарай бастасақ, "Бір жаққа бара жатырсыз ба?" деп балалардың жүрегі соғатын болды", - дейді әнші.
"Үйреніп қалыппыз"
Осы орайда ол Insta-Live эфирінде өткен ән кешіне дайындық барысында қызық оқиға болғанын жеткізді.
"Сіздермен жүздесуге дайындалып жатырмын. Үстіме көйлегімді киіп, айнаға қарадым. Осы кезде балаларым "Анашым, қайда бара жатырсыз? Концертке, қонаққа барасыз ба?" деп сұрады. Мен "Жоқ, қазір тікелей эфирге шығамын" деп жауап бердім. Үйімізде осындай бір күлкілі жағдай болып жатыр. Үйде отырғанға әбден үйреніп қалыппыз", - дейді Қарақат Әбілдина ағынан жарылып.
"Бұл күндер де артта қалады"
Сондай-ақ, әнші қазақстандықтарға карантин талабын қатаң сақтауға кеңес берді. Оның пікірінше, бұл әрбір отбасының қауіпсіздігі үшін маңызды.
"Бұл індеттен тек қана далаға шықпай, көпшілік жиналатын жерге бармай, үйде отырғандар ғана сақтана алады екен. Ондай болса, тәртіпке бағынайық. Сондықтан бала-шағамыздың амандығы және халқымыздың қауіпсіздігі үшін сақтану амалдарын жасайық. Қолымызды жиі жуып, бетперде киіп жүрейік, көпшілік жиналатын жерге бармайық. Бұл күндер де артта қалады. Бұл - уақытша сынақ", - деді ол.
Сонымен қатар Қарақат Әбілдина қасиетті Ораза айы басталғанын атап өтті.
"Ниет етіп Ораза ұстаймын деп отырған жандардың Алла ниетін қабыл етсін. Барлық ізгі амалымызды жаратқан өзі қабыл етсін. Қасиетті айға да келіп жеттік. Мынау басымыздан өтіп жатқан індеттен, бәле-жаладан, қауіп-қатерден аман болайық. Әр отбасыға тек бақыт тілеймін", - деді ол.
Оның айтуынша, соңғы кездері өнер адамдарына қатысты жағымсыз пікір жиі айтылатын болған.
"Негатив көбейіп кеткені жасырын емес. Сондықтан өз атымнан ғана емес, жалпы өнер адамдарының атынан барша оқырман, тыңдарманыма айтқым келетін мәселе бар. Шынын айту керек, өнер адамынсыз, өмір көңілсіз. Өнер адамдарының миссиясы - халықтың көңілін, еңсесін көтеру, рухын асқақтату. Сондықтан біз қолымыздан келгенше әрқашан халықпен біргеміз", - деді Әбілдина.
Әнші желіде жағымсыз пікір қалдыратындарға қатысты өз ойын айтты.
"Көптеген жақсы сөз жазатындар бар.Бірақ арасында негативке жақын, өмірге өкпелі адамдар бар. Сондықтан ренжімейік. Барлығы жақсы болады. Барлығы ниетімізге байланысты, ардақты ағайын", - деді ол.
Айта кетейік, #КвартирникTengri жобасы COVID-19 вирусымен күрес кезінде үйде қалып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызына мән береді. Бұған дейін жоба аясында Urker тобы, Motor-Roller рок-тобының әншісі Ілияс Аутов, әнші Son Pascal, BluesMotel Indie-rock-тобы, Luina, Ayree, Argymak этнорок-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, әнші Алиса Вокс және "Конец фильма" тобының әншісі Евгений Феклистов, Меруерт Түсіпбаева, Ұшқын Жамалбек, Мирас Жүгінісов өнер көрсетті.