РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
08 марта 2021 | 10:04

"Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды". Әйел туралы үздік әндердің шығу тарихы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Дудин С.М Фото: Дудин С.М

Қазақ музыка әлемінің алтын қорындааруларға арналған ән көп. Бірі асыл аналарымызға арналса, енді бірін сазгерлер сүйіктілеріне арнаған. Tengrinews.kz тілшісі 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай әрбір ана мен қыздың жүрегінен орын таба білген әндердің шығу тарихы туралы баяндайды. 


Қазақ музыка әлемінің алтын қорындааруларға арналған ән көп. Бірі асыл аналарымызға арналса, енді бірін сазгерлер сүйіктілеріне арнаған. Tengrinews.kz тілшісі 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай әрбір ана мен қыздың жүрегінен орын таба білген әндердің шығу тарихы туралы баяндайды. 

"Балқадиша"

"Балқадиша" - қазақтың ұлы күйші-композиторы Ақан серінің туындысы. Бірде аты қазаққа әйгілі Ақан сері Қорамсаұлы ауыл-аулыдарды аралап жүрген кезінде, лауазымы биік кісі Ыбырайдың ауылында болып жатқан шілдехана тойының дәл үстіне түседі. Серінің келіп қалғанын көрген халық Ақанға қошемет көрсетіп, дастарханның төріне жайғастырады. Алайда дастарханның киелі жерінде отырған Ақанның қасына ешкімнің отыруға батылы бармайды. Бұл ел ішінде кең тараған алып-қашпа сөздердің пайда болуының кесірі екен. Ақан сері қиялға беріліп кетіп, жын-перілермен қатысы бар екені туралы әңгімелер шыққандықтан, бәрі өзін жайсыз сезініп, тойдың берекесі қашқандай болады.

Сол кезде Қадишаның "Ауылымызға әйгілі сері келіп қалыпты, неге бірге қосылып өлең шырқамасқа" дейді. Қадиша серінің қасына отырады. Бәрі қосылып, ән шырқауды бастайды. Мереке өте қызық өтіп жатты, бірақ Қадишаның ағалары болған жағдайды естіп, қарындасының отырған жерінен алып кетуін талап етеді. Алайда, Қадиша еш қозғалмайды, сері де оны жібергісі келмейді, осыдан екеуінде қимастық сезімі пайда болады. Қадиша қайтуға жинала бастағанда, Ақан қолына киелі домбыраны алып, сол жерде туған әнді шырқауға кіріседі. Сері Қадишаның жан-тәнінің әсемділігі туралы әндетеді.

Әннің "Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша" деген жолдарын алға тартып, кейбір аңыз дерек бойынша Қадиша, үлкен ақсақалға атастырылған деп айтылады. Қадиша қыздың Ақанның жанында отырғанын естіген бойда, ақсақал "Қадишаны қайтарыңдар" деп бұйырған екен.

Алайда, Қадиша үлкен кісіге емес, өз теңіне атастырылып, кейіннен ұзатылған екен. Мұны естіген Ақан қоштасу сәтінде туған әнін әрі қарай жетілдірген. Ұзақ мұңды әннің 90 шумағы болған деседі. Алайда ол бізге толық жеткен жоқ.

"Анашым"

Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды. Бұл халық арасында кеңінен жатталып қалған "Анашым" әнінің сөзі. Әнші, композитор Марат Омаровтың репертуарындағы танымал әндердің бірі. Ән 1988 жылы жарық көрген.

"Сол кездері Алматыға оқуға түскенмін. Екі жылдан бері өнер қуып жүрген кезім. Бір күні анам мені екі сөмкемен Алматыға іздеп барған. Ал мен жоқпын. Қапшағайда "Жаушы" дейтін фильмге түсуге кеткенмін. Мен жатақханада болмаған соң, басқа балалар анамды қарсы алған. Анам "Сендер де менің балаларымсыңдар ғой" деп, екі сөмкесін ашып, дастарханды жайып жіберген. Жатақханада аш жүрген студенттер ауылдың қазы-қартасын, бауырсағын жеп, қымызын ішіп, мәз-мейрам болған. Мен  бір аптадан кейін оралғанымда, анам кетіп қалыпты. Жатақханадағы балалар алдымнан шығып, "Марат, анаңды көрдік. Өз анамызды көргендей қуанып қалдық" деді", - деп еске алған екен композитор.

Кейін анасының хатын оқып, елге танылған ән жарық көріпті.

"Іштей қызғанышпен өз бөлмеме кірсем, кішкентай сөмке тұр екен. Оның ішінде киім-кешек пен әкемнің суреті жатыр. Түннің бір уағы болды, ұйқым келмеді. Жастықтың астын қарасам, хат жатыр. Онда "Әкеңнің басыңнан сипағанын көре алмадың-ау, балам. Сағынып келгенімде, сені таба алмай кеттім" деп жазылған. Оқып отырып, көзімнен қалай жас шыққанын байқамай қалдым. Сөйтіп, бөлмемдегі күйсандыққа отырғанмын, сол кезде "Анашым" әні жарық көрді", - дейді Омаров.

Марат Омаров анасымен

Композитордың айтуынша, бұл ән өз анасына ғана емес, барша анаға арналған.

"Нурикамал"

"Нурикамал" - шығу тарихы ерекше әндердің бірі. Сөзін жазған - Ханбибі Есенқарақызы, ән авторы - Тұрдықылыш Ізтаев. Олар ерлі-зайыпты жандар. Ән Тұрдықылыш Ізтаевтың Нурикамал есімді қызға ғашық болуынан туған екен, 1988 жылы жарық көрген. Ол кезде отбасының үш баласы болған.


Тұрдықылыш Ізтаев отбасымен. ©"Хабар" телеарнасының кадры

Ханбибі Есенқарақызының айтуынша, ол бір күні жарының пианино жанында отырғанын көреді. Ол кезде өнерпаз жарының Нурикамал есімді бойжеткенге ғашық болып қалғанын білген. Сол сәтте жарының атынан Нурикамалға өлең жазып, "Айтқың келгені осы ма еді?" деп, өлеңді күйеуіне әкеліп берген екен.

Ханбибі Есенқарақызы басында жары Нурикамалға ғашық екенін білгенде "Менен қай жері артық?" деп ойлаған. Бірақ ақын кейін әнге арқау болған Нурикамалды көріп, жарының талғамына риза болған екен. Ақын әнде Нурикамалдың есімін өзгертпей, дәл сол нұсқада танылуын қалаған.

"Ана туралы жыр"

"Ана туралы жыр" - анаға сағыныштан туған ән. Сөзін Ғафу Қайырбеков, әнін композитор Шәмші Қалдаяқов жазған.

Композитордың консерваторияда оқып жүрген кезі. Бір күні оған ауылынан анасы өмірден озғаны туралы хабар жетеді. Қаралы хабарды естіген бойда композитор оқуын тастап, ауылына шығады. Анасының мезгілсіз қазасы оның жанына қатты батқан. Көзі тірі жандардың арасынан анасын іздеп, жаны жабырқайды.

Белін бекем буып, Алматыға оралып, ол Жазушылар одағына барады. Ақын-жазушы замандастарына келіп: "Ана туралы өлең жазып беріңдер, жігіттер" деп қолқа салады. Сонда оған замандастары: "Жақында Ғафудың да анасы өмірден өтіп еді. Сен одан да сол жігітке бар" деп жол сілтейді.

Шәмші ақын Ғафу Қайырбековке жолығып, әнін тыңдатады. Ғафу әнді тыңдап, біраз уақыт үнсіз отырады. Ол да анаға арнау ретінде жыр жазуды ойластырып жүрген екен. Сазгердің мұңлы сазынан кейін ол 15 минуттың ішінде "Ана туралы жыр" әнінің мәтінін жазып береді.

"Ғашықтар жыры"

Талай ғашықтың махаббат ұранына айналған "Ғашықтар жыры" белгілі әншілер Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиевтің бойтұмар әніне айналған. Бұл әнді ақын Шөмішбай Сариев пен композитор Кеңес Дүйсекеев бірлесіп жазған. Қос өнер иесінің ұлы одағынан туған ән осыдан отыз тоғыз жыл бұрын жарыққа шыққан.

Бірде "Гүлдер" ансамблінің сол кездегі директоры Қабиден Тұяқаев Кеңес Дүйсекеевті шақырып: "Кеңес, қос дауыста айтатын дуэт ән жазшы", - деп қолқа салған. Бұл сөзден кейін сазгер "Ғашықтар жыры" әнін жазып, кейін Шөмішбай Сариев сөз жазып берген.

"Массагет" порталының мәліметінше, ән сазгерді өзіне ғашық еткен аяулы жары Баянға арналған екен. Ән жарыққа шыққан бойда елге кеңінен таралып, бірден танымал әнге айналады. 

1983-1984 жылдары "Гүлдер" ансамблінде әнші Сембек Жұмағалиев жұмыс істеп жүрген кезде оған Кеңес Дүйсекеев жолығып: "Менің әндерімді бар әнші орындап жүр. Сен менің әндерімді қашан орындайсың?", - деп, "Ғашықтар жыры" әнін Нағима Есқалиевамен бірге айтуды ұсынады. Сембек "Қасың қандай, қарақат көзің қандай" деп басталатын ән мәтінін қарап: "Нағимамен айтсам, сөздерін "Бойың қандай" деп өзгертуге тура келеді", - деп әзілдейді. Сол сәтте ол сазгерге ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісова туралы айтады. Осылай қос дауыста "Ғашықтар жыры" әні жазылған екен. 

"Ғашықтар жыры" әні талай тыңдарманның жүрегінің төрінен орын ала білді. Біраз уақытқа дейін бұл сөздер халық арасында тарап жүрді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети