Қазақстанның ең жас композиторы деген атақ берілген алматылық Нұрәлі Бейсеқожаев Tengrinews.kz тілшісіне қанша жасынан бастап өлең жазғанын, бір шығарманы неше күнде жазатынын, ерекшелігін жұрт қалай қабылтайтыны жайлы әңгімелеп берді.
Қазақстанның ең жас композиторы деген атақ берілген алматылық Нұрәлі Бейсеқожаев Tengrinews.kz тілшісіне қанша жасынан бастап өлең жазғанын, бір шығарманы неше күнде жазатынын, ерекшелігін жұрт қалай қабылтайтыны жайлы әңгімелеп берді.
Нұрәлі Бейсеқожаевтың анасының айтуынша, баласын пианинода ойнауға ешкім ешқашан үйретпеген.
"Үйімізде ескі фортепиано болатын. Балам жастайынан көрген мультфильмдердің әнін шырқап, әнұранның музыкасын қайталап жүретін. Ол кезде Нұрәлі кішкентай болса да, 4 жасынан бастап пианинода ойнай бастады. Ал 6 жасында алғашқы шығармаларын дүниеге алып келді. Пианино алдына отырып, ойнаған кезде үй ішімізбен қатты таңғалдық. Таңғалу себебіміз оған ешкім, ешқашан ол аспапта ойнауды үйретпеген", - дейді жас таланттың анасы Зүлфия Бейсеқожаева.
Оның айтуынша, жас композиторді дарынды балаларға арналған мектепке берген кезде барлығы таңырқай түскен.
"Нұрәлі алтыға толғанда мен оны мұғалімдерге көрсеткенмін. Кішкентай болғандықтан мектепке алмай, 7-ге толғаннан кейін мен Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепке бердім. Мектеп табалдырығын аттай салысымен бірден сұрағандары "Қалай? Кім үйретті? Қайдан үйренді?" болды. Бір қызығы ешкім үйреткен жоқ, бәрін өз бетінше, ешкімнің көмегінсіз үйренді", - дейді анасы.
Нұрәлі Бейсеқожаевке 2015 жылы 9 жасында Қазақстан Республикасының композиторлары одағының басшысы Балнұр Қыдырбекқызының марапаттауымен "Қазақстандағы ең жас композиторы" атағы берілген.
Нұрәлі бір туындысын бір күнде шығарып тастаймын дейді.
"Алайда ертесі күні түбегейлі өзгертіп, музыканы басқа қырынан тыңдап-жазуым мүмкін. Әр кезде әрқалай. Бөлмемде жалғыз қалғанда жазып жатқанымда мұнымды отбасым түсіне қойып, жалғыз қалдырады. Барлығы көңіл-күйіме байланысты. Өлеңім дайын болған кезде ең бірінші тыңдарманым әкем мен анама тыңдатамын. Қалай шыққанын, ұнаған-ұнамағанын сұраймын. Жақындарыма, туыстарыма арнап шығаратыным да бар. Айналамдағылар өнеріме жақсы көзқараспен, тіпті таңырқай қарайды", - дейді жас композитор.
© instagram/beisekozhanurali
Денис Теннің құрметіне арнап жазған "Аққан жұлдыз" туындысын жазуға итермелеген оның өлімі жанына қатты батқандығы дейді жас талант.
"Кешке таман жаңалықтан жас спортшы Денис Тен қайтыс болды деген хабарды естіп, отбасымызбен мұңайдық. Біз ғана емес, барлық қазақстандық сөйткен шығар. Бөлмеме барып бар қайғы-мұңымды пианиноға жырладым. Ол да түсіне қойды. Әкем мен анама тыңдатып едім, әкем "Жарадың балам. Сенің өлеңіңді естіген адам өз жұбанышын табар!" деп айтты", - дейді жас талант Нұрәлі.
Анасы болашақта Нұрәлінің бұл туындысына бейнебаян түсіріп, монтажын жасау ойында барын айтты.
Сонымен қатар, жас композитор Димаш Құдайбергеннің орындауында тыңдағысы келетін "Анашым" атты әнін жазған. Ол туралы Нұрәлі өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазған.
"Құрметті Димаш аға! Менің "Анашым" атты әнімді Сізге ұсынамын. Сіздің орындауыңыз мен үшін арман. Қабыл алыңыз! Әні: Бейсеқожа Нұрәлі, сөзі: Сүнәділә Нұрсұлтан", - деп жазды Нұрәлі.
Қазіргі таңда 20-ға жуық шығармалардың авторы, соның ішінде "Анашым", "Балалық шақ", "Қазақ вальсі", "Аққан жұлдыз" (Денис Тенге арналған), "Сыйлайық өмір сəбиге" және тағы да басқа әндері бар.
Айта кетейік, Нұрәлі Бейсеқожаев Халықаралық және Республикалық байқаулардың жеңімпазы, соның ішінде Республикалық "Гамманы шебер орындау", "Пьесаны шебер орндау" байқауларының 1-орын иегері, Music Star байқауының жеңімпазы, 2015 жылы ҚР композиторлары одағының басшысы Балнұр Қыдырбекқызының марапаттауымен "Қазақстандағы ең жас композиторы" деген атақтары бар.