Дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 14,6 миллионнан асты. Жалпы COVID-19 жұқтырған 8,7 миллион адам аурудан айыққан. Науқастар саны бойынша үштікте - АҚШ, Бразилия және Үндістан. Вирусқа қарсы әсер ететін нақты вакцина әлі жоқ. Әр елде әртүрлі екпе дайындалып жатыр. Көбі сынақтан сәтті өткен. Коронавирусқа қарсы вакцина туралы ғалымдар не ойлайды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 14,6 миллионнан асты. Жалпы COVID-19 жұқтырған 8,7 миллион адам аурудан айыққан. Науқастар саны бойынша үштікте - АҚШ, Бразилия және Үндістан. Вирусқа қарсы әсер ететін нақты вакцина әлі жоқ. Әр елде әртүрлі екпе дайындалып жатыр. Көбі сынақтан сәтті өткен. Коронавирусқа қарсы вакцина туралы ғалымдар не ойлайды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
"COVID-19-ға қарсы вакцина вирустың емі емес"
Мұндай мәлімдемені Ресейдің балалар гематологиясы, онкология және иммунологиясын зерттейтін Ұлттық медициналық орталығының президенті Алексендр Румянцев жасаған.
"Бәріміз вакцинаны, оның жасалғанын күтіп жүрміз. Ол еліміздің 20 коллективінде әзірленіп жатыр. Бірақ мен дәрігер ретінде вакцинадан 100 пайыздық панацеяны күтпеймін. Бүгінде тұмауға қарсы вакцина жасалады, бірақ аурудың бұл түрінен жылына 600 мың адам қайтыс болады. Яғни, мәселе бар, бірақ біз оған үйреніп кеттік қой. Меніңше, біз бұл инфекцияны еңсереміз", - дейді маман.
"Вакцина барлық адамға жетпеуі мүмкін"
Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұрынғы сарапшысы, кезінде SARS вирусын зерттеуге қатысқан Клаус Штор дүние жүзіндегі көптеген адамға коронавирусқа қарсы вакцина жетпеуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Штордың айтуынша, 2021 жылдың басында дүние жүзінде коронавирусқа қарсы жарты миллиард екпе болады. Ал дүние жүзінде 7 миллиардтан аса халық бар. Германия секілді дамыған елдер халқы арасында жаппай вакцинация жасай алуы мүмкін, алайда Чили, Аргентина, Бразилия секілді елдерге вакцина мүлде жетпеуі мүмкін.
"Әлем екіге бөлінеді: вакцинасы барлар мен жоқтар. Қажет инфрақұрылымы жоқ, халқы көп, бірақ денсаулық сақтау жүйесі нашар жұмыс істейтін елдерге қайдағы вакцина?", - деп мәлімдеді Штор.
Осылайша, сарапшының ойынша, инфекцияның дүние жүзі бойынша тарауы тоқтамайды да аурудың "қауіпті" толқыны басталады. Үшінші толқыннан кейін ғана адамдардың 80 пайызы иммунитет пайда болғанын айта алады. Маманның болжамы бойынша, дүние жүзіндегі көптеген адамға тек 2-3 жылдан кейін вирус толық жұғады.
"Қыс мезгілі вакцина пайда болғанға дейін келеді. Коронавирус жұқтырғандардың саны көп болады, оны тоқтату қиынға соғады, себебі адамдар жаңа шектеуге қарсы шығады. Пандемияны вакцина тоқтатпайды, вирустың өзі құрғақ отынды тапқан кезде бәсеңдейді", - дейді маман.
Сарапшы көптеген ел вакцина әзірлеп жатқандықтан бәрі жақсы болуы мүмкін екенін айтады.
Америкалық вакцина сынақтан сәтті өтті
Ал АҚШ-тағы Moderna компаниясы ұсынған вакцина сынақтан сәтті өтті. Тәжірибеге 45 адам қатысқан. Олар коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізуге наурыздан бері қатысқан. Сынақ оң нәтиже көрсеткен, вакцина қажет иммунитетті қалыптастырған. Тәжірибе қатысушыларының қан ағымында бейтараптандыратын антиденелер пайда болған.
New England Journal of Medicine медициналық журналындағы мәлімет бойынша, вакцина екі доза бойынша, екі ай бойы салынған. Қатысушылар арасында ешқандай асқыну болмаған.
Коронавирусқа қарсы вакцина әзірленбеуі де мүмкін
"Хабар 24" телеарнасының мәліметінше, ұлыбританиялық зерттеушілер коронавирусқа қарсы вакцина ешқашан әзірленбеуі мүмкін. Бұл туралы Лондон империялық колледжінің профессоры Дэвид Набарро мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай жағдайда елдер қайтадан карантин енгізу арқылы ғана аурудың тарауының алдын ала алады.
"Бізде мүлде вакцина жоқ вирустың түрлері бар. Вакцина нақты пайда болатынына болжам жасай алмаймыз. Пайда болған күннің өзінде ол тиімділігі және қауіпсіздігі бойынша сынақтан өтетіні не өтпейтіні белгісіз. Барша адамзат коронавирустан қорғанып, күнделікті өмір сүруіне мүмкіндік алуы керек", - дейді ғалым.
Маман ғалымдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Себебі мұндай оқиғалар тарихта болған екен.
"1984 жылы АҚШ-тың денсаулық сақтау министрі Маргарет Гекпер АИТВ-ға қарсы вакцина екі жылда әзірленетінін айтқан. Бірақ әлі күнге дейін оған қарсы вакцина жоқ. Көптеген ғалым COVID-19-ға қарсы вакцина әзірленеді деп үміттенеді. Себебі АИТВ-ға қарағанда коронавирус баяу мутацияланады", - деп түсіндірді ғалым.
Еске салайық, дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандардың саны 14,6 миллионнан асты. Оның ішінде, 8,7 миллион адам аурудан айыққан. Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың саны 71 мыңнан асса, 43 401 адам аурудан айыққан. Коронавирус пандемиясы басталғалы елімізде жалпы 585 адам қайтыс болған.