Коронавирус пандемиясы басталғалы миллиондаған адам жақынынан айырылып, мыңдаған адам әлі де пандемияның салдарын көріп жатыр. Әзірше пандемия қашан аяқталатыны туралы нақты ешқандай тұжырым жоқ. Мамандар тек болжам жасаумен шектеледі. Коронавирус пандемиясы қандай жағдайда аяқталады және адамзат қашан қалыпты өмірге оралады? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
Коронавирус пандемиясы басталғалы миллиондаған адам жақынынан айырылып, мыңдаған адам әлі де пандемияның салдарын көріп жатыр. Әзірше пандемия қашан аяқталатыны туралы нақты ешқандай тұжырым жоқ. Мамандар тек болжам жасаумен шектеледі. Коронавирус пандемиясы қандай жағдайда аяқталады және адамзат қашан қалыпты өмірге оралады? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
"Жыл сайын екпе салдыру қажет болады"
Pfizer компаниясының басшысы Альберт Бурланың сөзінше, адамзат қалыпты өмірге пандемиядан кейін бір жылдың ішінде қалыпты өмірге келеді. Компания басшысы оған жаппай вакцинация себеп болатынын айтады. Ал болжанған сценарий бойынша вирустың жаңа түрлері мен жаңа препараттар пайда болады. Алайда ол препараттардың күші бір жылға ғана жетуі мүмкін.
"Вирус дүние жүзіне тарағандықтан, оның жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Одан бөлек, бізде вакциналар кемінде бір жыл ғана әсер етеді. Сондықтан ықтимал сценарий - жыл сайын вакцина салдыру деп ойлаймын", - деді Бурла АВС телеарнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Economist Intelligence Unit (EIU) мәліметінше, экономикасы дамыған елдердің халқының негізгі бөлігі 2022 жылдың ортасынша вакцина салдырып бітсе, ал экономика деңгейі төменірек елдер 2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басында вакцина салдырып бітеді.
"Ұжымдық иммунитет қажет"
Биыл мамырда Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин де қандай жағдайда қалыпты өмірге келетініміз туралы болжамын айтқан болатын. Әңгіме ұжымдық иммунитет жайлы болмақ. Бекшиннің сөзінше, мамырдағы жағдай бойынша, Алматыда ұжымдық иммунитет 20-25 пайыз болған. Оның 15 пайызы тұрғындардың вакцина салдыруы есебінен болса, 10 пайызы қайтадан ауырып шыққан адамдар есебінен қалыптасқан.
Яғни, Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қалада коронавирустың мутцияланған түрлері тарағанын ескерсек, ұжымдық иммунитеттің 70-75 пайызға қалыптасқан жағдайда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, қалыпты өмірге қайтадан ораламыз.
"Вакцинация кеңінен жүргізілуі керек"
Ал Le Figaro басылымының мәліметінше, франциялық эпидемиолог Арно Фонтане "адамзат 2021жылдың соңғы тоқсанында қалыпты өмірге оралады" деп үміттенеді. Бірақ ол үшін вакцинация кеңінен жүргізілуі керек.
"Бірінші мақсат - әлсіз адамдарға вакцина салу. Екінші мақсат - вирустың тарауын тоқтату", - дейді ғалым.
"Қалыпты өмірге біртіндеп оралу"
Жапония қыркүйектің соңында коронавирус жағдайына байланысты эпидахуал жақсарса ТЖ режимін алып тастайды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Норихиса Тамура кеше, 26 қыркүйекте NHK телеарнасының тікелей эфирінде айтқан болатын. Алайда Тамураның сөзінше, пандемияға дейінгі кезеңге Жапония асықпай оралатынын, ол біртіндеп жүретін процесс екенін атап өтті.
Жалпы бүгінде Жапонияда халықтың 53,1 пайызы немесе 67,2 милион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.
"Халықтың 60 пайызы вакцина салдыруы керек"
Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният бұған дейін халықтың 60 пайызы вакцина салдырған жағдайда маска тақпай жүруге болатынын айтқан еді.
"Халықтың 60 пайызы (Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 11,3 миллион адам - еск.) вакцина салдырмай ұжымдық иммунитетті қалыптастыра алмаймыз", - деген болатын.
Айта кетейік, 27 қыркүйектегі жағдай бойынша, 6 408 099 адам вакцинаның екі компонентін салдырған.