Әлем елдері қауіпті вируспен күресіп жатыр. Қауіпті індеттен сақтанудың жалғыз жолы - вакцина жасау. Бүгінде түрлі елдің беделді ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны әзірлеуге кірісті. Коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады? Бұл сұраққа Tengrinews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Әлем елдері қауіпті вируспен күресіп жатыр. Қауіпті індеттен сақтанудың жалғыз жолы - вакцина жасау. Бүгінде түрлі елдің беделді ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны әзірлеуге кірісті. Коронавирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады? Бұл сұраққа Tengrinews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
АҚШ
Америка Құрама Штаттарында коронавирусқа қарсы вакцина 1-1,5 жылдан кейін ғана дайын болуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың ұлттық денсаулық институтының директоры Энтони Фаучи мәлімдеген. Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина АҚШ-та бірнеше ай бойы сынақтан өткізіледі. Ал жаппай пайдалануға тек 1-1,5 жылдан кейін ғана дайын болуы мүмкін.
Ол вакцинаны тестілеудің бірінші кезеңі шамамен 3 айға созылатынын айтады. Бұл кезеңде вакцина 45 адамға, ал келесі кезеңде жүздеген, тіпті мыңдаған адамға сыналады.
"Барынша жедел жасаған күннің өзінде ол 6-8 айға созылады. Сондықтан вакцинаны жаппай пайдалану үшін 1-1,5 жылдай уақыт керек", - дейді Фаучи.
COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны жасау үшін Moderna биотехнологиялық компаниясымен бірігіп, АҚШ ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институты (NIAID), Питтсбург университеті және Inovio биотехнологиялық компаниясының мамандары еңбек етіп жатыр.
АҚШ президентінің мәлімдемесі
Fox News телеарнасының тікелей эфирінде АҚШ президенті Дональд Трамп вакцина жылдың аяғында дайын болатынын мәлімдеді.
"Менің ойымша, бізде вакцина жылдың аяғында дайын болады. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді ол.
Ресей
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы 9 ресейлік вакцинаны болашағы бар препараттар тізіміне енгізді.
"Олардың арасында "Вектор" вирусология және биотехнология жөніндегі мемлекеттік ғылым орталығында әзірленген 6 дәрі бар", - делінген РИА Новости агенттігі таратқан хабарламада.
9 ресейлік вакцинанының ішінде Новосібір орталығы жасаған препараттар да бар.
Сондай-ақ, "Биокад" компаниясы 2 вакцина ұсынған: оның бірі - экспериментал медицина институтымен бірлесіп дайындалған МРНҚ липосомасында қапшықталған дәрі болса, екіншісі, аттенуирленген негізді тұмау вирусының негізінде жасалған препарат болып саналады.
Сонымен қатар, Санкт-Петербург қаласындағы вакциналар мен сарысуларды ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары рекомбинантты ақуыз бен нанобөлшектерге негізделген препарат жасап шығарыпты.
"Вакцина жазда дайын болады"
Ресейде індетке қарсы вакцина жазда дайын болуы ықтимал, деп хабарлайды 24.kz.
"Маусым айында клиникалық сынақтар басталады. Сынақтардың қорытындысы дайын болғанын күтеміз. Шілденің аяғына дейін алғашқы препараттар пайда болады деп үміттенеміз", - дейді Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко.
Қытай
Ақпан айында қытайлық мамандар вакцинаны жасау жұмысына кіріскенін мәлімдеді. Ал сәуірдің ортасында Қытайда болашағы бар деген 3 вакцина сынақтан өткізілді: екеуі инактивтелген вирусы, ал біреуі гендік инженерия вирусының аденовирустық векторы негізінде жасалды.
Мамыр айының ортасында 5 вакцинаны сынақтан өткізілді: 2 жаңа вакцина да инактивтелген вирус негізінде жазады Gazeta.ru басылымы.
Қазақстан
Отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы инактивтелген вакцина әзірледі. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың вакцинасын тіркеп, өзінің ресми сайтына орналастырды. Осылайша, ол клиникаға дейінгі сынақ рұқсат етілген, COVID-19-ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне еніп отыр.
Инактивтелген вакцинаны білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірлеген.
Отандық вакцина Қазақстанда індет жұқтырған науқастардан бөлінген вирус штаммы негізінде жасалды.
Енді ғалымдар бірқатар клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар өткізуі керек.
"Осылайша, Қазақстан ресми түрде коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеушілердің қатарына енді",- делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алайда елімізде індетке қарсы вакцина қашан нақты дайын болатыны туралы әзірше мәлімет жоқ.
Сондай-ақ, коронавирусқа карсы вакцинаны жасау үшін Жапония, Италия, Израиль, Ұлыбритания, Канада, Германия ғалымдары да еңбек етіп жатыр.
Айта кетейік, бүгін әлемде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 5,8 миллионнан асты. 2 миллион 399 мың 247 науқас дертінен айықты, 359 мың 791 адам аурудан қайтыс болды.