РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 декабря 2021 | 10:13

"Қазір омыртқа қытырлатқанның бәрі өзін дәрігер санап жүр". Корей дәрігері мануалды терапияның қаупін айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

Кейінгі жылдары мануалды терапия мен нүктелі массажға сұраныс артты. АҚШ-та және Бельгия мен Францияда мануалды терапия жолдарын үйрететін арнайы мектептер де көптеп ашылып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Кореяның ең үлкен көпсалалы медициналық орталығының директоры Ле Чан Гынмен сұхбаттасып, мануалды терапияның пайдасы мен зияны жайында сұрады. 


Кейінгі жылдары мануалды терапия мен нүктелі массажға сұраныс артты. АҚШ-та және Бельгия мен Францияда мануалды терапия жолдарын үйрететін арнайы мектептер де көптеп ашылып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Оңтүстік Кореяның ең үлкен көпсалалы медициналық орталығының директоры Ле Чан Гынмен сұхбаттасып, мануалды терапияның пайдасы мен зияны жайында сұрады. 

Ле Чан Гын 2017 жылдан бастап 3000-ға жуық науқасты бір уақытта қабылдай алатын Асан емханасының директоры болып жұмыс істейді. Бүгінде тек Оңтүстік Кореяда емес, шетелде мойындалған ревматолог, терапевт. Медицина саласында 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер мануалды терапияның не екенін түсіндірді. 

"Ең алдымен, мануалды терапияның не екенін біліп алған жөн. Бұл анатомиялық құрылым мен жүйеге тікелей әсер ететін пассивті әрі көпсатылы қозғалыс техникасы. Қарапайым тілмен айтқанда, мануалды терапевт буын, бұлшықет, қаңқа және жүйке-тамыр жүйесіндегі ақауларды анықтап, нақты қозғалыспен коррекция жасайды. Алайда ДДСҰ мануалды терапияның методикасын мойындаса да, Дүниежүзілік медициналық қауымдастыққа мүше дәрігерлердің басым бөлігі басқа пікірді ұстанады", - деп бастады сөзін ол.

Оның айтуынша, мануалды терапияның тамыры тереңде жатса да, оны медицинаның бір саласы деп қарастыруға болмайды. 

"Мануалды терапия ықылым заманнан бері қолданыста екендігі рас, бірақ оның әлі зерттелмеген қыр-сыры жетерлік, сондықтан бұл саланы дәстүрлі медицинаға жатқыза алмаймын. Оны инемен емдеу және жыланның уын қолдану сияқты ежелгі ем түрлерімен байланыстыруға болады. Бүгінгі мануалды терапияның тәсілдері мысырлық пиктограммаларда, Қытай және Оңтүстік Корея медицинасында егжей-тегжейлі көрсетілген", - дейді шетел дәрігері. 

Сондай-ақ, Ле Чан Гын мануалды терапияны неге жалпы медицинаның түрленуі деп қарастыруға болмайтынын айтты. 

"Көптеген аурудың бастауы омыртқаның дисфункциясынан екені белгілі, сол себепті де дәстүрлі емес медицинаның ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Кейінгі 10 жылда мануалды терапияның адам ағзасына биомеханикалық және нейрофизиологиялық пайдасы тиіп жүр. Бірнеше елде, әсіресе, Ресейде мануалды терапияға байланысты консервативті көзқарас өзгерді. Біз мұны медицинаның түрленуі не дамуы деп қарастыра аламыз ба? Әрине, жоқ. Неге десеңіз, жетік зерттелмеген, қауіп-қатері толыққанды қарастырылмаған терапияны саналы адам ажырата білуі керек. Терапияның өзі өте күрделі институт. Әлі күнге дейін мануалды терапияның қалай жұмыс істейтінін нақты дәлелдейтін ешқандай тұжырымдама жоқ", - деді ол.

Ревматолог өз ойымен келіспейтіндердің барын да жасырмады. Ол мұны бірнеше себепке сыйғызды. 

"Мәселенің бәрі адамның психологиясына келіп тіреледі. Біріншіден, пациенттердің дәрігерден және оның қоятын диагнозынан қорқатынын ескерген жөн. Екіншіден, мануалды терапияны массаж көретіндердің саны көп, ал шын мәнінде екеуі екі бөлек бағыт. Үшіншіден, кейбір елдерде медицинаға сенбей, өздігінен балама іздей бастайды", - дейді Асан емханасының директоры.

Оңтүстік Корея дәрігері мануалды терапевтерді қандай жағдайда мойындайтынын жеткізді.

"Дәл осы тұста айта кететін жайт бар. Егер адам денсаулығын жақсартып, нақты диагностика жасай білетін мануалды терапевт болса, оған тек риза боламыз. Жасыратыны жоқ, бұл бағытта мықты мамандар да бар, бірақ некен-саяқ. Қазір омыртқа қытырлатқанның бәрі өзін дәрігер санап жүр. Мені осы мәселе қатты мазалайды. Естеріңізде болсын, мануалды терапия жүргізу үшін, ең алдымен, лицензия керек. Бұл іспен айналысатын маманның жоғары медицинадан және фармакологиядан дипломы болуы шарт. Яғни, мануалды терапевт дегеніміз сынықшы емес, тіпті, медбике де емес, ол нақты сала бойынша білімін шыңдаған жоғары білімді дәрігер (терапевт, невролог, травматолог және т.б.). Ал екі айлық курс оқып, адам анатомиясы мен оның мыңдаған нүктесін зерттеп шығу мүмкін емес", - дейді ол.

Сонымен қатар, Ле Чан Гын мануалды терапиядан төнуі мүмкін қауіптің тізімін жасап, оған баға берді.

"Ең алдымен, мануалды терапияға кіріспес бұрын жан-жақты диагностика жасалуы қажет. Қарапайым консультациядан бастап МРТ-ға дейінгі шаралар қолданылады. Ал көп жағдайда мануалды терапевтердің кеңсесінен жоғары деңгейлі медициналық құрылғыларды таппайсыз. Яғни, олар миналар алаңында жүр, мүлт кетсе, істің біткені. Екіншіден, мануалды терапияның техникасы өте күрделі және ол процедурадан кейін тағы да басқа проблема пайда болуы мүмкін. Ол қалай? Егер терапевт буынды орнына дұрыс қоймаса не буын орнын ауыстырып алса, мүгедектіктен басқа жол жоқ. Бұл кезде ешқандай сынықшы да, мануалды терапевт те көмектесе алмайды. Өйткені адам организмі тек буыннан тұрмайды. Үшіншіден, мануалды терапия бірден нәтиже берсе де, бұл процесс ұзаққа бармайды. Демек, белгілі аурумен күресіп жүрген науқастар бір мезгілге ғана өздерін алдай алады, бірақ ары қарай жағдайдың ушығуы бек мүмкін. Біздің тәжірибемізде мануалды терапиядан кейін орнынан тұра алмай қалған қаншама адамдар бар. Сол себепті де қауіп пен қатерді ескеріп, ой таразысынан өткізген абзал, отпен ойнауға болмайды", - деді ол. 

Әңгіме соңында Асан емханасының директоры Ле Чан Гын мануалды терапияның қызметін дәстүрлі медицинада не алмастыратындығын айтып, пациенттерге кеңес берді.

"Дәстүрлі медицинада мануалды терапияның орнын басатын көптеген жолдар қарастырылған. Солардың ішіндегі ең танымалы - дәрілік терапия. Бүгінде адам ағзасы мен оның буынына кері әсері жоқ дәрі-дәрмектің көп түрі бар. Одан кейін физиотерапияны ұсына аламын. Физиотерапевтердің қолданатын тәсілдері мануалды терапияға ұқсас, бірақ қатері аз. Сондай-ақ, меридиандар теориясы мен адам бойындағы күштің айналымына бағытталған рефлексотерапияны да естен шығармаған абзал. Рефлексотерапияның көптеген методикасы бар: акупунктура, акупрессура, электропунктура, электроакупунктура, дистантты термопунктура, лазерлі пунктура және тағы да басқалары. Дәл осы қатарға енді ғана толыққанды зерттеуден өткен электрасенсориканы жатқызуға болады. Ең дұрыс жолы, адам өз денсаулығына құрметпен қарауы керек. Бұл - адамзаттың басты миссиясы. Егер күнделікті спортпен айналысып, үнемі қозғалыста болсаңыз, ешқандай да мануалды терапияны қажет етпейсіз. Көп жағдайда буын және омыртқа ауруларын отасыз, дәрі-дәрмексіз де емдеуге болады", - деді ол. 
 

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети