31 августа 2018 | 12:30

"Қатерлі ісіктен айығу қолдан келер іс". Астаналық оқушының жаңалығы

Қатерлі ісік дертінен айығу мүмкін бе? Дәл осы сұраққа жауап іздеп, өзінің зерттеуі арқылы қатерлі ісік қатерін екі аптада 35 пайызға азайттым деген Әйгерім Құрманбайқызы бұл сұраққа "Иә" деп жауап берді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қатерлі ісік дертінен айығу мүмкін бе? Дәл осы сұраққа жауап іздеп, өзінің зерттеуі арқылы қатерлі ісік қатерін екі аптада 35 пайызға азайттым деген Әйгерім Құрманбайқызы бұл сұраққа "Иә" деп жауап берді. 

Астаналық оқушы Әйгерім жақында елордада өткен TEDxAstana 2018 конференциясында сөз сөйлеп, өз идеясын еркін форматта өткен шарада таныстырып, тың жаңалығымен жұртты таңғалдырды. 

Реклама
Реклама

Осы ретте Tengrinews.kz тілішісі жаңа идеяға жол бастаған Алматының тумасы, № 66 мектептің 11-сынып оқушысы 17 жастағы Әйгерім Құрманбайқызымен тілдесіп қайтқан еді. Ол Қазақстанда алғаш рет қалай сүлікті өлтірмей, сілекейін таза күйінде алғанын, қатерлі ісік жасушасын азайту үшін не істегенін, қандай әдіс қолданғанын айтып берді. 

Жас ғалымның айтуынша, қатерлі ісікті сүліктің сілекейі арқылы емдеу идеясына анасы түрткі болған екен. 

"2 жылдан бері мен әр жазғы демалысымды анамның емханасында өткізетінмін. Менің анам Жанна Ахметова жеке медициналық орталықта тәжірибелі гинеколог, гирудолог болып жұмыс істейді. Гирудолог деген науқастарды медицинада сүлік арқылы емдейтін дәрігер. Мен әрдайым оның мамандығына қызыға қарайтынмын. Оған келген науқастар аяққа тұрып кеткен кезде таңғалатынмын. Кейіннен олардың сүлік арқылы дертінен айығатынын біліп, сол кезде маған кішкентай ғана құрттың адамды аурудан қалайша айықтыра алатыны өте қызық болды.

Сөйтіп сүлік туралы өз зерттеуімді жүргізе бастап, өте қызық мәліметке тап болдым: сүліктің 5 жұп көзі, 50 фоторецепторлық жасушасы, 70-тен 100-ге дейін жететін тісімен, 2 жүрегі бар екен. Өз кезегінде ғалымдар сүліктің сілекейінде 120 биологиялық белсенді зат, 76 фермент және 20 аминқышқыл барын дәлелдепті. Сол кезден бастап сүлік мен үшін тек жай құрт емес, нағыз дауаға таптырмас жаратылыс болып көрінді", - дейді жас ғалым.

Әйгерімнің айтуынша, өзінің бұл тәжірибесі арқылы Қазақстанда алғаш рет сүлікті өлтірмей сілекей алу әдісін ойлап тапқан.

"Екі жыл бұрын мен Нұрсұлтан Назарбаев атындағы университеттің зертханасында тәжірибеден өтуге керемет мүмкіндік алдым. Осы университеттің инновация департаментінде қызмет атқаратын менің жетекшім Дамель Мектепбаева бұл зертханаға келуіме септігін тигізіп, эксперимент жүргізуге атсалысты.

Біз зерттеу жұмысына бірден кірісіп кеттік. Ең алдымен сүлік сілекейін таза күйінде алу қажет болды. Мұндай әдісті қолдана отырып, біз елімізде тың жаңалық аштық. Яғни, ең алғаш Қазақстанда сүлікті өлтірмей сілекейін таза күйінде алу әдісін ойлап таптық", - дейді оқушы.

Әйгерім эксперимент барысында сүліктің сілекейі мен қатерлі ісік жасушасы байланысқа түскеннен кейін қандай әсер болғанын айтып қуанды.

"Бірінші қадам ретінде біз сүт безі қатерлі ісік жасушаларын өсірдік. Айта кетсем, адам денесінде болатын қатерлі ісіктің саны өте көп және олар әртүрлі. Мысалға: бауырда, өкпеде, метастаз сүйекте, мида болады. Ал анам екеуміз әзірше тек сүт безі қатерлі ісігін қолға алдық. Кейін сүлік сілекейін жинап, басты экспериментімізге көштік. Алдымен қатерлі ісік жасушасына 8 микрограмм миллилитр сүлік сілекейін тамызғанда бір жарым күн ішінде қатерлі ісік жасушалары 15 пайызға азайды, ал дәл осы экспериментті сүліктің сілекейін 40 микрограмм миллилитрге көбейткенде екі апта ішінде қатерлі ісік 35 пайызға азайды", - дейді ол.

Сүлік сілекейі обыр жасушаларының колониясын қаншалықты кішірейткенін мына суреттен көруге болады:

Әйгерімнің айтуынша, бұл жобаның нәтижесі анасы екеуі ойлағаннан да асып түскен екен.

"Нәтиже біз күткендей болды! Тіпті біз күткеннен де екі есеге асып түсті. Менің қуанышымда шек болған жоқ. Себебі бұл менің алғашқы жобам, жаңадан басталғанына қарамастан жұртты қызықтырып үлгерді. Тіпті TEDxAstana 2018 шарасына шақырады деп те ойламаппын. Екіншіден еңбегіміз ақталып, енді көмекке мұқтаж жандарға титтей де болсын қол ұшымызды соза алатыныма қуандым. Зерттеу қорытындысы кезінде сүлік қатерлі ісікке әсер ететін құпия компонент деген тұжырымға келдім.

Негізі мен TEDxAstana 2018 шарасына қатыспай тұрып 2015 жылы бұл зерттеуімді регенеративтік медицина бойынша халықаралық конференцияда Астанада қорғадым. Дәлірек айтсам мен емес, ағылшын тілін жетік білетін маман қорғауға көмектесті. Мен тек көрермен болып отырдым. Сол жылдан бері біздің бұл тың жаңалығымызға жұрт көз салып, назар аудара бастады. Анам екеуміздің бұл ғылыми жетістігіміз қатерлі ісік сынды жаһанды дертті шешуге үміт сыйлады", - дейді жас ғалым.

Айта кетейік, бұл еркін форматта өткен жиында түрлі салада тың жаңалық ашқан жастар өз идеясымен бөліседі. Конференцияның басты мақсаты - адамзаттың өмір сапасын өзгерту мен түйтікілді мәселелердің жолын тапқан азаматтардың жаңалығын әлемге паш ету болды. TEDxAstana 2018 конференциясының басты талабы қатысушылар өз идеясын 18 минутқа сыйғызып айтуы керек. Егер қатысушылардың идеясы ұнап, үздік саналса ресми сайтқа жарияланып, 8 мыңнан астам ерікті сол жобаны бірнеше тілге аударады екен. 

"Болашақта кім болғың келеді, нені армандайсың?" деген сұраққа кейіпкеріміз былай деп жауап берді:

"Бірінші айтқым келетіні - адамзат кез келген ауруды жеңе алады. Тіпті оған көмекші болып табиғат та келді. Тек қатерлі ісік емес, диабет, бедеулік, жүрек қан тамыры аурулары сынды диагноздарын осы жобам арқылы жеңгім келеді. Болашақта медицинаның күрделі ғылыми зерттеулерін емес, табиғат сыйлаған біз бұрын -соңды білмеген құпия-сырлары арқылы медицина саласын жаңғыртқым келеді. Ондай тылсым дүние тәжірибе жүзінде жүзеге асады. Оған біздің "сүлік" атты жобамыз дәлел. Қатерлі ісіктен айығу енді қолдан келер іс. Ал арманым "Нобель" сыйлығының иегері атанып, ғалым-зерттеуші болу".

 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram