Статистикаға сүйенсек, жол апатына ұшырағандардың шамамен 70 пайызы психологиялық стресс алады. Нәтижесінде олар қайта көлік жүргізуден, тіпті жолаушы ретінде көлікке отырудан қорқып, сол оқиға қайталанады деген үреймен өмір сүреді екен. Дегенмен, психологтардың айтуынша, әр адам стрессті әртүрлі қабылдайды. Біреулер үшін сол жол-көлік оқиғасы көз алдынан кетпей, елестей берсе, басқалары бойдағы үрейді жеңіп, қалыпты өмірге оралады.
Статистикаға сүйенсек, жол апатына ұшырағандардың шамамен 70 пайызы психологиялық стресс алады. Нәтижесінде олар қайта көлік жүргізуден, тіпті жолаушы ретінде көлікке отырудан қорқып, сол оқиға қайталанады деген үреймен өмір сүреді екен. Дегенмен, психологтардың айтуынша, әр адам стрессті әртүрлі қабылдайды. Біреулер үшін сол жол-көлік оқиғасы көз алдынан кетпей, елестей берсе, басқалары бойдағы үрейді жеңіп, қалыпты өмірге оралады.
Жол апатынан зардап шеккендермен жұмыс істейтін аға инспектор-психолог Шолпан Қабжанова Tengrinews.kz тілшісіне жол-көлік оқиғасына ұшырағандардың қандай шок алатынын және оның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін, сондай-ақ, ол адамға қандай көмек көрсетілуі тиіс екенін айтып берді.
Шолпан Қабжанованың айтуынша, жол-көлік оқиғасына ұшырағандар немесе жол көлік оқиғасын жасаған жүргізушілер "жарақат алғаннан кейінгі күйзеліс" синдромына ұшырауы мүмкін. Медицинада оны PTSD (Post-traumatic stress disorder) деп атайды екен.
"Менің тәжірибемде жол апатына ұшырап, кейін күйзеліске түсіп, түсініксіз бір қорқынышпен өмір сүргендер өте көп болды. Алайда бұл синдром бірден байқалмайды. Адам ол күйзеліске белгілі бір уақыттан кейін ұшырайды, мысалы, 15-20 күн өткен соң. Психологтар бұл проблеманы шешу үшін түрлі техниканы қолданып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, PTSD синдромы жол апатына ұшыраған адамда өмір бойына қалуы мүмкін", - дейді Қабжанова.
Оның айтуынша, жол апатынан кейінгі күйзелістің қаупі соншалық - адам психологиялық шок алып, қалыпты өмір сүре алмай, онда психологиялық ауытқу пайда болады.
"Бұл қандай да бір жанжалдан немесе жақын адамды жоғалтқаннан алатын психологиялық шоктан әлдеқайда ауыр. Бұл шок адамды бірден психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да сал қылып, қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді. Оның алғашқы белгілері ретінде ұйқысыздық, тәбеттің болмауы, эмоционалдық тұрақсыздық, аяқ-қолдың дірілдеуін және қандай да бір көлік құралына отырғанда сөйлеуге деген қорқынышын айтуға болады. Себепсіз үрейлерді және сол күннің елестері де соның белгісі", - дейді психолог.
Қабжанованың айтуынша, PTSD синдромына шалдыққан адам жол апатына бірнеше жыл бұрын ұшыраса да, оның көз алдына дәл сол күн, дәл сол сәт елестей береді екен. Сондықтан психолог осындай жағдайда мамандардың көмегіне жүгініп, біраз уақытқа көлік жүргізбеуге немесе көлікпен жүрмеуге кеңес береді.
"Кейбіреулер бойдағы үрейді жеңіп, жол апатын ұмыту үшін бірден қайтадан көлік тізгініне отыруға кеңес береді. Меніңше, ол дұрыс емес. Керісінше, ол басқа да адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өзіңіздің және өзгелердің өмірін қауіпке тігудің қажеті жоқ. Адам өзінің тынышталғанын түсінген жағдайда және оған 100 пайыз сенімді болған кезде ғана қайтадан көлік тізгініне отыруға болады", - дейді аға инспектор-психолог.
Осы ретте Қабжанова жол апатынан кейінгі шоктан шығу үшін бірінші кезекте ол жағдайдың өтіп кеткенін түсінуге кеңес береді.