03 января 2019 | 16:02

Әйелінің босануына қатысу дұрыс па, бұдан ерлер қалай өзгереді?

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
© pixabay.com

Әйел босанған кезде жанында дәрігерлерден бөлек, туысының немесе жақындарының бірінің болуы туралы айтыла бастағанда әсіресе қазақ қоғамы үшін бір жат дүние болып көрінеді. Десек те қазір "серіктестік босану" деп аталып жүрген бұл процесс қалыпты, тіпті кейбіреулер үшін міндетті жағдайға айналғандай. Дәрігерлердің өзі босану алдында серіктес адамның болуы міндетті болмаса да, "болғаны жақсы еді" деп жатады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әйел босанған кезде жанында дәрігерлерден бөлек, туысының немесе жақындарының бірінің болуы туралы айтыла бастағанда әсіресе қазақ қоғамы үшін бір жат дүние болып көрінеді. Десек те қазір "серіктестік босану" деп аталып жүрген бұл процесс қалыпты, тіпті кейбіреулер үшін міндетті жағдайға айналғандай. Дәрігерлердің өзі босану алдында серіктес адамның болуы міндетті болмаса да, "болғаны жақсы еді" деп жатады.

Соңғы жылдары әйелі босанғанда ерлерінің жанында болғаны туралы жайттар өте жиі кездесіп жүр. Жалпы бұл дұрыс па және оның әйел үшін де, еркек үшін де, бала үшін де психологиялық әсері қандай? Бұл сұрақтардың жауабын Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.

Реклама
Реклама

Өткен жылдың қарашасында жас ата-ана атанған Жазира мен Бейбіттің айтуынша, серіктестік босану құптарлық жағдай. Себебі бір-біріне моральдық көмек көрсетіп, босанудың жеңіл болуына қолғабыс етеді.

"Жолдасымның өмірімдегі ең маңызды сәттердің бірінде қасымнан табылғанына қатты қуандым. Себебі ол қасымда болса қорғаным бар сияқты сезінемін, қорықпаймын. Тұңғыш сәбиім болғандықтан қорқынышым аз болған жоқ. Толғақ кезінде массаж жасап, ойымды басқа жаққа бөліп, ауырлық сезімін жеңілдетуге көмектесті. Байқағаным, оның жалпы әйел затына деген көзқарасы да өзгерген сияқты", - дейді жас ана.

Ал әйелінің босанған кезінде жанында болған Бейбіттің айтуынша, баланың өмірге келе салған сәтінен бастап жанында болу әкелік сезімді ерекше арттыра түседі.

"Әдетте ерлер үшін балалы болу, ата-ана болу дегеннің барлығы жеңіл сияқты көрінеді. Бәлкім, кейбіреулер сол үшін де отбасы, ана, әйел, бала дегеннің қадірін жетік білмей жататын шығар. Өз басым сол сәт үшін әлі де қуанамын. Анамның да қадірін бұрынғыдан гөрі жүз есе білгендеймін, өмірге бала әкелу деген біз ойлағандай оңай емес екен", - дейді ол.


© pixabay.com

Ал мамандар не дейді? "Ұлағатты жанұя" қоғамдық қорының президенті Марианна Гуринаның айтуынша, ер адамның әйелі босанған кезде жанынан табылуы отбасы үшін оң ықпал етеді.

"Серіктестік босануды қос қолдап қолдаймын, себебі баланың дүниеге келу жауапкершілігін әкесі де, анасы да сезінуі тиіс. Сонымен қатар, өмірге келген періштеге қатысты екеуінің де құқығы тең болуы қажет. Бұл жай ғана сөз емес, өз басым маман ретінде сол серіктестік босанудың нәтижесін көрдім. Жалпы, әйелі босанатын кезде жанында болуға келісетін ер адамдар жиі кездесе бермейді, өте сирек. Ал серіктестік босануға қатысқан ерлердің одан кейінгі отбасылық өмірі өзгере бастайды, әрине жақсы жаққа қарай, оған өз басым талай мәрте куә болдым", - дейді ол.

Гуринаның айтуынша, серіктестік босану ерлі-зайыптының психологиялық ахуалына жақсы өзгерістер әкеледі.

"Серіктестік босанудан кейін әйел мен ерінің арасындағы сезім артып, жауапкершілік күшейе түседі. Балаға деген махаббат, отбасы үшін жауапкершілік еселенеді. Қазір ажырасу көп деп айтылады, себептердің арасында ерлі-зайыптылар арасындағы түсінбестік, босанудан кейінгі күйзелістер де жоқ емес. Ал сол ауырлықты әйелімен бірге көтерген ер адам әйеліне көмектесіп, баланы қарау мен тәрбиелеуге атсалысады. Ондай отбасында өскен бала да ата-ананы бірдей жақсы көретін болады. Тіпті ондай әкелер баласына мақтанышпен "мен де сені босандым" деп айта алады, ол отбасы үшін керемет сезім және өте маңызды", - деді Гурина.

Оның айтуынша, серіктестік босану өз ұлының да басынан өткен.

"Өз отбасымда болған жайтты да айтайын. Келінім босанатын кезде ұлым әйелінің жанында болудан бас тартты. Алайда мен оны көндіріп, бірге кіретінімді айттым. Босанар кезде дәрігер бір адамның ғана қалуына рұқсат берді, сол кезде көрінбей, палатадан шығып кеттім, ұлым жұбайының жанында болды. Перзенті дүниеге келгенде қатты жылады, кейін де қолынан түсірмеді. Қазір отбасыларына қарап отырып сол кезде дұрыс істегеніме көзім жетеді", - деді ол.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram