Кеше Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қазақстандық келіншектер күйеуінің рұқсатынсыз түсік жасамасын деген ұсыныс білдірді. Ер адамдар депутаттың бұл ұсынысын қос қолдап қолдаса, әйелдер наразы екенін жеткізген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 80 миллионға жуық әйел жоспарсыз жүкті болса, оның 20 миллионға жуығы аборт жасатады екен. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстандағы және шетелдегі аборт мәселесіне шолу жасады.
Кеше Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қазақстандық келіншектер күйеуінің рұқсатынсыз түсік жасамасын деген ұсыныс білдірді. Ер адамдар депутаттың бұл ұсынысын қос қолдап қолдаса, әйелдер наразы екенін жеткізген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 80 миллионға жуық әйел жоспарсыз жүкті болса, оның 20 миллионға жуығы аборт жасатады екен. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстандағы және шетелдегі аборт мәселесіне шолу жасады.
Ресей
Ресей - әлем тарихында абортты заңдастырған алғашқы мемлекет. Көршілес елде аборт жасау 1920 жылға дейін қылмыс болып есептелген. Себебі медициналық қызметтің бұл түрі бала өлімімен теңестіріліп, өлім жазасы кесілген.
Ресейде аборт әйелдің өтініші бойынша (12 аптаға дейінгі кезеңде), әлеуметтік себептер бойынша (22 аптаға дейінгі кезеңде), сондай-ақ медициналық себептер бойынша (кез келген уақытта) жасалуы мүмкін. Жалпы Ресей федерациясында жыл сайын жарты миллионға жуық аборт жасалады екен.
Қытай
1970 жылдары Қытай жер, су және энергетика ресурстарын қолданатын адам саны көбейіп бара жатқандықтан амалсыз "Бір отбасы - бір бала" демографиялық саясатын ұстануына тура келген. Билік тәртіпке бағынбағандарды күштеп аборт жасатуға да мәжбүр болған.
Ал 2012 жылы Фенг Джианмей есімді тұрғынның оқиғасы елде сол кездері әлі де "Бір отбасы - бір бала" саясаты ұстанып келе жатқанының дәлелі болған. Ол бала саясатын бұзғаны үшін айыппұл төлей алмаған. Сондықтан Джианмей жеті айлық баласын аборт арқылы алып тастауға мәжбүр болған.
Бұл оқиға қызу талқыға түсіп, 2012 жылы 5 шілдеде Еуропалық парламент күштеп аборт жасату саясатын қолдамайтыны туралы резолюцияны қабылдаған.
Дәл сол жылы қытайлық қоғам мәжбүрлеп аборт жасау саясатынын қолдамайтынын жеткізгеннен кейін, "бір отбасы - бір бала" демографиялық саясаты күшін жойды. Сөйтіп 2013 жылдың 28 желтоқсанынан қытайлық отбасыларға екі бала тәрбиелеуге рұқсат етіле бастады. Кейіннен бұл шектеу толығымен күшін жойған.
АҚШ
АҚШ-та аборт жасау 1973 жылдан бері заңдастырылған. Бүгінде елдегі демократиялық партия аборттың заңдастырылуын қолдаса, республикалық партия қарсы екен.
Жалпы АҚШ-тың бірнеше штатында аборт жасауға нәрестенің жүрек қағысы пайда болған жағдайда тыйым салынған. Былтыр мамырда Луизиана штатының губернаторы Джон Бел Эдвардс аборт жасауға тыйым салынатын заңға қол қойған.
Бұл заң күшіне енген жағдайда аборт жасаған дәрігер 99 жылға бас бостандығынан айырылады. Одан бөлек, Кентукки, Огайо, Джорджия және Алабама штаттарының билігі аборт жасауға тыйым салатын құжатқа қол қойған.
Жапония
Жапондық дәрігерлерге аборт жасауға 1923 жылы рұқсат берілген. Кейіннен Жапония 1948 жылы ерекше жағдайда аборт жасауды заңдастырды. Сол жылдары батыс елдерінде медициналық қызметтің бұл түрін жасау қылмыс болып саналғандықтан еуропалықтар күн шығыс еліне келіп аборт жасатқан.
Бүгінде Жапонияда аборт жасауға:
- Аяғы ауыр келіншек немесе оның жары тұқым қуалайтын не психикалық аурудан зардап шеккен жағдайда;
- Жүктілік келіншектің денсаулығына зиян келтіргенде;
- Отбасының экономикалық жағдайы нашар болғанда рұқсат етіледі.
Жапонияда аборт жасау құны 1000 доллардан басталады екен.
Қазақстан
Қазақстанда кезінде аборт жасаған әйелдің 15 пайызы бүгінде бала сүйе алмай отыр екен. Елімізде жылына кем дегенде 30 мың перзент дүние есігін ашпай, аборттың құрбаны болады екен. Мәселен, 2018 жылғы дерек бойынша, сол жылы 28 589 әйел аборт жасатқан.
Жалпы елімізде аборт жасау заңмен қудаланбайды екен. Депутаттар аборт жасауға тыйым салуды да ұсынған. Алайда бүгінде бұл сауал әлі күнге дейін жауапсыз қалған көрінеді.
Қазақстанда аборт жасаудың екі түрі бар:
Біріншіден, хирургиялық әдіспен аборт жасайтын әйел адамның жазбаша келісімін алып жасау.
Екіншісі, заңсыз аборт, яғни медициналық білімі жоқ адамның әйел мен баланың денсаулығына зиян келетінін біле тұра аборт жасауы.
Қазақстанда аборт жасауға болатын жағдайлар:
- Аборт жасаудың алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және физиологиялық теріс салдарды, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелер өткізуге міндетті;
- Аборт жасау әйелдің қалауы бойынша жүктіліктің он екі аптаға дейінгі, әлеуметтік жағдай бойынша жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қатер төндіретін жағдайда жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.
Кәмелетке толмағандар аборт жасауы үшін ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімі керек.
Жалпы елімізде аборт жасау құны әр мекемеде әртүрлі. Мәселен, жекеменшік емханада аборт жасау 24 мың мен 50 мыңның аралығында болса, мемлекеттік мекемелердегі аборт жасау құны шамамен 8 мың мен 12 мың аралығында екен.