26 октября 2021 | 16:18

Жақын арада елдер өз ұлттық криптовалютасын шығаруы мүмкін бе?

Көрнекі сурет. © pixabay.com

Заманауи технологиялар төлем жүйесіне зор ықпал етіп жатыр. Кейінгі жылдары электрон әмияндар да көбейді. Ал бүгінгі нарықта көп айтыла бастаған майнинг пен криптовалюта өз алдына бөлек құбылыс. Иә, цифрлық активтер капиталды сақтау құралына айналды, бірақ мұнда инвестицияны толыққанды зерттеп, жер сипап қалмау маңызды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне криптовалюта және блокчейн сарапшысы Адильбек Шунгулов айтып берді.    

ПОДЕЛИТЬСЯ

Заманауи технологиялар төлем жүйесіне зор ықпал етіп жатыр. Кейінгі жылдары электрон әмияндар да көбейді. Ал бүгінгі нарықта көп айтыла бастаған майнинг пен криптовалюта өз алдына бөлек құбылыс. Иә, цифрлық активтер капиталды сақтау құралына айналды, бірақ мұнда инвестицияны толыққанды зерттеп, жер сипап қалмау маңызды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне криптовалюта және блокчейн сарапшысы Адильбек Шунгулов айтып берді.    

2009 жылы Сатоши Накамото (бұл псевдонимің артында бірнеше адам да тұруы мүмкін) биткоиннің бағдарламалық кодын бірізділікке келтіріп, дүние жүзіндегі алғашқы криптовалютаны шығарды. Дәл осы күні бірінші блок толық кодталып, 50 биткоин өндірілді. Артынша тек цифрлық ақшамен шектелмейтін блокчейн технологиясы әлемді жаулап, нарыққа өзгеріс енгізді.    

Криптовалюта мен майнинг деген не?

Реклама
Реклама

Криптовалюта саласында 5 жылдан аса тәжірибесі бар Шунгуловтың айтуынша, криптовалюта мен майнинг сабақтас алгоритмде жұмыс істейді.

"Криптовалюта - цифрлық актив және төлем жүйесі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қолма-қол ақша емес, электронды валюта, оның төлемдері тек нақты транзакцияларды көрсетеді. Криптовалютаның басты ерекшеліктерінің бірі деп операциядағы үшінші жақтың болмауын айта аламыз. Мәселен, егер сіз кез келген банктен не оның қосымшасы арқылы ақша аударсаңыз, қызметін қолданған банкіңіз үшінші жақ боп шыға келеді. Ал криптовалютадағы үшінші жақ транзакцияны растайтын жүйенің өзі, яғни есеп-қисап жазбасы. Криптовалютаны "электрон ақша" деп атауға толық негіз бар және олардың әлеуметтік дәрежесін заң бекітеді. Біздің елімізде цифрлық актив деп көрсетілген.

Ал майнингке келетін болсақ, оны блокчейн жүйесіндегі транзакцияларды растайтын жүйе деп қарастырамыз. Майнинг процессі - компьютерлердің күрделі математикалық есептердің шешімін табуына негізделген. Тұтынушылар блокчейн желісін қолданғандықтан, олар белгілі бір блокчейннен бірлік, яғни криптовалюта түрінде сыйақы алады", - дейді ол. 

Қаншалықты қауіпті?

Сарапшының пікірінше, криптовалюта бар жерде тәуекел қатар жүреді. Сол себепті сарапшы адамдарды мұқият болуға шақырады.

"Криптовалютаның қаупі жоғары актив екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан әркім өз капиталына басымен жауап береді. Әдетте криптовалюталар блокчейн технологиясының қолданылуымен пайда болады. Блокчейн төлем жазбаларын арнайы блокқа жинап, уақытын белгілейді және соның нәтижесінде криптовалюталық транзакцияның цифрлық регистрі пайда болады. Ал ол жүйені бұзу оңай емес", - дейді Адильбек.  

Сондай-ақ, ол криптовалютадан туындайтын қауіптің алдын алу жолдары бар екенін айтты.

"Ол үшін арнайы жағдай жасалуы қажет. Ең алдымен, биржаны мұқият зерттеп, оның сын-қатерін бақылап отырған дұрыс. Веб-сайттар ұсынған қызметтерге де талдау жасау аса маңызды. Одан бөлек, транзакциялар үшін екі кезеңді аутентификацияны да қарастырған жөн.

Осы тұста бір маңызды мәселені көтергім келеді. Поштаға келген сілтемелерге мұқият болу керек, неге десеңіз, алаяқтар спам арқылы сіздің жеке ақпараттарыңызға қол жеткізуі мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, криптовалютамен айналысатын кез келген адам барлық қаржылық операцияға өзі ғана жауап береді", - деп түсіндірді Адильбек Шунгулов.

Қаржылық пирамидамен қандай байланысы бар?

Криптовалюта мен майнинг сегменті қарқынды дамып жатыр, бірақ қаржы мамандарының арасында жаңа валюта бірлігінің болашағына күмәнмен қарайтындар көп. Бірі криптовалютаны қаржылық пирамидаға баласа, енді басқасы бұл көзқарасты жоққа шығарып жүр.

"Қаржылық пирамидалар негізсіз табысты мақсат етеді. Олардың жұмысы көп жағдайда желілік маркетингпен тікелей байланысты. Сондай-ақ, қаржылық пирамидамен айналысатындар өз тобына адам тартумен айналысады. Біз бұл мәселені зерттеген едік. Криптовалютада адам шақырып, сол үшін қосымша табыс таптың деген әңгіме жоқ. Биткоин да блокчейннің негізінде жұмыс істейді, яғни бір активті сатып алсаң, ары қарай онымен не істесең де өзің білесің: биржада сатуға болады немесе басқа криптовалютаға ауыстыру мүмкіндігі бар", - дейді ол.  

Криптовалюта мен майнингтен қалай пайда табады?

Көптеген сарапшы мен кәсіпкердің криптовалютаны қайда инвестициялау керегін дауға айналдырғалы бірнеше жыл болды. Шунгулов өз сөзінде криптовалютадан қалай пайда табудың ең тиімді жолын атады. 

"Ең алдымен, адам ақшаны қалай және қайдан табатынын білген дұрыс. Кез келген адам активті белгілі бағаға сатып алады. Кейін ол өз капиталын қай биржада, қанша уақытқа сақтайтынын және қашан сататынын шешеді. Пайда табудың ең тиімді жолы - ұзақмерзімді инвестиция. Яғни, 5-10 жылға белгілі бір өнімге қаражат құйылады, кейін нарықтағы баға өскен кезде үстінен бірнеше есеге дейін жететін пайда табуға болады. Десе де, инвестиция құны сіздің табыс көзіңізге зиян келтірмеуі де маңызды. Одан кейін электрон нарықтағы белсенді сауданы да қарастыруға болады. Биржада жиі сатып алумен айналысатын трейдерлер бар. Олар нарық бойынша күнделікті талдау жасап, тауар айналымымен айналысады", - дейді сарапшы.

Криптовалютаны қайда сақтайды?

Криптовалютаны сатып алу не өндірумен мәселе шешілмейді. Ең маңыздысы - ондағы бірліктерді сенімді платформада сақтау. Қазақстандық сарапшы криптовалютаны сақтауға болатын 3 жолды көрсетті.

"Токендерді не криптовалютаны биржада, электронды әмияндарда немесе арнайы бағдарламалық сервистарда сақтауға болады. Әрине, басқа да платформаларды қарастыруға болады. Десе де, бұл тұста сенімді серіктес болатындай қызметтер қажет", - деді ол.

Қазақстандағы криптовалюта мен майнинг

Таяуда Қазақстан криптовалюта өндіруден әлем бойынша екінші орынға шықты. Қытай билігі майнинг мамандарының ісін күмәнді деп тапқаннан соң, Қазақстан жаһандық хешрейттегі үлесін 18 пайызға дейін өсірді. Тіпті, криптобиржалар тіркеліп, мүлікті криптовалютаға сатып алу мүмкіндігі туды. Адильбек Шунгуловтың айтуынша, Қазақстан билігі криптовалюта мен майнингтен үркіп тұрған жоқ.

"2020 жылы ҚР заңында өзгерістер енгізіліп, цифрлы майнинг, цифрлы активтер туралы түсінік енді. Десе де, Қазақстанда майнинг бақылауда тұр, себебі жақында майнерлердің мүмкіндігін тиып, ел бойынша тек 100 мегаватты қолдануға рұқсат деген заң қарастырылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бір майнинг фермасы 1 мегаватт қана жұмсай алады. Алайда осы жылы Президент цифрлы майнинті салыққа іліктіріп, заң аясында мәртебесін айғақтады. Бұл керемет мүмкіндік дер едім. Еліміз алғашқылардың бірі болып майнингті заң жүзінде рәсімдеді. Ал бұған дейінгі шектеулер тек бизнеске тұсау болды, өйткені майнинг пен криптовалюта арқылы мемлекетке инвестор тартуға болады, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төленеді. Таяқтың екі ұшы болады демекші, осы мәселеде ақ-қарасын айырып алатын мәселе бар. Мемлекет тарапынан заңсыз пайда тауып отырғандарды тыйып, қатал шаралар қолданса, заң аясындағы майнерлерден еш қауіп жоқ", - дейді Адильбек.

Криптовалютаның теңгеге кері әсері бар ма?

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банктың өзі цифрлы теңгені шығаруды талқыға салды. 

"Зиянынан пайдасы көп. Еліміз үшін ұлттық валютаның айналымда болғаны жақсы, бірақ криптоактивті қаржылық құралға айналдырған елдер де бар ғой. Алайда әр активті жеке қарастырып, оның қолдану аясын заң жүзінде белгілеген абзал. Жақын аралықта елдер өзінің ұлттық криптовалютасын шығаруы мүмкін. Қазірдің өзінде адамдар қолма-қол ақшаны көп қолданбайды. Кейіннен бұл өзгеріс басқаша түрленіп, жаңа электрон валютаның пайда болуына әкеп соғады", - деп сөзін аяқтады ол.

Қазақстанда тыйым салынған

Ал Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығының директоры Константин Пак криптовалютаның қазіргі жай-күйіне күмәнмен қарайтындығын жеткізді. 

"Ұлттық банктің ресми ұстанымы мен цифровизация заңы бойынша, Қазақстанда қамтамасыз етілмеген криптовалюталар айналымына тыйым салынғанын айта аламын, яғни барлық транзакция заңсыз деген сөз. Ал, керісінше, қамтамасыз етілген криптовалюталар жұмыс істеп тұр. Оның өзінде бұл саладағы шешімі табылмаған заң, экономика және технология тұрғысындағы мәселелер өте көп. Салық өндіру мен бақылау және рәсімдеу сұрақтары да бірізділікке келе қоймады", - дейді ол.   

Сонымен қатар, Пак жүйесі түбегейлі зерттелмеген криптовалютаның жұртқа тигізер зиянын да айтып берді.

"Негізі адамды алдау қиын емес. Осы іске мүдделі, аңқау адамды алдау,тіпті, оңай. Оларға көп табысты уәде етсең болғаны. Биткоиннан миллардтап пайда тауып жатқандарды жаңалықтарда айтып жүр. Осыдан кейін халықтың жеңіл ақша табуға деген қызығушылығы артып жатыр. Ең қарапайым тәсілі осы болса, қалғаны тек айла-амалдың түріне байланысты. Сол үшін криптовалюта саласындағы кәсіби емес инвесторларды түсініксіз активтерден арашалап алу керек. Бұл сала толыққанды жетілгенде мемлекет халықты ақпараттандыру керек. Әліптің артын бағайық", - деді Константин Пак. 

Автор: Мұхтар Жәмішжанов

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram