ПОДЕЛИТЬСЯ
11 ноября 2020 | 14:23
"Ұятқа қалдырды". Түркістан облысында кәсіпкер карантинде көкпар берген
Желіде көкпар тарту кезінде түсірілген видео тарады. Кейбір желі қолданушысы видеода көкпаршылар төбелесіп жатыр деп болжаған. Tengrinews.kz тілшісі бұл оқиғаның анық-қанығын білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Желіде көкпар тарту кезінде түсірілген видео тарады. Кейбір желі қолданушысы видеода көкпаршылар төбелесіп жатыр деп болжаған. Tengrinews.kz тілшісі бұл оқиғаның анық-қанығын білді.
Видеодан құлап жатқан адамдар мен аттарды көруге болады, ал видео артындағы дауыс ойынды тоқтатуды сұрап жатыр. Бірақ көкпаршылар құлап жатқан аттардың үстінен өтіп, серкені көтеруге тырысып жатқандай.
"Тоқтатыңдар. Адам жатыр. Қайсысы көтерсе де, есептелмейді", - дейді видеодағы дауыс.
Бұл көкпар 8 қарашада Түркістан облысы Кентау қаласында өткен. Түркістан облысы көкпар федерациясының төрағасы Ғани Ахметбаев видеодағы көкпаршылардың төбелеспегенін айтады.
"Бұл жерде төбелес емес. Аттар бір-біріне шалысып, құлап қалған ғой. Көкпаршылар серкеге таласып, ойынды жалғастыра берген. Ұйымдастырғандар құлап жатқан адамдар мен аттар зақым алмасын деп ойынды тоқтатыңдар деп айғайлаған. Ол жерде серкені 80-90 рет тастаған соң, серке ұстауға келмей қатайып қалған. Көкпаршылар соған таласып кеткен", - дейді Ғани Ахметбаев.
Оның айтуынша, бұл көкпарды ұйымдастырған федерация емес, жекелеген адамдар екен.
"Білуімше, сол жақтағы кәсіпкер әкесін еске алып, ас берген. Астан кейін көкпар ұйымдастырған. Федерацияның қатысы жоқ, жеке адамдар жасап отыр. Шағын көкпар өткіземіз деген, бірақ көп адам қатысып кеткен. Расын айтқанда, мұны ұйымдастырған адамдар көкпарды ұятқа қалдырып отыр", - деді өңірлік көкпар федерациясының басшысы.
Айта кетейік, Түркістан облысында карантин режимі жарияланған. Қазанның соңында өңірдің бас санитар дәрігері Нұрбек Нышановтың жаңа қаулысы шыққан. Облыста адам көп қатысатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынған.
Жаңа қаулыға сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу қойылған. Сондай-ақ, өңірде 26 қазанда Жамбыл және Қызылорда облыстарымен шекарада санитарлық бекеттер орнатылған.
Показать комментарии
Читайте также