Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірнеше мәселе көтерді. Tengrinews.kz тілшісі 10 негізгі мәселеге шолу жасады.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірнеше мәселе көтерді. Tengrinews.kz тілшісі 10 негізгі мәселеге шолу жасады.
"Нағыз алматылық рухты жаңғыртуымыз керек"
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа үн қатты. Президент Алматы ерекше қала екенін, ал әкімнің алдында үлкен және күрделі міндеттер тұрғанын айтты.
"Сондықтан әлеуметтік мәселелерді шешуге зор мән беруіміз керек. Жалпы нағыз алматылық рухты жаңғыртып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күйін қайтаруымыз керек", - деді Тоқаев.
Президент наурыздың басында Алматыға сапар жасайды, оның барысында нақты мәселелер талқыланады. Тоқаев Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев бір мәселелерді шешіп, алға жылжыса, кей жерде түрлі себеппен үлгермеді, шеше алмағанын айтады.
"Қалай дегенмен, жалпы бағыт дұрыс. Сондықтан бұл бағытта алға жылжу керек. Алматы жұртшылығымен өте тығыз байланыста жұмыс істеуге тура келеді деп ойлаймын. Осы қалаға жұмыс сапарым барысында нақты мәселелерді талқылауымыз керек екенін тағы да қайталаймын", - деді Тоқаев.
Президент шағын бизнесті "Атамекен" ҰКП мүшелік жарнасынан босатуды тапсырды
Мемлекет басшысы бүгінде отандық бизнес құрылымындағы шағын компаниялар үлесі 90 пайыздан аса екенін айтты.
"Палатаны ("Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы) реформалау кезінде оның функцияларын әсіресе шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға бағыттау керек. Сонымен қатар, шағын бизнесті міндетті мүшелік жарналардан босату керек. Бұл айтпаса да түсінікті", - деді Президент.
"Еңбек ұжымдарының наразылығы күшейіп жатыр"
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысының әкімі баяндама жасап шықты. Көбіне облыс әкімі аймақтағы еңбек дауына қатысты баяндады. Президент қабылданып жатқан шараларға қарамастан, еңбек ұжымдарының наразылығы күшейіп жатқанын айтты.
"Оны ашық айту керек. Қызметкерлердің барлық талабын мұқият зерделеу қажет. Олардың заңды мүдделері сақталуы керек. Кәсіподақтар мен компания иелері арасында диалог құру қажет. Қабылданған шешімдерді қарапайым қызметкерлерге дұрыс түсіндіру керек. Наразылық білдіруші азаматтардың проблемаларын шешу үшін үкімет пен "Самұрық-Қазына" қоры бірге жұмыс істеуі керек. Қажет болса, Маңғыстау облысына тағы да арнайы үкіметтік комиссия жіберу керек", - деді Президент.
Делдалдарды тарату мәселесі
Отырыс барысында Президент делдалдарды тарату мәселесін шешуді тапсырды. Оның айтуынша, азаматтар өзіне жұмсайтын ақша осы компанияларға кетеді. Бұл жерде сөз комиссиялар мен тарифтер, түрлі делдалдар, монополиялық операторлар, қажетсіз агенттер туралы болып отыр.
"Бұл мәселені білесіздер. Сұрақ: Олардың қызметіне кім төлейді? Әрине, тұтынушы төлейді. Мұның себебі - қабылданған заңдар мен қаулылар. Яғни, мемлекеттік органдар көбінесе қоғам мүддесін емес, белгілі бір компаниялардың мүддесіне байланысты нормативтік-құқықтық актілер жасайды", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, қазақстандықтар өзіне жұмсауы тиіс қаражат осы компаниялардың қалтасына түседі. Енді Үкіметке осы мәселеге аса назар аудару, ал "Атамекен" ҰКП-мен бірге осындай жағдайларды анықтап, нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.
Қазақстандық автоөнеркәсіп туралы қауесеттер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық автоөнеркәсіп туралы қауесеттерді тексеруді тапсырды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде қазақстандық көліктердің көбі дайын күйінде келеді деген ақпарат жиі жарияланып отырады.
"Яғни "даярға-маяр". Бұл жерде асыра сілтеу байқалады. Оның мақсаты да түсінікті. Қалай болғанда да, мұндай мәлімдемелер шындыққа қаншалық сәйкес келетінін анықтау керек. Осыдан кейін шаралар қабылдау керек", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
"Бұл қаражат экономикаға жұмыс істеуі керек" - банктер бойынша тапсырма
Банктерді тиімді жобаларды несиелеуге ынталандыратын реттеу тетіктерін құру қажет. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Оның сөзінше, биыл 4-6 пайыз, 2025 жылы 4 пайыздық мақсатты инфляцияға қолжеткізу үшін Ұлттық банк тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізуі керек.
Президент банктерді тиімді жобаларды несиелеуге ынталандыратын реттеу тетіктерін құру Ұлттық банктің жаңа басшысы (Ғалымжан Пірматов - еск.) мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндеті екенін айтты.
"Самұрық-Қазынадағы" мемлекеттік сатып алулар туралы
Президент "Самұрық-Қазына" қорын түбегейлі реформалау қажет екенін тағы да айтты. Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Тоқаев қорды байыпты түрде қайта құру қажет екеніне баса назар аударғанын еске салды.
Оның айтуынша, сол баяғы компаниялар ұтатынын, кейін олар жұмыс көлемін қосалқы мердігерлерге береді, олар ары қарай тағы да қосалқы мердігерлерді тартады.
"Бұл жұмыс сапасына және баға параметрлеріне кері әсер етеді. Әрине, бұл саладағы монополияға қарсы күрес", - деді басқарма басшысы.
Утильалым бойынша тапсырма
Импорттық ескі-құсқы көліктер үшін нарық ашуға болмайды. Бұл туралы Президент Үкімет отырысында айтты. Утильалым мөлшері қайта қаралады, бірақ, тоқаевтың сөзінше, бұл жағдайда да шектен шығуға болмайды. Ал барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді мөлшерлемені анықтау қажет.
Президент ең бастысы - тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімді болуы екенін атап өтті. Енді Тоқаев өндірушілер мен дистрибьюторлардың реакциясын күтеді.
Шетелге шығарылған қаражатты қайтару жоспарын әзірлеу мәселесі
Тоқаев Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Яғни Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз әкетілген қаржыны және онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беру тапсырылады.
"Адал еңбек, әділ сыйақы идеологиясы компрадорлар (шетелдік капитал мен дамушы елдің ұлттық нарығы арасында делдал болған кәсіпкер - еск.), уақытша жұмыс істейтіндер дүниетанымын алмастыруы керек. Бұл әлеуметтік-экономикалық аспектілерге, мемлекеттік саясат мәселелеріне, ұлттық бірегейлік пен жастарды тәрбиелеуге әсер ететін үкімет пен қоғамның ортақ міндеті", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
"Алтын Орда" базарында тәртіп орнату мәселесі
Президент екі бірдей әкімге - Алматы және Алматы облысы басшыларына үкіметпен бірлесіп "Алтын Орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырды. Тоқаев қалада тұратын 3 миллион адам көп жағдайда "Алтын Орда" базарынан тауар сатып алатынын атап өтті.
"Алматы мен Алматы облысының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, осы базарда тәртіп орнатуды тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!