Білім және ғылым министрі Асхат Аймамғабетов 17 маусымға дейін ҰБТ өткізу пунктеріндегі кемшіліктерді жоюға тапсырма берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймамғабетов 17 маусымға дейін ҰБТ өткізу пунктеріндегі кемшіліктерді жоюға тапсырма берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 пунктіде өтетінін атап өтті. Ол жоғары оқу орындарында 8 пункт, колледжде 3 пункт, мектепте 120 пункт болатынын жеткізді.
"Қазіргі таңда біз дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қандай кемшіліктер барын да қарадық. Бұл мәселеге қысқа тоқталайын. Жалпы барлық ҰБТ өткізу пункті дайын. Алайда бірнеше кемшілік бар. Мысалы, онлайн трансляция ұйымдастырудың екі жолы бар. Біріншісін, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Екіншісін, біз орталық арқылы өткіземіз. Егер бірінші онлайн трансляцияда техникалық ақау болса, екіншісі қолжетімді болады", - деді Дидар Смағұлов Facebook желісінде өткен аппарат жиналысында.
Орталық директоры осы жылы ата-аналар ҰБТ өткізу пунктінен келе алмайтынын, олар тестілеуді онлайн трансляция арқылы бақылай алатынын айтты.
Сонымен қатар, ол Қостанай облысының Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыруға дайындығы нашар екенін жеткізді.
"Қостанай облысы Жітіқара қаласына сұрағымыз бар. Өкінішке қарай, мұнда тиісті жұмыстар ұйымдастырылмаған. Мемлекеттік комиссия отыратын дәліздерде 103 арнайы камера орнатылды. 43 пунктіде камера 20 маусымға дейін қосылады. Бірақ 15 ҰБТ өткізу пунктінде жұмыс тиісті деңгейде өтеді деп айта алмаймын. Ал 12 пунктіде тиісті жұмыс жүргізілген жоқ", - деді Дидар Смағұлов.
Оның айтуынша, 108 пунктіде камера бар. Осы орайда Асхат Аймамғабетов тиісті тапсырма берді.
"Бұл мәселелер бойынша комитет тиісті жұмысты атқарып жатыр. Жергілікті пунктерге барып, тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз берген тапсырма бойынша 17 маусымға дейін бұл жұмыс бітуі керек. Ертең барлық ҰБТ өткізу пунктін қабылдап аламыз. 17 маусымда менің қатысуыммен республика бойынша барлық ҰБТ өткізу пунктерінің, білім басқармаларының басшыларымен үлкен жиналыс өтеді. Онда барлық мәселені қарастырамыз", - деп түйіндеді сөзін министр.
Айта кетейік, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте 20 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық талаптар қатаң сақтала отырып өткізіледі. Жалпы 131 755 адам тестілеуден өтеді.
Осыған дейін білім және ғылым министрі ҰБТ-дағы жаңашылдықтар және тестілеуден қандай сұрақтар алып тасталғаны туралы айтқан болатын.