Қазір елімізде 99,5 мың адамның жеке куәлігінің мерзімі аяқталған. Олар төтенше жағдай режиміне байланысты құжаттарын жаңарта алмай отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазір елімізде 99,5 мың адамның жеке куәлігінің мерзімі аяқталған. Олар төтенше жағдай режиміне байланысты құжаттарын жаңарта алмай отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Шавқат Өтемісов төтенше жағдай режимінде жеке куәлігінің мерзімі аяқталған азаматтарға 7 АЕК және көлік жүргізу құжатының мерзімі аяқталған азаматтарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады деген қолданыстағы әкімшілік жауапкершілік әлі сақталғанын айтып, үкімет мүшелерінен мәселенің шешімін сұрады.
"Төтенше жағдай режимі кезінде көптеген азаматтың жеке куәлігі және көлік жүргізу куәлігінің мерзімі аяқталып, қиын жағдайда қалды. Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінде елімізде 99,5 мың адамның жеке куәлігінің, 68 мың адамның көлік жүргізу куәлігінің мерзімі өткен. Азаматтарымыз ала алмай отырған басқа құжаттар да бар. Карантин кезінде халыққа қызмет көрсету орталығы жабылғандықтан және пошта арқылы дайын құжатты ала алмағандықтан, олар құжатын жаңарта алмай отыр. Мұнымен бірге, жарамсыз жеке куәлігі үшін 7 АЕК және құжатсыз көлік жүргізгені үшін 20 АЕК айыппұл төлеу туралы қолданыстағы әкімшілік жауапкершілікті ешкім тоқтатпады. Бұл заң жобасын қараған кезде депутаттар түрлі сұрақ қойды. Біздің ойымызша, төтенше жағдай режимі кезінде мерзімі аяқталған құжаттар жарамды болып есептелуі керек. Осыған байланысты бұл мәселенің қалай шешілетінін айтып берсеңіз. Бұл заңнама төтенше жағдай режимі ұзартылған кезде керек болады", - деді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұндай жағдайда қалған азаматтарға мерзімі өткен құжатын қолдану құқығы берілуі керегін айтты.
"Төтенше жағдай кезінде құжатының мерзімі аяқталған азаматқа ескі құжатын қолдану құқығын беру керек деп есептеймін. Қазір бұл сұрақ былай шешіледі - қазір ІІМ өзінің құзырет аясында Президент әкімшілігімен келісе отырып, қаулы жобасын әзірлеп жатыр. Осылайша, төтенше жағдай кезінде азаматтар мерзімі аяқталған құжатын пайдалана алады", - деді Дәленов.
Содан соң депутаттың сұрағына ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин жауап берді. Оның айтуынша, ішкі істер министрі көлік жүргізу мен қару сақтауға рұқсат құжатының мерзімі өткен жағдайда айыппұл төлемеу туралы арнайы өкім шығарған, ал жеке куәлік мәселесі бойынша заң нормасын ұзартуға қатысты құжаттар президент әкімшілігінің қарауына жіберіледі екен.
"Иә, бұл мәселе біз төтенше жағдай туралы заңнама жобасын қарастырған кезде туындады. Бүгінде министр мерзімі аяқталған көлік жүргізу куәлігімен, қару сақтауға рұқсат лицензиясымен жүрген азаматтарды әкімшілік жауапқа тартпау туралы өкім шығарды. Жеке куәлігіне келетін болсақ, біз Мемлекет басшысының атына төтенше жағдай кезінде бұл норманы ұзартуға қатысты Мемлекет басшысының жарлығын шығару туралы құжатты дайындадық. Болашақта құжаттардың екінші кешенін жинаған кезде бұл норма қарастырылады. Бұл норманы депутаттармен комитет отырысында талқыладық", - деді Ильин.
Үкімет мүшесінің сөзін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бөлді.
"Сіз қазір қару сақтау нормасы туралы айтып отырсыз ба?", - деп сұрады Нығматулин вице-министрден.
"Жоқ, бұл барлық құжаттың тізімімен бірге", - деп жауап берді Ильин.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы жеке куәлігі мен көлік жүргізу куәлігінің мерзімі аяқталған адамдардың санын нақтылады.
"Ал, жаңа айтқан жеке куәлік бойынша 99,5 мың және көлік жүргізу куәлігі бойынша 68 мың деген сандар төтенше жағдай кезінде жиналып қалды ма?", - деп сұрады Нығматулин.
Вице-министр бұл тізімдегі жеке куәлігінің мерзімі аяқталғандардың қатарына мамыр айында тағы 60 мыңға жуық адам қосылатынын айтты.
"Иә, бұл төтенше жағдай режимі кезінде жиналғаны. Тағы мамыр айында жеке куәлігінің мерзімі аяқталған 90 мың адамға тағы, шамамен, 60 мың адам қосылады деп болжап отырмыз", - деді ол.
Мәжіліс спикері бұл мәселені министрдің бұйрығымен емес, заңнамалық деңгейде шешу керегін ескертті.
"Онда бұл норманы тек министрдің бұйрығымен шешпей, заңнамалық тұрғыдан шешу керек. Халық жеке куәлігінің, көлік жүргізу куәлігінің мерзіміне қатысты ғана емес, барлық құжатының мерзіміне қатысты дұрыс түсінетіндей заңнамалық норма болуы керек", - деп түйіндеді Нығматулин.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында төтенше жағдай туралы заңға тағы 14 сала бойынша заңнамалық нормалар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!