Кеше, 11 ақпанда Ералы Тоғжановтың Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалғаны хабарланған еді. Тоғжановтың еңбек жолында факультет деканы, облыс әкімі секілді қызметтер болған еді. Tengrinews.kz тілшісі жаңа вице-премьер туралы қызық деректер жинады.
Кеше, 11 ақпанда Ералы Тоғжановтың Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалғаны хабарланған еді. Тоғжановтың еңбек жолында факультет деканы, облыс әкімі секілді қызметтер болған еді. Tengrinews.kz тілшісі жаңа вице-премьер туралы қызық деректер жинады.
Ералы Тоғжанов 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шағатай ауылында дүниеге келген. Әкесі орманшы, анасы санитар болған.
Тоғжанов 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Болашақ шенеунік еңбек жолын 17 жасында Ақжайық ауданында Октябрь орман шаруашылығының жұмысшысы болып бастаған. Кейін Қарағандыда өзі тәмамдаған университетте оқытушы болып жұмыс істеген. ҚР Ғылым академиясында ғылыми қызметкер болған.
Артынша Ералы Тоғжанов бірнеше жыл Қазақ мемлекеттік заң университетінде еңбек еткен. Алдымен аға оқутышу, кейін декан болған ол филиал директоры, институт директоры қызметіне дейін көтерілген.
Тоғжановтың мемлекеттік қызметтегі жолы 2001 жылы басталған. Сол кезде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте бес жыл жұмыс істеген.
Кейін Әділет министрлігі дін істері комитетін басқарған. 11 жыл бойы Қазақстан халық ассамблеясында қызмет атқарған.
2017-2019 жылдар арасында Маңғыстау облысының әкімі қызметінде болған. Былтыр қыркүйекте Қазақстан кәсіподағы федерациясының төрағасы болып тағайындалған.
Ералы Тоғжанов үйленген. Жары Гүлнар Тоғжанова отағасына төрт қыз сыйлаған: Аяжан, Айғаным, Бақыттыгүл, Минура.
Отбасында мемлекеттік қызметте жалғыз Ералы Тоғжанов емес. Оның бауыры Марат Тоғжанов 2018 жылы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.
Мемлекеттік қызметкер футбол және волейбол спортын жақсы көреді. Сұхбаттарының бірінде жас кезінде дзюдомен айналысқанын айтқан. Маңғыстау облысының әкімі болғанда Ақтауда өткен турнирде дзюдо әдістерін көрсеткен болатын.
Сондай-ақ домбыра шертеді, ән айтқанды жақсы көреді. Ол былтыр Маңғыстау облысы әкімі қызметінен кеткен кезде шығарып салуға келген әріптестеріне домбырамен ән айтып берген еді.
Тоғжановтың бірқатар наградасы бар. Кеудесіне "Парасат", "Достық" ордендерін таққан. Сондай-ақ "Ерен еңбегі үшін", "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл", Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" медальдарымен наградталған.
Жаңа вице-премьер әлеуметтік желіде де отырады. Бүгінде Instagram желісіндегі парақшасында 1003 фолловер бар. Бірақ көбіне Facebook-парақшасында жазба жариялап тұрады.