ПОДЕЛИТЬСЯ
25 октября 2021 | 15:26
Тоқаев Президент болғалы кімдерден сыйлық алды?
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға сапары барысында ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтен сыйлық ретінде асыл тұқымды Ақалтеке арғымағы мен түрікмен тазысының күшігін алғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы бұған дейін де өзге ел президенттерінен түрлі сыйлық алған болатын. Президент сыйлық алып қана қоймай, өзі де ел президенттеріне естелік сый берген. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі Тоқаев бұған дейін алған бес сыйлық туралы материал дайындады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға сапары барысында ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтен сыйлық ретінде асыл тұқымды Ақалтеке арғымағы мен түрікмен тазысының күшігін алғаны белгілі болды. Мемлекет басшысы бұған дейін де өзге ел президенттерінен түрлі сыйлық алған болатын. Президент сыйлық алып қана қоймай, өзі де ел президенттеріне естелік сый берген. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі Тоқаев бұған дейін алған бес сыйлық туралы материал дайындады.
Путин берген шахмат тақтасы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыйлық бергендердің бірі - РФ басшысы Владимир Путин. Екі ел басшылары 2019 жылдың 8 қарашасында Омбы қаласындағы ынтымақтастық Форумында кездескен болатын. Ресми шаралардан кейін Тоқаев пен Путин бір-біріне естелік ретінде сыйлық жасады.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәрмәр мен малахиттан жасалып, күміспен күптеліп, алтынмен апталған шахмат сыйлады. Ал Тоқаев ресейлік әріптесіне Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай арнайы шығарылған Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романының екі томын сыйлады.
Лукашенко сыйлаған карта
Екі жыл бұрын 28 мамырда Нұр-Сұлтанда Беларусь президенті Александр Лукашенко Тоқаевпен бірінші рет кездесті. "Беларусь 1" телеарнасының мәліметінше, Лукашенко әріптесіне белорус азық-түліктері салынған корзина мен Қазақ хандығы дәуірлеп тұрған кезең - 1520 жылғы дүние жүзі картасын берген.
Ал Тоқаев Беларусь президентіне гольф сырғытпа таяғын сыйлады. Қазақстан Президенті бұған дейін де гольфке қызыққандықтан Лукашенкоға да осы спорт түрімен айналысып көруді ұсынған екен.
Қырғыз елінен картина
2019 жылдың қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның экс-президенті Сооранбай Жээнбековпен кездесті. Жээнбеков Тоқаевты Бішкектегі "Манас" әуежайынан күтіп алды. Артынша Тоқаев Қырғызстан Президентімен бірлесіп "Ата-бейіт" ұлттық тарихи-мемориалдық кешені мен Шыңғыс Айтматовтың мұражай-үйіне барды. Екі ел басшылары Айтматовтың жақындарымен кездесіп, музейді аралап қайтты. Кездесу барысында Шыңғыс Айтматовтың ұлы Эльдар Айтматов екі ел басшыларына музей туралы, әкесінің шығармашылық өмірі туралы айтып, Тоқаевқа картина сыйлаған болатын.
Фото: mfa.gov.kg
100 жасаған журналистен сыйлық
Биыл 23 шілдеде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер журналист Ханымбүбі Ақжоловамен 100 жасқа толуына орай кездескен болатын. Кездесу барысында министр журналиске Президенттің алғыс хатын табыстады.
Ханымбүбі Ақжолова Мемлекет басшысының құттықтауына ризашылығын білдіріп, "Бір ғасыр биігінде" атты жаңа кітапты Президентке табыстауды аманаттаған еді.
Бердімұхамедовтің сыйлығы
24 қазанда Түрікменстанға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге Ақалтеке жылқысына арналған кешеннің ипподромын аралап көрді.
Ашхабадтағы жылқы кешенін аралап көру барысында Түрікменстан Президенті Тоқаевқа асылтұқымды Ақалтеке арғымағын сыйлады. Одан бөлек, Мемлекет басшысына түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также