РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 декабря 2022 | 12:01

"Тәуелсіз елім - тірегім!": AMANAT партиясының қолдауымен аламан айтыс өтті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Астанада AMANAT партиясының қолдауымен "Тәуелсіз елім - тірегім!"
республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр аламаны ел егемендігі мен ұлт тұтастығына
арналды.


Астанада AMANAT партиясының қолдауымен "Тәуелсіз елім - тірегім!"
республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр аламаны ел егемендігі мен ұлт тұтастығына
арналды.

Айтыстың ашылуында AMANAT-тың Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияның
ұйытқы болуымен биыл бірқатар республикалық айтыс ұйымдастырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, партия ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға үнемі үлкен үлес қосып келе
жатқанын жеткізді.

"Тәуелсіздіктен бағалы ештеңе жоқ. Сондықтан, бүгінгі жыр додасының жөні бөлек.
Айтыс - қазақтың бойтұмары, ата-бабаларымыздан аманат болып жеткен киелі өнер
жәдігері. Ұлтымыздың руханиятын, мәдениетін дамыту мен қолдау ісі бір сәт те
тоқтамайды. Біз ұлттық өнерді қолдауды алдағы уақытта да жалғастырамыз", - деді Асхат Оралов.

Айтыс тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дүбірлі доданың мәні мен
маңызына тоқталып, қазылар алқасының құрамын және сынға түсетін ақындар қауымын таныстырды. Өз кезегінде, еліміздің түкпір-түкпірінен Астана төріне ат басын бұрған 14 ақын көзіқарақты көрерменнің алдында орамды ой айтып, сүбелі сөз өрбітті.

Ақындардың жеті жұбы ең асыл қазынамыз саналатын азаттықтың қадір-қасиетін жырға қосты. Сөйтіп, түс ауа басталған сөз барымтасы қас қарайғанша жалғасты. Соған қарамастан, қанға сіңген қастерлі өнердің қадірін білетін айтыс сүйер қауым бір сәтке болсын тарап кеткен жоқ. Тапжылмай тамашалады.

"Айтыс - ақсүйек өнер. Бүгін халықтың ықыласына бөленген аламан ұйымдастырылды.
AMANAT партиясы алдағы уақытта да руханият пен мәдениетке, қазақтың болмысына,
тіліне, діліне арналған осындай іс-шараларды өткізуді жалғастырады деп сенемін", - деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай.

Осылайша, көрнекті ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым
Жайлыбай бастаған қазылар құрамының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Ал жүлделі 1-орын түркістандық Бекарыс Шойбековке, 2-орын ұлытаулық Төлеген Жамановқа бұйырды. 3-орынды ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев, Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы, көкшетаулық Нұрмахан Жақыпбек және қостанайлық Айбек Қалиев өзара бөлісті.

Сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сияпат табысталды.

"Бүгін елорда төрінде ұлттық өнеріміз ұлықталып, жыр жәрмеңкесі қанат жайды. Бұл -
айтыс өнерінің абыройы асқақтаған күн. Төл өнеріміз ғасырдан ғасырға жалғаса беруіне тілектеспін. Жыр бәйгесін жоғары деңгейде ұйымдастырған ел ағаларына, алтын уақытын қиып келген көрерменге алғысым шексіз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Еліміз мәңгі жасасын", - деді жыр бәйгесінің жеңімпазы Мейірбек Сұлтанхан.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети