Қаңтар елімізде жаппай тәртіпсіздіктерден басталды. Бірнеше қалада сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты бейбіт басталған шерулер тәртіпсіздікке ұласты. Бүгінде наразылық шаралары өткен біраз аймақ қалыпқа келтіріле бастады. Шерулер қызып тұрған шақта өңір әкімдері қалай әрекет етті? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Қаңтар елімізде жаппай тәртіпсіздіктерден басталды. Бірнеше қалада сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты бейбіт басталған шерулер тәртіпсіздікке ұласты. Бүгінде наразылық шаралары өткен біраз аймақ қалыпқа келтіріле бастады. Шерулер қызып тұрған шақта өңір әкімдері қалай әрекет етті? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев
Көптеген адам жағдай өршіп тұрған қала басшысы әкімдікке шабуыл жасалып, қалада тәртіпсіздіктер басталғанда, наразылық білдірушілерге шықпағанына наразы болды. Тіпті тәртіпсіздіктер басыла бастаған кезде Желіде Сағынтаевтың отставкаға кетуі туралы петиция жарияланды. Артынша Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кеткені туралы қауесет тарады. Бірақ 13 қаңтарда кешкі уақытта әкімдік өкілдері бұл ақпаратты теріске шығарды.
Баспасөз қызметі қала әкімі жұмыс орнында өз міндеттерін атқарып жатқанын, Алматының тыныс-тіршілігін тезірек қалпына келтіру мәселелерін шешіп жатқанын хабарлады.
Ал наразылық білдірушілерге не үшін шықпағанын әкім былай деп түсіндірді:
"Бәріміз жұмыс орнында, штабта болдық. Алғашқы түні таңға жуық мәлімдеме жасадым. Келесі күндерде штабта болдық. Басты міндетім Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, әкімшілік, басшылықпен байланыс орнату болды. Осы жұмыстардың бәрін үйлестірдік. (...) Қосымша күштер келіп, арнайы жасақ әкімдік пен алаңды тазартқанда, штабтағы әріптестерім әкімдік пен алаңға шықты. Сол жерде бізге оқ атты, жан-жақтан оқ жаудырды. Артымыздан қуды. Бізді күтіп отырған. Олар қайда баратынымызды білген", - деді Сағынтаев "31 арнаның" жүргізушісі Асқар Меңдібаевқа берген сұхбатында.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев
Газ бағасына наразы болған халықтың алдына шыққан әкімнің бірі - Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Әкім 3 қаңтарда халық алдына шығып, үндеу жасады. Ол күні, "Лада" басылымының мәліметінше, жергілікті тұрғындар Ынтымақ алаңында киіз үй тіккен. Өңір басшысы жиналғандарға бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АГҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу мәніне тергеуді бастағанын хабарлады. Одан бөлек, Ноғаев наразылар қоғамдық тәртіпті сақтауы керегін түсіндірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі кез келген мәселені конструктив диалог арқылы шешуге болатынын ескертті.
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жүздеген адамның алдына шығып, басу айтты.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев халық алдында. Фото: Желідегі видеодан скрин
Әкім Талдықорғанда жиналған халықпен кездесті. Ол халық алдында дыбыс зорайтқыш арқылы сөз сөйледі. Одан бөлек облыс әкімі тұрғындарға ешқандай үндеу жасамады.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев
Ал Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Tengrinews.kz тілшісіне 5 қаңтарда Таразда митинг пен тәртіпсіздіктер кезінде қайда болғанын баяндап берген болатын.
5 қаңтарда Бердібек Сапарбаевқа Қауіпсіздік департаментінен бейбіт митингіге арандатушылар, бұзақылар қосылмақ деген хабар түскен. Облыс әкімі қоғам өкілдері, ардагер, депутат, спортшыларды халыққа басу айтуға жіберген.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Халық арасындағы адамдар бірін-бірі тыңдайды деп ойладым. Оларға жағдайдың қалай болғанын түсіндірсін, мемлекет, әкімдік тарапынан барлық шара қолданылады, айтқан талаптары орындалады, құлақ асамыз деп басу айтсын дедім. Бірақ сөздеріне нанбаған соң халық алдына өзім шықтым. Барлық жағдайды түсіндірдім. Шынын айтқанда, жиналғандар не керегін өздері білмейді. Әр нәрсені бір айтады. Былай түсіндіріп тоқтау айтсам, құлақ аспайды", - дейді әкім.
Бердібек Сапарбаев алды қара түтін өртеніп жатса да ғимараттан, әкімдіктен, халықтың арасынан кетпегенін айтты. Халық тарқағанша әкім ұйықтамай, сол жерде болған екен.
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов
Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады. Ол тұрғындарды деструктив күштердің арандатуына ермеуге шақырды.
"Дегенмен, құқық қорғау органдарының бәрі жұмысын күшейтілген режимде жалғастырып жатыр. Елорданың периметрі бойынша блокбекеттер орнатылды, сол сияқты полиция қызметкерлері аулаларды және пәтерлерді аралайды. Өздеріңіз білетіндей, қаламызға сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Полиция қаланы күзетеді. Бұл уақытта тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынады", - деп жазды қала әкімі Instagram-парақшасында.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов
ШҚО әкімі халықты сабырға шақырып, мәлімдеме жасады.
"Біз тұрғындарға туғызған келеңсіздік, яғни интернет желісінің өшірілуіне байланысты кешірім сұраймыз. Бірақ террористер үшін интернет байланыс коммуникациясының бірден бір құралы, сондықтан бұл мәселеге жоғары түсінушілікпен қарауларыңыз қажет. Бүгінде коменданттық сағатты сақтай отырып, барлық кәсіпорын, дүкен, дәріхана мен медициналық мекеме штаттық режимде жұмыс істеп жатыр (...) Облыс тұрғындарын тек сабыр сақтауға шақырамын", - деді Ахметов Instagram желісіндегі парақшасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Артынша Даниал Ахметов облыстағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен тәртіп сақшыларының жағдайын сұрап қайтты.
Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда өзге өңірлерде де митингілер басталды. Бастапқыда бейбіт басталған шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Соңғы мәліметтер бойынша, тәртіпсіздіктен кейін 10 мыңға жуық адам ұсталған.