ПОДЕЛИТЬСЯ
19 апреля 2019 | 16:09
Тарихи ескерткіштеріміз қалай қорғалған - Айша бибі мен Қарахан кесенелері
Tengrinews.kz тілшісі 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнінде еліміздегі тарихи ескерткіштердің қауіпсіздік мәселесін анықтап көрген еді. Бұл жолы Жамбыл облысындағы Айша бибі мен Қарахан кесенелерінің қауіпсіздік жүйесі жайлы әңгімелемекпіз.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Tengrinews.kz тілшісі 18 сәуір - Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнінде еліміздегі тарихи ескерткіштердің қауіпсіздік мәселесін анықтап көрген еді. Бұл жолы Жамбыл облысындағы Айша бибі мен Қарахан кесенелерінің қауіпсіздік жүйесі жайлы әңгімелемекпіз.
ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші - Айша бибі кесенесі Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Айша бибі ауылында орналасқан. Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесененің тек батыс бөлшегі ғана сақталған.
Туристерді қызықтыратын Айша бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббаты туралы аңызды айтпай өтуге болмас. Аңыз бойынша Айша өзінің ғашығы Қараханға бара жатқан жолында жылан шағып, қайтыс болған. Оның басына күмбез салдырған Қарахан да кейін осы кесене маңында жерленіп, осылайша екі бірдей кесене ұлт жәдігері болып бүгінге дейін сақталған.
"Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің заңгері Ержан Слановтың айтуынша, Айша бибі мен Қарахан кесенелері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
"Бұл жерге зиярат етіп келушілер өте көп. Күніне шамамен 200-ден аса адам келеді. Қауіпсіздігі жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Бірақ кесенелерге күзет қызметі қойылған, яғни екі күзетші ауысымға шығады. Қазіргі уақытта келесі айға деп, өрт сөндіру қызметтерімен айналысатын компаниялармен өрт қауіпсіздігі шараларын ұйымдастыруды, сонымен қатар, өртке қарсы дабыл қаққыш жүйесін орнатуды жоспарлап отырмыз", - дейді Сланов.
Сондай-ақ, осы аталған екі кесенеде де бейнабақылау камералары қойылып, үздіксіз бақылау жүргізіледі екен.
"Біздің қорық-музейге қарайтын екі кесенеде бас-аяғы 14 бейнебақылау камерасы орнатылған. Екі кесене де бір-біріне жақын орналасқаннан кейін бұл камералар жеткілікті", - дейді маман.
"Сол бақылау жүргізетін күзет қызметінің бір қызметшісі таңғы 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмысқа шықса, кейін екінші күзетші тәулікке жұмысқа шығады. Бұл күзет компаниялары алдын ала келісімшарт жасасқанда арнайы курстан өткен, мықты мамандарды қызметке қоятыны, олардың әрқайсы өз қызметіне тыңғылықты қарайтыны негізгі шарттардың бірі болған", - дейді музей заңгері.
"Террористік шабуыл, вандалдардың қаскөйлігі және өрт жағдайына қарсы алдын алу шаралары үнемі музейде өтіп отырады. Күзет қызметіне жылына екі рет антитеррорлық оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу міндеттелген, яғни сәйкесінше, өз қызметкерлерінің дайындығын тексереді. Ал біздің тараптан комиссия құрамына адам еніп, сол дайындыққа өзінің тиісті бағасын беріп отырады", - дейді Ержан Сланов.
Суреттер "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени мемлекеттік қорық-музейінен
Еске салайық, елімізде тарихи жәдігерлеріміздің қауіпсіздік деңгейі жоғары емес екенін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да айтқан еді.
"Нақтысын айтуымыз керек, қауіпсіздік деңгейі жоғары емес. Мәселен өткен жылы Бразилиядағы музей өртеніп кеткен болатын. Біз, әрине, күндіз-түні еліміздегі музейлер мен тарихи маңызы бар ескерткіштердің жағдайын біліп отырамыз. Барлық музейде қауіпсіздікті күшейтуіміз керек. Өрт сөндіру қызметіне ғана сеніп отырмауымыз керек, әйтпесе мұның арты Нотр-Дам де Паридегі өрт секілді қайғылы аяқталады", - деп пікір білдірген еді министр.
Тарихи ескерткіштеріміз қалай қорғалған - Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан Баб кесенелері
Показать комментарии
Читайте также