Психотерапевт мамандар отбасындағы ұрыс-керіс баланың жан-дүниесін терең жаралап, оның психикасына кері әсерін тигізеді деген пікірде. Ал Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуінше, жанжал жиі болатын отбасында дүниеге келген сәби 6 айынан күйзеліске ұшырайды. Осы орайда психолог, психоаналитик Сая Бақимова ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал балаға қалай әсер ететінін, бала қандай жағдайда психологиялық соққы алатынын, отбасын қашан құру керегін Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Психотерапевт мамандар отбасындағы ұрыс-керіс баланың жан-дүниесін терең жаралап, оның психикасына кері әсерін тигізеді деген пікірде. Ал Ұлыбритания ғалымдарының зерттеуінше, жанжал жиі болатын отбасында дүниеге келген сәби 6 айынан күйзеліске ұшырайды. Осы орайда психолог, психоаналитик Сая Бақимова ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал балаға қалай әсер ететінін, бала қандай жағдайда психологиялық соққы алатынын, отбасын қашан құру керегін Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
"Отбасындағы тұрақтылық маңызды"
Алдымен психолог бала үшін отбасында жылы қарым-қатынастың, сенім мен мейірімнің болуы маңызды екенін атап өтті.
"Отбасындағы тұрақты атмосфера бала үшін өте маңызды. Тұрақты атмосфера дегеніміз не? Бұл - күнделікті бір іс-әрекеттің қайталануы. Мысалы, әкесінің жұмысқа баруы, оны балабақшаға апаруы, анасымен бірге үйде қалуы. Ата-анасының осы іс-әрекеті арқылы баланың сау психикасының іргетасы қаланады", - дейді Сая Бақимова.
Психологиялық соққы
Маман бала қандай жағдайда психологиялық соққы алатынын түсіндірді. Оның айтуынша, оның бірнеше түрі бар.
"Біріншісі, кенеттен болатын оқыс оқиға. Ата-анасы, ата-әжесі, бауырының қайтыс болуы. Бұған табиғи апаттарды да жатқызуға болады. Мысалы, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы жағдай. Екіншісі, ұзақ жылдар бойы қайталанатын психологиялық соққы. Оның кері әсері анағұрлым жоғары. Мысалы, баланың ата-анасы маскүнем, нашақор болуы, олардың жиі ұрсысуы, адамдардың бір-біріне пышақ ала жүгіруі, өлімші етіп сабауы", - дейді психолог.
Сая Бақимова дүниеге көзқарасы әлі қалыптаспаған бала бұл жағдайды өте ауыр қабылдайтынын, психикасына кері әсерін тигізетінін жеткізді.
"Әрбір үшінші қыз зорлыққа ұшыраған"
Сонымен қатар, ол психологиялық ауыр соққының бір түрі - жыныстық зорлық-зомбылық екенін атап өтті. Маман өз тәжірибесінде мұндай жағдаймен бетпе-бет келгенін ашық айтты.
"Мен бір рет бағдарламаға статистика жасадым. Бір жарым айда 25 адаммен кездесіп, жаңа 5 адаммен жұмыс істедім. Маған көбінесе әйелдер келеді. Статистикаға жүгінсек, маған келген әрбір үшінші қыз балалық шағында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ең сорақысы бұл жағдай отбасында басталған. Ағасы, туысқан ағасы, атасы және алыс туысқандары мұндай сорақы әрекетке барған. Салдарынан бала үлкен психологиялық соққы алған", - дейді Сая Бақимова.
"Бұл балаға тыныштық сыйлайды"
Сондай-ақ, маман ажырасқысы келіп жүрген отбасыға баласымен ашық сөйлесуге кеңес берді. Оның пікірінше, бұл баланың тыныштығы үшін маңызды.
"Мен 3-6 жас аралығындағы баланы айтып отырмын. Ол "Ата-анамның ажырасқанына мен кінәлімін” деп ойлайды. Бала жағдайды толық түсінбейді. Себебі, сыни ойлауы әлі қалыптасқан жоқ. Бала ересек адамдардың арасындағы қарым-қатынас қандай болатынын білмейді. Бұл да психологиялық соққы. Мұндай жағдайда ата-ана баласын алдына отырғызып, "Құлыным, біз сені жақсы көреміз. Ажырасуымызға сен кінәлі емессің. Біз сенің ата-анаң болып қала береміз. Қазір біз бөлек тұрғалы жатырмыз" деп онымен сөйлесуі керек. Бұл балаға тыныштық сыйлайды", - дейді психолог.
"Олар ешкімге сенбейді"
Сая Бақимова жиі ұрыс-керіс болатын отбасында тәрбиеленген балалар ешкімге сенбейтінін айтады. Тіпті, оларда паранойя ауруы пайда болуы мүмкін.
"Баланың ата-анасы маскүнем болды делік. Мұндай отбасында өскен балалардың адамға сенуі өте қиын. Өйткені, бұл үйде бұл базалық сенім қалыптаспаған. Баланың паранойясы болуы мүмкін дейді", - дейді маман.
"Отбасын саналы түрде құру керек"
Психолог 35 жасқа дейінгі адамдармен және жас отбасылармен жұмыс істейтінін жеткізді. Оның айтуынша, 5-7 жылдан соң, жас отбасында түсінісбеушілік туындап, олар ажырасуы мүмкін. Осы орайда маман үйленгісі келетін жастарға кеңес берді.
"Отбасын саналы түрде құру керек. Мысалы, 19-20 жастағы екі жұп жастықтың желеуімен, "мен онсыз өмір сүре алмаймын" деген алып-ұшқан сезіммен үйленеді. Ал 26 жасқа келгенде ажырасып кетеді. Сондықтан отбасын құрмай тұрып, жақсылап ойланған жөн", - деп түйіндеді сөзін Сая Бақимова.