РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
13 августа 2018 | 11:58

"Стереотиптердің көбі өтірік". Қытайдағы қазақ студенттерінің тыныс-тіршілігі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қытайда білім алуды таңдағандар өз шешімін ондағы білім беру деңгейі мен елдің қарқынды дамуында деп түсіндіреді. Әрине қай жерде оқыса да өзіндік қиындықтар болады. Қытайда оқитын қазақстандық студенттердің айтуынша, елге алғаш келгендегі басты проблема - тіл екен. Олар Tengrinews.kz тілшісіне Қытайдың білім белу жүйесі мен ондағы тіршілік тынысы жайлы айтып берді.  


Қытайда білім алуды таңдағандар өз шешімін ондағы білім беру деңгейі мен елдің қарқынды дамуында деп түсіндіреді. Әрине қай жерде оқыса да өзіндік қиындықтар болады. Қытайда оқитын қазақстандық студенттердің айтуынша, елге алғаш келгендегі басты проблема - тіл екен. Олар Tengrinews.kz тілшісіне Қытайдың білім белу жүйесі мен ондағы тіршілік тынысы жайлы айтып берді.  

19 жастағы алматылық Айдана Әшірова Халықаралық қазақ-қытай колледжін үздік дипломмен тәмамдаған. Жақсы оқып, колледж қабырғасында белсенділік танытқаны үшін оны бір жылға Қытайға білім мен тәжірибе алмасуға жіберіпті. Айдананың айтуынша, Қытайда бір шоколадтың өзі пара болып саналады екен. 


Айдана Әшірова Southwest University-де. Сурет жеке мұрағатынан

"Чунцин - Қытайдағы ең ірі қала. Онда Southwest University-де бір жыл білім алдым. Түсінгенім, Қытайдағы мұғалімдер баланы оқы деп қинамайды. Оқитын балаға көмектесіп, оқығысы келмейтіндерге тиіспейді. Ал білім беру деңгейі өте жоғары, мұғалімдер жан-жақты, студенттерге адал қарайды. Бір күні анам қазақстандық шоколадтар жіберген, мұғалімім біздің өнімнен ауыз тисін деп беріп едім, алмай қойды, болмайды деп. Мұнда тек таза білім бағаланады", - дейді ол.

"Стереотиптердің көбі өтірік"

Қазақстандық қыз енді Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Jinan университетіне 4 жылға білім беру грантын жеңіп алыпты. Мамандығы - аудармашы. Айдананың айтуынша, ол айына 125 мың теңге шәкіртақы алады. Университетке түсу үшін алдымен HSK тестін тапсыру керек. Ол қытай тілінің деңгейін тексеретін сынақ. Оның 3-4-ші деңгейінен өтсе бакалаврға, ал 5-6 деңгейін еңсерсе магистратураға түсуге болады екен.


Қытайдағы көше аспазы

"Қытайлықтарға қатысты қалыптасқан стереотиптердің көбі өтірік. Олар мүлдем құрт-құмырсқа жемейді". Бұл қазақстандық қыздың сөзі.

"Отанда жүргенде жанымдағы адамдар "қытайлар құрт жейді, қаласы кір, сасық, қауіпті" дейтін. Шынымды айтсам, бойымды үрей биледі. Бірақ барлығын өз көзіммен көргенде, оның бәрі жалған екен түсіндім. Бір жыл тұрып құрт жеген қытайлықты байқамадым. Олар да біз секілді, қарапайым тағамды тұтынады. Ащы екені болмаса... Оған да үйреніп кетеді екенсің. Мен тұрған қалада қауіпсіздік деңгейі өте жоғары. Түнгі сағат екі-үште үйден шықсаң да біреу далада тиіседі деп қорықпайсың. Қала да үлкен, тап-таза, әдемі ғимараттар мен орындар көп. Көшелер көгалдандырылған, пальма, банан өсіп тұрады. Чунцинде қыс, күз болмайды екен. Ауа райы түсініксіз. Ыстық, ауасы ылғалды. Біресе жаңбыр сіркіреп жауса, ал бірде күн ысып кетеді. Ал кейде суытады. Күн жоқ болса да дала жап-жарық көрінеді", - дейді Айдана.


Ұлдар мерекесіне дайындық. Сурет Айдана Әшірованың жеке мұрағатынан. 

Қазақстандық қыздың айтуынша, қытайлар өте қарапайым және әдепті.

"Қалаға алғаш келгенде қытайша мүлдем білмейтінбіз. Бір күні SIM-карта орнататын жерге баруым керек болды. Екі қытай қыздан жол сұрадық, олар білетінін айтып, бізді таксиге отырғызып, ақысын төлеп, бізбен бірге орнататын жерге барып, жұмысымызды аяқтауға көмектескен. Сол кезде қытайлықтарға риза болғанмын. Негізінен жергілікті тұрғындар ашық-жарқын, әдепті, әсіресе шетелдіктермен сөйлескенді жақсы көреді. Қазақтарға жақсы қарайды, бір нәрсе сұрасаң қашпайды, барынша көмектесуге тырысады. Көшеде абайсызда қағып кетсең, қабақ шытпайды, оның орнына өздері екі-үш реттен кешірім сұрап, ұялтады. Ешкімнен дөрекілік байқамаппын", - дейді Айдана қытайлықтарға баға беріп.

"Олар адамның сыртқы келбетіне қарамайды. Өздері де қарапайым киінеді. Бірде мұғалімім әдемі көйлекпен резеңке сланцы киіп алыпты. Олар көбіне ақшасын пәтерге немесе көлік алуға жұмсайды", - деп қосты ол. 


Қытайдағы шыны көпір. Қазақстандықтардан сұхбат алған кез. Айдана Әшірованың жеке мұрағатынан.

"Қытайда студенттік өмір қызық, түрлі ұлтаралық шаралар ұйымдастырып тұрады", - дейді Айдана. 

"Жалпы оқу орнында 200 қазақстандық оқыды. Бұл көпұлтты университет еді. Соған байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылып тұратын. Мысалы, әр ұлттың киімі көрсетіліп немесе ұлттық биден жарыс болатын. Халықаралық ынтымақтастық мерекесі де тойланады. Тай аруы байқауына да қатысқанмын", - деп еске алды Айдана. 


Халықаралық ынтымақтастық мерекесі. Айдана Әшірованың жеке мұрағатынан.


Тай аруы байқауы. Айдана Әшірованың жеке мұрағатынан.


Ұлттардың билер жарысы. Айдана Әшірованың жеке мұрағатынан.

"Қытайдағы білім өте жоғары"

Ал 21 жастағы Ерасыл Құсманов қытайдың Гуанчжоу қаласында бизнес және экономика мамандығы бойынша білім алады. Оның айтуынша, қытайда білім жүйесі жақсы құрастырылған.


Ерасыл Құсманов Бейжің қаласында, Tiananmen. © Instagram

"Қытайда оқу ыңғайлы. Тек жоғары маманданған мұғалімдер сабақ береді. Артық пәндер жоқ, тек мамандығың бойынша оқисың. Сол себептен оқумен қатар қосымша жұмыс істеуге болады, спортпен айналысып, достарыңмен қыдырғанға да уақыт қалады", - дейді ол.


© Ерасыл Құсмановтың Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет

Ерасылдың айтуынша, шетелден келген студенттерге қосымша жұмыс табу оңай. Бірақ заң бойынша, студенттерге жұмыс істеуге болмайды екен.

"Менің білуімше, барлық дерлік студент қосымша жұмыс істейді. Бірі ағылшын тілінің мұғалімі, аудармашы, сату жөніндегі менеджер немесе түрлі бар, клубтар мен түсірілімдерде істеуге болады. Бұл заңға қайшы болса да, шетелдік студенттер үшін мұнда жұмыс көп. Себебі олар бірнеше тіл біледі. Қытайда түрлі адаммен танысқан ұнайды. Онда әрдайым жаңа нәрсе үйренуге болады және өзіңді дамытуға барлық жағдай жасалған", - дейді ШҚО тумасы.


Ерасыл Құсманов Қытадың Гуанчжоу қаласында. © Instagram 

Айдана мен Әселге қарағанда Ерасылға Қытайдың ас мәзірі ұнапты.

"Таңғаларлық болса да, маған қытай тағамдары ұнады. Әсіресе кантон және хунан асүйі. Хунан "балық пен күріш жері" деген мағынаны білдіреді, ал кантон Қытайдың негізгі сегіз асүй дәстүрінің біріне кіреді. Гуанчжоуда тұрғындар таңғы шәйді (заоча) өте жақсы көреді. Шәйді тәттілермен бірге ішеді. Ол қытайлықтардың дәстүріне айналған", - дейді Ерасыл. 

Ал 24 жастағы талдықорғандық Әселдің Қытайда білім алып жүргеніне 7 жыл болды. Қазір күйеуімен бірге Бейжіңдегі Beijing Jiaotong daxue (BJTU) университетінде магистратурада грантта оқиды екен. Оның айтуынша, қытайлықтар өте жылдам және еңбекқор халық. Олар ақшаны қалай жинауды, үнемдеуді және табуды біледі. Ал ең бастысы спортпен айналысқанды жақсы көреді екен.

"Спорт десе ішкен асын жерге қояды"

"Қытайлақтыр да біз секілді қарапайым адамдар. Олар өте еңбексүйгіш халық. Таңғы сағат алтыда ұйқыдан оянсаң, көшеде әлдеқашан кептеліс басталып кетеді. Мұғалімдеріміз жұмысқа жетіде жетуі үшін таңғы бесте оянып, бес жарымдарда үйінен шығып кетеді екен және олар ерте ұйықтайды. Түнгі сағат он-он бірде ұйықтап қалады. Сонымен қатар, маған ұнайтыны, қытайлықтар спортқа қатты қызығады. Себебі оларға жағдай жасалған. Барлығы үлкен-кішіге қарамай кешке спорт алаңына барады. Мысалы, менің университетімдегі алаңға күнде кешке жақын маңайда тұратын жастардан бастап, егде кісілерге дейін келеді. Қарттардың өзіне қатты қарап, күтуі мені таңғалдырды. Олар кешке шамамен 20-30 әжей жиналып, бірдей жаттығу жасайды немесе түрлі би билейді, мысалы танго және басқаларын. Ал кейбіреулері ақырын жүгіріп жүреді. Олар сондай белсенді халық. Қазақстанда да осы үрдіс қалыптасса жақсы болар еді", - дейді отандасымыз.


Қытайлық егде кісілердің спортпен айналысуы. © Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған видео

Сонымен қатар, Әселдің айтуынша, Қытайда үлкен кісілер зейнетке шыққаннан кейін де бос жатпайды және Қытайдан келген әрбір адам отанына еңбексүйгіш болып қайтады.

"Біздің әже-аталарымыз зейнетке шыққаннан кейін ештеңемен айналыспайды, ал Қытайда қарттарға арнайы оңай жұмыстар да ойлап табылған. Мысалы, адам көп жүретін жаяу жүргіншілерге арналған жолда немесе аялдамада қарттар арнайы құлаққап киіп алып, ешкім бағдаршамның қызыл түсіне жүріп кетпеуін, адамдар бірін-бірі таптамай, автобустар дұрыс жерде тоқтауын бақылайды. Ал ең таңғалдыратыны қытайлықтар жолды бір түнде жасап тастайды. Кешкі сағат онда бастаса, таңертең көшеде жап-жаңа жол тұрады, жөндеудің ізі де байқалмайды. Қытайлықтар тез қимылдайды, өте еңбекқор халық. Олардың өмір ырғағы сондай. Қытайдан келген әрбір азамат еңбексүйгіш болып қайтатын шығар", - деп ойын бөлісті Әсел.


Қытайдағы Қазақстан мен Кения арасындағы жарыс (5:0) © Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет

"Балаларымызға қытайлықтарға қарап қалай оқу керектігін үйрену қажет". Бұл Бежіңде білім грантын жеңіп алған қазақстандық қыздың сөзі.

"Оқымысты халық"

"Ондағы қай университетке кірсең де 2-3 үлкен кітапхана болады. Ішінде лық толған адам. Бос орын таппайсың. Бәрі сабақ оқып отырады. Түскі ас ішуге кетсе де, заттарын қалдырып кетеді. Олар барлық бос уақытын оқуға жұмсайды. Себебі Қытайда бәсекелестік деңгейі жоғары. Осындай атмосферада өзің де оқуға қызығып, талпынады екенсің. Менің түсінгенім, қытайлықтар баласына ақша аямайды екен. Әсіресе баласына кішкентай кезінен ағылшын тілін үйретеді. Қаражатқа қарамастан балабақшада америкалық, я болмаса англиядан келген немесе ағылшын тілін жақсы меңгерген мұғалім болғанын қамтасасыз етеді", - дейді ол.


© Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет

"Ең алғаш келгенімде мен де қытайлық достарымнан құрт-құмырсқа жейсіңдер ме деп сұрағанмын. Олар "Жоқ, неге бәрі сөйтіп ойлайды, жиіркенішті ғой" деп жауап қайтарған", - дейді қазақстандық қыз.

"Қытайлар құрт-құмырсқа жемейді"

"Қытайлықтар ащы тамақты жақсы көреді. Олар біздің етті қалай көп жейтінімізге таңғалады. Қазақстандық бағамен салыстырғанда оларда қой мен сиырдың еті екі есе қымбат. Есесіне онда бізде кездеспейтін жеміс пен көкөністердің түрі көп. Олардың негізгі тағамы - күріш немесе орнына мантоу жейді. Ол бізше айтқанда буға піскен нан. Күрішпен бірге тағы түрлі тағам жейді. Балықты, кеспені жақсы көреді. Кез келген тағамнан шошқаның етін кездестіруге болады. Сол себептен біз алдын ала оны басқа етке ауыстыруын сұраймыз немесе мұсылман кафесіне барамыз. Қытайға келген барлық адам басында тамақтан қиналады. Бірақ кейін үйреніп кетеді. Мысалы біз артық шығын болмас үшін үйде тамақ әзірлейміз. Негізі кафелерде де қымбат емес. Сонымен қатар, Қытайда біз қолма-қол ақшаны мүлдем қолданбаймыз. Қарапайым дүкеннің өзінде тауар телефонмен төленеді. Арнайы бағдарламалар бар, мысалы WeChat pay және Alipay", - дейді Әсел.


Үйдің тамағы. © Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет


Ағылшынша Hot pot деп аталатын тағам. © Әселдің Instagram желісіндегі парақшасынан алынған сурет

"Қытай мәдениетінің біз білмейтін тұстары көп. Онда қыз бала тұрмысқа шығар алдында болашақ күйеуінен көлік және пәтерінің болуын ашық талап етеді екен. Қытайлықтар мұндай жағдайдың жиі кездесетінін айтты", - дейді қазақстандық қыз.

"Қытайлықпен жақын сөйлессең, олардың сыпайы екенін түсінесің. Олар жүкті әйелдер мен баланы қатты сыйлайды. Метро мен автобуста қарттардың өзі оларға орын береді. Қытайлық отбасыда, көбінесе ер адам тамақ әзірлейді. Мұнда ол үйреншікті жағдай. Қытайда әйелдерге қарағанда ер адамдар көп. Оларда 11.11 атты мейрам бар. Ол жалғызбастылардың мерекесі. Сонымен қатар, ол бүкіл Қытай бойынша үлкен жеңілдіктер күні. Қытайлықтар 60 жылда құрған осындай экономикасымен мақтанады. Онда бәсекелестік жоғары. Сондықтан әр супермаркет, түрлі дүкен мен кафелерде үнемі жеңілдік пен акциялар болып тұрады", - дейді Әсел.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети