Үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмай отырған мемлекеттік органдарды атады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмай отырған мемлекеттік органдарды атады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 4 айдың қорытындысы бойынша бюджет атқарылуының көрсеткіші төмендегідей қалыптасқан.
"Мемлекеттік бюджетке трансфертті есептемегенде 2 триллион 663 миллиард теңге кіріс түсті немесе жоспар 103,9 пайызға атқарылды. Республикалық бюджетке 1 триллион 660 миллиард теңге кіріс түсті немесе жоспар 96,5 пайызға атқарылды. Салықтар бойынша жоспар 61 миллиард теңгеге орындалмады. Оның негізгі сомалары қосылған құн және корпоративтік табыс салығының есебінен", - деді ол.
Әлихан Смайылов жоспардың орындалмауы сыртқы факторлардағы жағдаймен байланысты екенін атап өтті.
"Қызмет көрсету салаларының түсімдері азайды. Ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы 24 миллиард теңгеге орындалмады. Себебі, қосылған құн салығының қайтырылуы сомасы былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті немесе 147 миллирд теңге болды. Импортқа салынатын қосылған құн салығы 31 миллиард теңгеге орындалмады. Оған үшінші елдерден жеткізілетін импорт көлемінің қысқаруы себеп. Қытайдан келетін импорттың көлемі 14,5 пайызға төмендеді, бұл 252 миллион доллар", - деді министр.
Ол табиғи және басқа ресурстардан пайдаланудан түскен салықтар 17,2 миллиард теңгеге және шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажы жоспардан 9,8 миллиард теңгеге асыра орындалғанын жеткізді.
"Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 119 пайызға орындалып, 1 триллион теңге болды. Жоспар 161 миллиард теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде 153 миллиард теңге салық есебінен. Барлық өңірде кірістердің жоспары артығымен орындалды", - деді Смайылов.
Осы орайда қаржы министрі мемлекет бюджетінің шығыс көрсеткішіне тоқталды.
"Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,7 пайызға, республикалық 98,6 пайызға, жергілікті бюджеттер 97,1 пайызға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 4 триллион 340 миллиард теңге болды. Бюджет қаражаты 62 миллиард теңгеге атқарылмады. Оның 14 миллиард теңгесі үнемдеу болды. Игерілмеу сомасы 48 миллиард теңге болды", - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Әлихан Смайылов бюджет қаржысын игере алмай отырған мемлекеттің органдарға тоқталды.
"Игерілмеудің ең ірі сомасы мына орталық мемлекеттің органдарда қалыптасты: Ұлттық экономика, денсаулық сақтау, ішкі істер, қорғаныс, әділет министрліктері, жоғары сот. Игерілмеудің негізгі себептері конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақытында өткізбеу, қазынашылық органдарына тіркеу шарттары мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну шарттарын жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, сотта мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі талап арыз жұмыстарын жүргізумен байланысты", - деді ол.
Сонымен қатар, министр биыл өңірлерге 2 триллион 336 миллиард теңге нысаналы трансферттер қарастырылғанын атап өтіп, мемлекет қаражатын игере алмай отырған өңірлерді атады.
"Алдын ала деректер бойынша 1 мамырға өңірлерге 338 миллиард теңге бөлінді. Оның 95,6 пайызы игерілмеді немесе 323 миллиард теңгесі. Орындалмау соммасы 15 миллиард теңгені болды. Оның 1,3 миллиард теңгесі бюджет қаражатын үнемдеу, 13,7 миллиард теңгесі игерілмеу. Ең көп игерілмеген қаражат келесі өңірлерде қалыптасты: Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Шымкент қалалары және Батыс Қазақстан облысы", - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.