Білім және ғылым министрі Аймағамбетов мұғалімді жұмысқа қабылдар кезде пара алатын мектеп директорлары туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Antikor онлайн-сұхбаты барысында мәлімдеді.
Білім және ғылым министрі Аймағамбетов мұғалімді жұмысқа қабылдар кезде пара алатын мектеп директорлары туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Antikor онлайн-сұхбаты барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, білім беру саласындағы жемқорлыққа тосқауыл қою үшін заңға арнайы нормалар енгізілген.
"Әртүрлі алып-қашпа сөз бар, бірақ оны алып-қашпа сөз дейміз бе, келісеміз бе, келіспейміз бе, шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанын көріп жүрміз, сондықтан, ондай мәселелердің, тәуекелдердің барын мойындауымыз керек және біз оны білеміз. Білгеннен кейін арнайы нормаға бастамашы болып, заңнамаға енгіздік. Бұл қандай норма? Бұрын әр мектептің басшысы мұғалімді жұмысқа қабылдағанда өзі жеке, дербес шешім қабылдайтын. Өзі шешім қабылдаудың өзі үлкен тәуекел болып саналатын. Мектеп директоры өзі шешім қабылдап, мұғалімді жұмысқа алу үшін оның нақты критерийлері болу керек. Сондықтан, осы тәуекелдердің алдын алу үшін заңнамаға өзгеріс енгіздік", - деді Аймағамбетов.
Министрдің айтуына қарағанда, енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы ғана тұра алады.
"Енді директорлар қабылдамайды, конкурспен қабылданады. Сонда мысалы, бір бос орын болса тиісті жарнама беріліп, нақты жалақысы, міндеті мен мақсаты қандай, бәрі жазылады. Сол хабарлама бойынша үміткерлер құжатын тапсырады және барлығы ашық болуы үшін құжаттар электронды нұсқада қабылданады. Осыдан кейін тиісті комиссия шешім қабылдайды, осылайша мектепке ең мықты, ең білікті, ең білімді мұғалімдер келуі керек. Осы норма орындалу үшін қазір министрлікте тиісті бұйрық дайындалып жатыр, шамамен екі аптаның ішінде қол қоямын", - деді министр Аймағамбетов.
Сонымен қатар, биылдан бастап мұғалімдікті оқыған түлектер үшін мектепке жұмысқа тұру тәртіптері күрделенеді.
"Мұғалімдікті оқып, дипломын алған түлектер бірден мектепке жұмысқа тұра алмайды, олар міндетті түрде сертификаттаудан өтуі керек болады, яғни олар ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Тесттен тиісті балл алғандар сол нәтижемен жұмысқа тұрғысы келген мектепке барады, ол жерде тәжірибеден өтіп, сабақ жүргізе алатынын мектептегі комиссияға көрсетіп, өтсе ғана оған педагог деген дәреже беріледі, тек осыдан кейін мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі", - деді Асхат Аймағамбетов.
Мектеп әжетханасын музей қылып жауып қоятындар бар - Аймағамбетов