Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 63 миллион теңгенің жарық шоуы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 63 миллион теңгенің жарық шоуы туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұның алдында әлеуметтік желілерде Алматыда елорда күніне орай биыл жазда 63 миллион теңгенің жарық шоуы өткені туралы ақпарат пайда болған. Алайда оқырмандар бұл жарық шоуы шын мәнінде болмағаны, тек монтаж арқылы жасай салған деген күмәнін айтқан. Бұған әкімдік те жауап беріп, жарық шоуының шын мәнінде болмағанын хабарлаған.
"Шоу да, отшашу да болған жоқ. Мұның бәрі бастапқыда жоспарланып, алдын ала дайындалған еді. Бірақ пандемия болатынын ешкім білген жоқ қой. Біз қазір де Еуропаның көп елінде жарық шоулары болып жатқанын көріп жүрміз, Ресейде де. Пандемия мәңгіге болмайтын шығар. Сондықтан туристердің назарын аударатын, қалалықтарға да өте қызық осындай шараларды біз елорда күніне орай ғана көрсетеміз деп ойлаған жоқпыз ғой. Жыл бойында бізде мереке көп, әр мерекеде туристерге де, қалалықтарға да қызық болатын осы шоуды көрсетеміз. Сондықтан бұл бірреттік шара емес, үнемі көрсетіледі", - деді ол.
Әкім әлеуметтік желілерде пайда болған монтаждалған роликке қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл ролик мұндай шоудың қандай екенін көрсету мақсатында жасалып, Желіге жүктелген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сағынтаевтың айтуынша, орындаушыға бұл қызметі үшін қаражат толық төленген.
"Бірақ біз ақшасын төлеп, олар жұмысын аяқтамай кетіп қалды деген сөз емес. Олар тапсырыс беруші алдындағы барлық міндетін толық орындады. (...) Ал отшашуға біз тіпті қаражат жаратпадық. Оны жоспарламадық та", - деп жауап берді қала әкімі журналистің сұрағына.
Айта кетейік, Nur Light 3D show жарық шоуы - бұл 3D mapping саласындағы жетістіктерді пайдалана отырып әзірленген жоғары технологиялық көрініс. Жоба Алматы қаласының креатив индустрияларын дамыту аясында жүзеге асырылғаны айтылған. Бұл жоба 6 шілдеде Астана күніне жоспарланған екен, одан кейін бұл материалды ҚР Тәуелсіздік күніне пайдалану жоспарланыпты. Алайда өтпей қалған.
"Өкінішке қарай, елдегі және қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ол өтпейтін болды. 2020 жылдың 6 шілдесінде желіге әлеуметтік желілер үшін арнайы құрастырылған 3D mapping элементтері бар графикалық ролик орналастырылды. Көп жұмыс жүргізілгендіктен, барлық материал 2021 жылы жаппай іс-шараларға рұқсат етілгеннен кейін пайдаланылатын болады", - деп хабар таратқан еді әкімдік өкілдері.