Биыл жазда Назарбаев Университетінде шетелдік студенттер үшін қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылған. Курстың ерекшелігі - ағылшын тілі арқылы қазақ тілін оқыту. Курсқа қатысқан жапон, мексикалық, бангладештік, ұлыбританиялық және америкалық 5 студент қазақ тілін әліпбиден бастап үйреніп, 8 аптаға созылған курстың соңында таза қазақша сөйлеп шыққан. Студенттер күніне 3,5-4 сағаттан аптасына 5 күн қазақ тілін оқыған.
Биыл жазда Назарбаев Университетінде шетелдік студенттер үшін қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылған. Курстың ерекшелігі - ағылшын тілі арқылы қазақ тілін оқыту. Курсқа қатысқан жапон, мексикалық, бангладештік, ұлыбританиялық және америкалық 5 студент қазақ тілін әліпбиден бастап үйреніп, 8 аптаға созылған курстың соңында таза қазақша сөйлеп шыққан. Студенттер күніне 3,5-4 сағаттан аптасына 5 күн қазақ тілін оқыған.
Аталған курстың бағдарламасын дайындап, сабақты жүргізген қазақ тілінің маманы Дархан Шалқыбасов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында осы курстың ерекшелігі мен мамандардың тіл үйретудегі қателері жайлы айтып берді.
Маманның айтуынша, кез келген адам мақсатты түрде дайындалса екі айда қазақша сөйлеп үйрене алады. Студенттерді қазақша сөйлету үшін көптеген практикалық жаттығулар жасаған. Алғашқы тақырыптар өзі туралы, отбасы, бос уақыт, хобби, спорт, музыка, не ұнайды, не ұнамайды деген күнделікті тақырыптар болған. Осы тақырыптар негізінде сөйлетуге арналған арнайы тапсырмалар мен қарапайым мәтіндер беріліп, олардың негізінде студенттер өз отбасылары мен қызығушылықтары туралы сөйлей бастаған.
"Студенттерді сөйлету үшін тірек-сызбалар, кестелер берілді, олар басында осы дайын конструкцияларға, шаблондарға сүйене отырып сөйледі. Әсіресе ағылшын аудиториясында адамды сөйлетуге арналған активитилер, ойындар көп. Біз осыны тиміді пайдаландық. Сондай-ақ біздің курстың ерекшелігі біз негізгі күшті шетелдік студенттерді сөйлетуге, қазақша ойлауға жұмсадық. Оларды сөйлету үшін грамматикалық емес, практикалық тапсырмаларды көптеп бердік. Кейін келе біз мұны күрделендірдік, тақырыпты әбден талқылап пысықтап болған соң, студенттерді аудиториядан шығарып тақырып аясында бар білгендерін диктофонға сөйлеп, оны ортақ мессенджердегі топқа жіберуге тапсырма бердік. Аудиторияға кіргенде олар жіберген аудиоларын қайта тыңдап, қателері бойынша жұмыс істеді. Осы кері байланыстың арқасында студенттер сөйлегенде жіберетін грамматикалық қателерін көріп, оны түзетіп, сауатты сөйлеп үйренді", - дейді Дархан Шалқыбасов.
Маман тапсырмалар мен мәтіндерді дайындауда көбіне ағылшын тіліндегі ақпарат көздеріне сүйенген. Көптеген тапсырманы ағылшын тілді ақпарат көздерінен алғанын айтады. Ағылшыннан аударып, тапсырманы берген кезде оны барынша қазақтың танымына сай беруге тырысқан. Мысалы, ағылшындар жиі қолданытын "lucky" деген сөзді "жолы болғыш" дейді, сонда "I was lucky" деген сөйлемді "Өмірде менің жолым болды" деп аударған екен.
Сондай-ақ "making an appointment" деген сөз "кездесуді белгілеу" деп аударылады. Алайда, дәрігерге қатысты қолданғанда "дәрігерге жазылу" деп үйреткен.
"Басын ашып айту керек, осы 8 апталық курс материалдарының негізгі бөлігін өзіме дайындауға тура келді. Бізде қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуға арналған оқулық жоқтың қасы, олар жоқ емес бар, бірақ оны алып оқыта алмайсың. Сондықтан әр күннің оқыту материалдарын дайындауға көп уақыт жұмсадық. Демалыс күндері 12-13 сағат отырып тапсырма дайындаған кезім болды. Себебі сіздің дайындаған тапсырмаңыздың функциясы адамды сөйлету болуы керек. Сондықтан дайындаған материалың мазмұнды, әрі қызықты, көзге тартымды, дизайны әдемі болуы үшін біраз тер төгуге тура келеді", - дейді Дархан Шалқыбасов.
Шетелдік студенттер осы курстың нәтижесінде екі айда қазақ тілін үйренуге болатынын, қазақ тілі жеңіл тіл, логикасы бар тіл екеніне көз жеткізгендерін айтады.
"Екі айда қаза тілі өте ғажап тіл екенін түсіндім. Бұл бүгінгі Димаштың, Ұлы Абайдың, тәуелсіз қазақтың, XXI ғасырдың тілі екенін айтқымыз келеді. Біз қазақша таңдау жасадық", - дейді шетелдік студенттер.
Маманның пікірінше, тіл оқытуда шығармашылыққа арналған тапсырмалар болса жақсы. Курстың соңғы аптасында табиғи апаттар туралы тақырып өткенде, студенттердің бір тапсырмасы жанартауға қатысты зерттеу болған. Зерттеу-парақшасындағы тапсырмаларға жауап жазу арқылы тақырып бойынша сөйлеген. Сондай-ақ бірінші аптада қазақ әліпбиін оқып бастаған студенттер курстың соңында бағдарламада көрсетілген тақырыптарда презентация қорғайтындай дәрежеге жеткен.
"Менің айтқым келгені біздің дайындаған материалдар тек грамматикаға ғана негізделмеу керек. Қазақша сөйлеуді грамматика арқылы емес, керісінше грамматиканы сөйлеу барысында үйренулері керек. Ал біздегі бір қызық мәселе, оқулықтардағы негізгі екпін грамматикаға түсетінін көреміз. Көбі грамматикалық тапсырмалар. Әрине грамматика керек, бірақ адамды сөйлету үшін тек грамматиканы оқытумен нәтижеге қол жеткізбейсіз. Негізгі, басты деген 5-6 грамматикалық конструкцияны білсе, тәуелдеуді, жіктеуді, септеуді, етістіктің 2-3 шағын білсе, адам сөйлей алады. Кейін сөздік қорды, фразалық тіркесті толықтырып отыру қажет. Ал енді, барармын, бармақпын, барғалы отырмын, барайын деп жатырмын деп тіл үйренуші ә дегенде шатастырудың қажеті жоқ", - деп түйіндеді жаңа әдіснаманың авторы.