ПОДЕЛИТЬСЯ
27 июля 2018 | 10:13
Саусақ кесу, чип және браслет. Қоғамда кімнің ұры екенін айшықтау қажет пе?
Әлем елдерінде ұрыларды түрліше жазалайды. Бірінде саусақ, бірінде қол кесіп, енді бірінде өлім жазасын тағайындайды. Деректерге сенсек, ұрлық үшін жазасы тым қатал елдерде ұрылар жоқтың қасы. Ал, біздің елде керісінше, қылмыстар арасында ұрлықтың көрсеткіші күн санап артып келеді. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі "Қоғамда кімнің ұры екенін айшықтап беретін жаза түрлерін тағайындау керек пе?" деген сұрақты мамандарға қойып көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлем елдерінде ұрыларды түрліше жазалайды. Бірінде саусақ, бірінде қол кесіп, енді бірінде өлім жазасын тағайындайды. Деректерге сенсек, ұрлық үшін жазасы тым қатал елдерде ұрылар жоқтың қасы. Ал, біздің елде керісінше, қылмыстар арасында ұрлықтың көрсеткіші күн санап артып келеді. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі "Қоғамда кімнің ұры екенін айшықтап беретін жаза түрлерін тағайындау керек пе?" деген сұрақты мамандарға қойып көрді.
Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекованың айтуынша, қоғамда ұрының ұры екенін айшықтап тұратын белгілерді қолдану қажет. Ол үшін дене зақымдарын емес, заманауи технологияларды пайдаланған дұрыс.
"Қытайда ұрылардың саусағы мен қолын кесу жазасы өте ертеде болды. Әрине, қоғам ұрының ұры екенін білуі керек. Қазір оның заманауи тәсілі өте көп. Мысалы, чиптер. Ол қай жерге барса да оның ұры екенін білдіретін белгі болуы тиіс. Оның істі болғаны, оның ұры, педофил немесе адам өлтіргені туралы ақпарат беріліп тұруы керек. Қылмыс жасалып, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ол туралы қоғамның білгені қажет емес", - деді депутат.
Қазбекованың айтуынша, қоғамды қылмыскер туралы құлақтандыруды мемлекет өз жауапкершілігіне алуы керек. Себебі қоғам өз арасында кімдердің жүргенін білуге құқылы.
"Қылмыскер қолына браслет тақса да, құжатына арнайы белгі салып немесе жапсырып қойса да, оны заманауи технологияның арқасында жүзеге асыру керек. Басқаша қоғам өзін қорғай алмайды. Қылмыскерлер басқа адамдар сияқты ортамызда жүре береді, солайша, қоғамды алдайды. Бұл бір жағынан адамдар үшін профилактика болады. Егер ұрлық жасаған адам өзінің қоғамнан шеттетілгенін білсе, қайтадан ұрлық жасауға бармайды деп ойлаймын. Ал, қол кесу, бас кесу деген жазалар орта ғасырларға тиесілі. Қылмыскер түрмеден шыққан болса, бұл туралы және сол адам туралы тек учаскелік полицей хабардар болады, оның көршілері де, қоғам да ол туралы білуі керек. Тіпті, ол туралы мәлімет құпия болмаса оны да жариялау керек", - деді ол.
Ал, заңгер Мырзабек Бекберді бұл пікірмен келіспеді. Оның айтуынша, ұрыны қоғам арасында белгілеп қою еліміздің Ата заңына және құқықтық нормаға қайшы келеді.
"Ұры ұры болса да, қылмыскер болса да оның адам деген қасиеті бар, ол адам өлтірсе де - адам. Қылмыстық Кодекстің мақсаты адамдарды жазалау және жаза тағайындау емес, құжаттың өзінде де жазылған. Оның мақсаты - қылмыскерді тәрбиелеу. Түрмеге отырып келген адам еркіндіктің қадірін біледі, оларды темір тордың ар жағында оқытып, тәрбиелейді. Ал, қоғамда ұрының ұры екенін айшықтап беру үшін өзге елдердегідей оның саусағын, қолын кесіп немесе браслет тағып, тағы да басқа жолдармен белгілеп қою Қазақстанның барлық заңына қарсы келеді. Себебі мұндай жазалар адамның арына, құқығына қол сұғу болып есептеледі. Ал, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялаған. Құқықтық заңнамалар бойынша, қандай адамның болмасын арын таптауға жол берілмеген", - деді заңгер.
Маманның айтуына қарағанда, қоғамда ұрыны белгілеу керісінше қауіпті, тіпті қылмыстың артуы да ғажап емес.
"Қолына браслет таққан қылмыскер өшіге түседі. Қоғамнан шеттетілгенін білген ол қолында браслеті жоқ адамды жау санап, агрессивті түрде шабуылдап, тағы бір қылмыс жасауы мүмкін. Гуманизм десе гуманизм, ол практикада да бар. Қытайда адам саны өте көп, қоғам да бөлек, ал бізде бар болғаны 18 миллион халық және біздің елде адамның ар-намысы биік тұрады. Сондықтан, ұрлық жасады деп кез келгеннің басын кесіп тастай алмаймыз. Бұрынғыдай елден қусаң да, екінші жерге барып тағы ұрлайды. Сондықтан қоғамдық тәртіп керек, оларды қоғамның тәрбиелегені дұрыс", - деді ол.
Показать комментарии
Читайте также