ПОДЕЛИТЬСЯ
19 сентября 2019 | 10:31
Сәрсенбідегі ауыс-түйіс: Тоқаев кімдерді мақтады?
Сәрсенбі, 18 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындаған. Tengrinews.kz тілшісі қызметтен кеткендер мен тағайындалғандар жайлы шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Сәрсенбі, 18 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шенеунікті жаңа қызметке тағайындаған. Tengrinews.kz тілшісі қызметтен кеткендер мен тағайындалғандар жайлы шолу жасады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Тәжин басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды. Бұл қызметке ол 2019 жылы 24 наурызда тағайындалған еді.
Президент Тоқаев оған алғыс білдірді. "Ұзақ жылдар бойы мемлекет ісіне сіңірген еңбегі үшін М.Тәжинге алғыс айтамын. Оның білімі мен білігі еліміздің игілігіне қызмет ете береді", - деп жазды Тоқаев Twitter желісінде.
Бұған дейін Тәжин ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Марат Тәжин 1960 жылы 8 сәуірде Ақтөбеде дүниеге келген.
Тәжин босатқан қызметті енді Қырымбек Көшербаев атқарады. Тоқаевтың "Тәжірибелі мемлекеттік қызметші" деген мақтауын естіген ол бұған дейін Президент Әкімшілігін басқарған болатын. Бұрынғы қызметте Көшербаев үш айға жуық жұмыс істеді.
Қырымбек Көшербаев 1955 жылы 20 мамырда Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған.
Бұған дейін БҚО, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында әкім болған. Көшербаев еңбек жолын 22 жасында инженер қызметінен бастаған.
Президент Әкімшілігінің Басшысы болып Ерлан Қошанов тағайындалды. Ол бұл қызметіне дейін Қарағанды облысының әкімі болған. Өңір басшысы болып 2,5 жылға жуық қызмет етті.
Қошанов 1962 жылы 14 тамызда сол кездегі Жезқазған облысы, Ақсу-Аюлы ауылында туған. 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтының "инженер-механик" мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын слесарь ретінде бастаған.
1999 жылдан бері саясатта еңбек етіп келеді. ҚР Парламентінде Үкімет өкілі болған. 2012-2017 жылдар арасында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің Кеңсесін басқарған.
Ал оның орнына Тоқаев Қарағанды облысының басшысы лауазымына мәслихатқа премьер-министрдің орынбасары, білікті басқарушы Жеңіс Қасымбекті ұсынған.
Кейін Президенттің Жарлығымен Роман Скляр де қызметін ауыстырды. Тоқаев оған "табысты еңбек жолынан өткен" деп баға берді.
"Роман Васильевич Скляр Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметінен босатылсын", - делінген Жарлықта.
Скляр биыл 25 ақпаннан бері индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып қызмет атқарған еді. Оған дейін Мәжіліс депутаты, көлік және коммуникациялар вице-министрі, ұлттық экономика вице-министрі, инвестиция және даму жөніндегі вице-министр қызметтерінде жұмыс істеген.
Роман Скляр 1971 жылы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 18 жасында слесарь-монтажник қызметінде бастаған.
Склярдің орнына Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып Бейбіт Атамқұлов тағайындалды. Осылайша, ол сыртқы істер министрі қызметінен кетті. Бұл қызметке ол 2018 жылы 26 желтоқсанда тағайындалған еді.
Атамқұлов 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. 22 жасында В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының металлург факультетін тәмамдаған. Басында мыс қорыту зауытында металл қорытушы болып жұмыс істеген.
2000 жылы Санкт-Петербургте мемлекеттік экономика және қаржы университетінде экономист дипломын алған. 2006 жылдан бастап дипломаттық қызмет атқарды. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, сыртқы істер министрі болып жұмыс істеген.
Енді Сыртқы істер министрлігін Мұхтар Тілеуберді басқарады. Ол 2016 жылдың наурызынан бері сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Жаңа министр 1968 жылы 30 маусымда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақсу ауылында дүниеге келген. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, философ мамандығын алып шыққан. Ағылшын және корей тілдерін жетік меңгерген.
Бұған дейін Қазақстанның Израильдегі елшісінің кеңесшісі, Қазақстанның Малайзия, Индонезия, Бруней Даруссаламе және Филиппин елдеріндегі елшісі қызметін атқарған. 2016 жылға дейін жеті жыл бойы Қазақстанның Швейцариядағы елшісі болған.
Қазақстан Республикасы премьер-министрі Кеңсесінің Басшысы болып Ғалымжан Қойшыбаев тағайындалды. Оның соңғы қызметі сыртқы істер министрінің орынбасары болған. Бұл қызметтен биыл 25 наурызда босатылған еді.
Қойшыбаев көп жылдар бойы Президент Әкімшілігінде, сондай-ақ, сыртқы істер министрлігі жүйесінде - елші және министрдің орынбасары болып жұмыс істеді. Литва, Латвия, Эстония және Финляндияда елшілік қызметте болған.
Ол 1968 жылы 12 сәуірде Қызылордада туған. 1991 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
Показать комментарии
Читайте также