ПОДЕЛИТЬСЯ
27 мая 2020 | 17:05
"Сапарбаев жыл бұрын уәде еткен". Ақтөбе облысында 8 отбасы далада қалудан қорқып отыр
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Комсомол ауылында Жүргенов көшесіндегі 29 үйдің тұрғындарының түн ұйқысы тұрмақ, күндіз күлуге халі жоқ. Бала-шағасы бар 8 отбасының берекесі қашты. Үлкендер өзінен бұрын ойнап жүрген баласының өміріне алаңдайды. 55 жыл бұрын іргетассыз салынған үйдің тұрғындары Tengrinews.kz редакциясына хабарласты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Комсомол ауылында Жүргенов көшесіндегі 29 үйдің тұрғындарының түн ұйқысы тұрмақ, күндіз күлуге халі жоқ. Бала-шағасы бар 8 отбасының берекесі қашты. Үлкендер өзінен бұрын ойнап жүрген баласының өміріне алаңдайды. 55 жыл бұрын іргетассыз салынған үйдің тұрғындары Tengrinews.kz редакциясына хабарласты.
Фото: Гүлдана Төлеуова
Осы үйде туып-өскен Гүлдана Төлеуованың айтуынша, жарығы мен газы жоқ үйдің тұрғындары от жағып отыр. 1965 жылы салынған баспананың әбден тозығы жеткен. 15 пайызы ғана жарамды үйде тұратын 8 шаңырақтың өзі үй сатып алатын ақшасы жоқ. Ақшасы болған күнде де "әкімдік үй орнына үй береміз деген уәдесін неге орындамай отырғанын тыңдайтын құлақ жоқ" дейді олар.
"Үйімізді сүру туралы шешім шыққалы бері неше жылдың жүзі өтті. Өткен 2019 жылдың ақпан айында Бердібек Сапарбаев (Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі) келгенде осы үйді журналистермен бірге көрсеткенбіз. Сапарбаев жылдың аяғына дейін үйлі боласыздар деп уәде етіп кеткен. Сендік, қуандық. Бірақ бір жылдан асса да, уайымымыз сейілген емес", - дейді ол.
Фото: Гүлдана Төлеуова
Бір жыл ішінде үш әкім ауысқан. Әкім болып келген адамның алдында міндет бола ма, әлде "жарты жылдан кейін ауысасың" деген бұйрық тұра ма, білмейміз. Әйтеуір Сапарбаевпен келген әкімнен кейін аудан билігіне екінші адам келген.
"Ол кезде ауылдың әкімі Ибрашев болған, содан кейін Мәди Елеусізов тағайындалды. Ал, 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында әкімдікке барғанда жыл аяғына дейін аласыздар деген. Бірақ қазір тағы жаңа әкім тағайындалды. Дархан Ермағамбетов келді. Ол кісіге де кірдік", - деді Гүлдана Төлеуова.
Фото: Гүлдана Төлеуова
Бірақ жаңа әкім тұрғындарды жалдамалы үй береміз деп шығарып салған.
"Жалдамалы үй ғана береміз. Бірақ ол үйге төлеп тұрасыз және өз аттарыңызға аудара алмайсыздар. Квартира сияқты тұрасыздар" деп шығарып салды. Сонда біздің үйге өтемақы беру ойында да жоқ. Бұған дейін бір пәтердің бағасын есептеп, 1 миллион 200 мың теңгедей болады деген. Бірақ оны өтеген жоқ", - дейді оқырман.
Осы үйдің тағы бір тұрғыны Махаббат Болтаеваның айтуынша, маңайдан жүк көлігі өтсе, үй дірілдейді.
"Міне біздің жағдай осындай. Үй апат жағдайында тұр. Ұйықтауға қорқамыз. Әкімшіліктен хабар жоқ. Олар жалға үй береміз деді. Егер ақшамыз болса, үй салып алатын едік қой. Мұндай үйде тұрмайтын едік. Осыншама "болады, болады" деп алдайды. Осыған бір шешім болса енді. Түнде ұйқы көрмейміз... Үйдің артынан жүк машинасы өтсе үй дірілдейді. Жөндеу жұмыстарын жасайық десек, іргетасы жоқ. Шіріп тұр. Құлайды", - деді Махаббат Болтаева.
Ауыл тұрғындарының амалы таусылған.
Tengrinews.kz тілшісі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовке хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрады. Әкім мұндай мәселе барын растады.
"Əйтеке би ауданының орталығы Комсомол ауылының Жүргенов көшесі №29 үйде орналасқан екі қабатты үйдің тұрғындары тарапынан баспаналарының тұруға жарамсыздығын, соған байланысты басқа пəтер бөлу жөнінде өтініш кезінде түскен. Соған байланысты тексеру барысында ғимараттың адамдар үшін қаупі анықталды", - деді ол.
Әкімнің айтуынша, ауылда жаңа коммуналдық үй салынып жатыр. Үй дайын болған соң, алдымен, біз сұраған үйдің тұрғындары көшіріледі екен.
"Осыған байланысты Комсомол аулындағы Абылай хан көшесі, 2Г үйінде орналасқан 16 пəтерлі тұрғын үйге арналған ғимаратты қайта құру жұмысы 2019 жылдың 4 қыркүйегінде басталды. Мердігер - "Бабэк-құрылыс" ЖШС. Құрылыс жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Серіктестік басшылығының ұйғарымы бойынша пайдалануға жақында берілуі тиіс. Тұрғындар қажетті су, жылу құрылғаларымен жасақталды. Қазіргі кезде ішкі əрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғимарат құрылысы толық аяқталғаннан кейін аудандық əкімдік жанындағы тұрғын үй жөніндегі комиссия өз шешімін шығарады. Əрине, алдымен апат жағдайында тұрған үйдің тұрғындары қоныстанбақ", - деді Дархан Ермағамбетов.
Tengrinews.kz мәселені бақылап, тұрғындармен байланысып отырады.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также