29 января 2021 | 16:39

Qazaq älıpbiı. Тіл маманы латын қарпіндегі жаңа әліпби несімен ерекше екенін түсіндірді

Tengrinews.kz фотоколлажы, фото:elements.envato.com

Кеше латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Жаңа әліпбиде 31 әріп пен тек шетелдік сөздерге қолданылатын қосымша тағы 3 әріп бар. Tengrinews.kz тілшісіне А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Назира Әміржанова жаңа нұсқаның басқалардан айырмашылығын айтып берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кеше латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Жаңа әліпбиде 31 әріп пен тек шетелдік сөздерге қолданылатын қосымша тағы 3 әріп бар. Tengrinews.kz тілшісіне А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Назира Әміржанова жаңа нұсқаның басқалардан айырмашылығын айтып берді.

Маманның айтуынша, бұл - тілтанушы ғалымдардың бірнеше жыл бойы зерттеулерінің нәтижесінде жасалған  жоба. Сондықтан ерекшелік те жоқ емес. Мысалы, әріп саны алдыңғы жобада 32 болса, бұл әліпбиде - 31. Диграф сияқты екі әріп қосындысынан жасалған әріптер жоқ.

Реклама
Реклама

"Бұл әліпбиде диакритикалық белгілердің төрт түрі қолданылды. Әліпбиді жетілдіру барысында диакритикалық белгілердің қызметі мен мазмұны ескерілді. Алдыңғы жобада акут таңбасы (әріп үстіндегі үтір) қолданылған. Акут белгісі "екпін" дегенді білдіреді. Әлем тілдеріндегі жағдайды есепке алсақ, акцентті тілдерде акут таңбасы көбінесе  сөзді дұрыс оқу үшін қолданады. Сондықтан акут белгісі әліпбиден мүлде алынып, оның орнына умляут белгісіне (әріп үстіндегі қос нүкте) басымдық берілді. Умлаут белгісі арқылы дауысты дыбыстардың жіңішке вариантына қойып, тілдің табиғи болмысын бұрмалаусыз бере аламыз", - дейді Әміржанова.


Ұсынылған жаңа нұсқа 

Оның сөзінше, бревис (әріп үстіндегі доға), седиль (әріп астындағы қармақша), макрон (әріп үстіндегі сызық) сияқты диакритикалық белгілер де алынды. Макрон белгісі қазақ қоғамында 1928-1940 жылдары қолданылған, ал седиль мен бревис таңбасы түркі тілдес халықтардың әліпбилерінде бар.

Бірақ жаңа нұсқада "ң" әрпін таңбалау кезінде бұл белгілер қолданылмаған. Жаңа нұсқа бойынша "ң" әрпі "ŋ" болып жазылады. Мұның да өз себебі бар екен.

"Ң" әрпін жаңа әліпби жобасындағыдай таңбалау тәжірибесі 1929-1940 жылдары қолданылған. Кейбір пікір білдірушілер "ң" әрпін "ň" түрінде беруге болатынын ұсыныс түрінде айтып жатыр. Әліпби жетілдірілу барысында бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ, бірнеше рет "ң" әрпінің латынша таңбалануы талқыланды, оның техникалық, тілтанымдық аспектілері толық зерттелді. Әліпбидің оңтайлы әрі психобейнеге сәйкес келуі де ескерілді. Мысалы, қазіргі кирилл жазуындағы "ң" әрпінің бейнесі жобадағы "ŋ" әрпіне ұқсас. Яғни жазарман үшін бұл оңтайлы", - дейді маман.

Жаңа әліпби нұсқасында "с, x, w" әріптері жоқ, тек цитаталық принциппен жазылатын шетелдік сөздерде қолданылады екен.

"Бұл әріптер әліпбиге қосымша алынды. Халықаралық бренд атауларын жазуда қолданылады. Мысалы, "Coca-Cola", "Windows", "EXPO" т.б.", - дейді ол.


Tengrinews.kz фотоколлажы. Фото: elements.envato.com

Бұл әліпбиде "ә, ғ, и, ө, ұ, ү" әріптері диакритикамен, яғни үстіне белгі қою арқылы таңбаланған. Ал "Ш" әрпін жазу үшін "Š" емес, "Ş" таңбасы таңдалыпты.

"Жаңа әліпби жобасында дауыссыздар үшін седиль (ş) және бревис (ğ) белгілері алынған. Біздіңше, бұл дұрыс шешім, егер дауыссыз дыбыстарды бірыңғай бревис немесе седиль арқылы белгілесек, көзшалымға кедергі келтіретіні анық. Салыстырып көріңіз: ğaşyq - ğašyq. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қаріпке қойылған диакритикалық белгілердің ішінде жоласты белгілер оқылымға оң әсерін береді. Ал белгілердің бір-біріне ұқсас немесе бірыңғай болуы әріпті қабылдауға теріс әсерін тигізеді", - дейді Назира Әміржанова.

Бұған дейін латын әліпбиін жасау кезінде апострофтар ("шығыс" - "s'yg's"), диграфтық таңбалар ("сәбіз" - "saebiz") ұсынылып, кейін ол сынға ұшыраған болатын.

"Диграфтар, триграф лигатуралары арқылы әліпбилерін кеңейткен көптеген Еуропа әліпбиін білеміз. Ағылшын әліпбиінде бірнеше әріп тіркесі бір дыбысты беру үшін қолданылады. Бұл жүйе флектив тілдер үшін қолайлы болғанымен, жалғамалы тілдер үшін тиімсіз. Бұған дейін "диграфтық жоба" ұсынылған болатын. Бұл жобаның кемшілігі көп болды. Екі әріп тіркесі бір дыбысты білдіреді деген формула тіл үйрену үшін оңтайлы болмады. Яғни, әдістемелік тұрғыдан оқылым мен жазылым процестерін тежейтіні, сөзді тануда қиындықтар тудыратыны анықталды. Жоғарыда көрсетілген тілтанымдық, әдістемелік кемшіліктерге байланысты бұл әліпби қабылданбай, әліпбиді оңтайландыру жұмысы жалғасқаны бәрімізге белгілі жайт", - дейді маман.


Бұрын ұсынылған "диграфтық жоба" 

Оның айтуынша, бұл жағдайда ең дұрыс шешім - диакритика, яғни, әріпасты және әріпүсті белгілер қолдану.

"Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары осы белгілердің қызметін көзшалым мен қолдануға үйлесімдігін, әріптің кездесу жиілігін, тіркесу қабілетін ескеріп жасады. Сондықтан визуал тұрғыдан алғанда өте оңтайлы, тілге шақ әрі икемді әліпби жасалды деп ойлаймыз", - дейді Назира Әміржанова.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram