ПОДЕЛИТЬСЯ
10 апреля 2020 | 13:44
"Пойызбен құдалыққа барған". Коронавирустан қайтыс болғандар туралы не белгілі?
Бүгін Қазақстанда коронавирустан тағы бір адамның қайтыс болғаны хабарланды. Осылайша, елімізде тоғыз адам індеттен көз жұмды. Tengrinews.kz тілшісі қауіпті вирустан қайтыс болған адамдар туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгін Қазақстанда коронавирустан тағы бір адамның қайтыс болғаны хабарланды. Осылайша, елімізде тоғыз адам індеттен көз жұмды. Tengrinews.kz тілшісі қауіпті вирустан қайтыс болған адамдар туралы баяндайды.
Пойызбен құдалыққа барған
Қазақстанда коронавирустан адам өлімі алғаш рет 26 наурызда кешке қарай тіркелді. Бұл 64 жастағы әйел болатын. Ол Ақмола облысының Қосшы ауылында жекеменшік үйде тұрған. 25 наурызда ауруханаға түскен ол бір тәулік жатып, көз жұмды.
"Кеше Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы азаматы екіжақты өліміне пневмония, тыныс алу жолдарының тарылуы, қант диабеті себеп болды. Пневмонияға COVID-19 індеті себеп болды. Әйел 25 наурыз күні таңғы 7-де жедел жәрдеммен жеткізілді", - дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов.
Кейін әйелдің 13-17 наурыз аралығында Алматы және Шу қалаларында қонақта болғаны хабарланды. Алматыға елдегі төтенше жағдай режимі кезінде құдалыққа барған.
Бір ай ауырса да, ауруханаға бармаған
31 наурызда коронавирустан екінші адамның қайтыс болғаны хабарланды. Бұл жолы өлім Нұр-Сұлтанда тіркелді.
50 жастағы науқасты 2020 жылдың 21 наурызында жедел медициналық жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген. Ол бір ай бойы ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген. Жұмысы жиі іссапарға шығумен байланысты болған.
Нұр-Сұлтан тұрғынының қайтыс болуына коронавируспен қатар болған екі сырқаты себеп болған - қант диабеті мен артериялық гипертензия. 31 наурызда түнгі 03:30-да жүрегі тоқтап қалған.
Қарағандыда алғашқы адам өлімі
1 сәуірде Қарағанды облысында коронавирустан алғашқы адам өлімі тіркелген.
"30 наурызда Қарағанды қаласының ауруханаларының біріне 62 жастағы ер адам жатқызылды. Сол кезде екіжақты пневмония, тыныс алу қиындағаны анықталды. Жағдайы ауыр болды. Реанимациялық боксқа жатқызылды", - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің емдеуіне қарамастан бүгін таңертеңгі 7:10-да жүрегі тоқтағаны айтылған.
"Науқас келіп түскен соң бірден коронавирусты анықтау үшін сараптама алынды. Ер адамның өліміне коронавирус себеп болғаны анықталды. Осыған дейін ол ауруханаға келген жоқ. Нотаруис болып жұмыс істеген ", - деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибігүл Төлегенова.
Бір айдай Алматыда қонақта болған
Қазақстанда COVID-19 індетінен төртінші адам Түркістан облысында көз жұмды. Ол Жетісу ауданының тұрғыны, 1956 жылы туған. 4 сәуірде коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Науқас 29 наурызда ауруханаға жатқызылған.
Ол пневмония, гипертония, қант диабетімен ауырған. Барлық сынама алынып, емдік шаралары жүргізілген.
"1 ай шамасында Алматы қаласы, Қарасай ауданында қонақта болған. 15 наурызда Алматыдан автобуспен үйіне келген. Алматы қаласынан келгенін жасырған. Жақын қарым-қатынаста болған 25 адам, ықтималды байланыста болған 40 адамдар тексірілді. Жағдай бақылауда", - деді Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасы өкілі.
Вирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған
Дәл сол күні елімізде вирустан бесінші адамның қайтыс болғаны хабарланды. Көз жұмған 1947 жылғы ер адам Целиноград ауданында тұрған.
Есепте "Дисциркуляторлық энцефалопатия" диагнозымен тіркелген. Марқұм 2 сәуірде қайтыс болған екен. Ал оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған.
"1 наурызда емделушінің жағдайы нашарлаған. Артериялық қысым жоғарылап, тыныс алуы қиындаған. 2 сәуірде биологиялық өлім анықталды, қайтыс болған адамның денесі сот-медициналық сараптама үшін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Зерттеу нәтижесінде COVID-19 табылды", - деп хабарланды брифингте.
Жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген
5 сәуірде коронавирустан Қазақстанда алтыншы, Шымкентте алғашқы адам өлімі тіркелді. Науқас түнгі уақытта жан сақтау бөлімінде қайтыс болған.
Ол 1964 жылы дүниеге келген, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Атакент елді мекенінің тұрғыны. Жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Мәскеу - Алматы бағыты бойынша Шымкент қаласына транзитпен тоқтаған.
3 сәуірде Шымкенттегі жұқпалы ауруханаға жатқызылған. Тексеріс барысында одан коронавируспен қатар, қант диабеті мен артериялық гипертония диагнозы қойылған. Кейін оның туберкулезбен ауыратыны белгілі болған.
"Температурасына шағымдануына байланысты жедел жәрдем көмегімен науқас инфекциялық ауруханаға стационарға жатқызылған. Оның ауру жағдайына байланысты реанимациялық бөліміне ИВЛ аппаратына қосылған", - деді басқарма басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова.
91 жастағы әйел қайтыс болды
8 сәуірде Ақмола облысында тағы бір адам коронавирустан көз жұмғаны хабарланды. Әйел адам бұған дейін КВИ жұқтырып көз жұмған ер адаммен байланыста болған.
"6 сәуірде Целиноград ауданының тұрғыны қайтыс болды. Ол 1929 жылы туған. Әйел бұған дейін көз жұмған ер адаммен байланыста болған. 216 адаммен байланыс жасаған. Коронавирус инфекциясын жұқтырғаны 7 сәуірде мәйітті зерттеу кезінде белгілі болды", - деді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов.
Басқарма басшысының айтуынша, қайтыс болған әйелдің бірнеше ауруы болған, оның ішінде созылмалы бронхит бар.
Басқа диагнозбен ауруханаға түсіп, кейін КВИ анықталған
Кеше Павлодарда алғаш рет коронавирустан адам өлімі тіркелді. Науқас 1936 жылы дүниеге келген. Марқұм - Павлодар қаласының тұрғыны.
Ол 8 сәуірде "орташа ауыр деңгейдегі ауруханадан тыс полисегментарлық пневмония, ӨОСА" диагнозымен ауруханаға түскен. Келесі күні ер адамның коронавирусқа тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен.
Павлодар облысы Тауарлар қауіпсіздігі мен сапа бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Замзагүл Дощанова қайтыс болған ер адамның бірнеше аурумен ауырғанын айтады.
"Оның созылмалы аурулары болды - тыныс демікпесі, өкпенің обструктив ауруы, жүректің ишемиялық ауруы, үшінші деңгейдегі гипертензия, көкірек терісінің қатерлі ісігі, - деді Дощанова.
Мамандардың айтуынша, бұл аурулар науқастың жағдайын нашарлатқан.
Басқа аурулары болған
Ал бүгін коронавирустан тоғызыншы адам көз жұмғаны хабарланды. Алғаш рет Алматыда COVID-19 вирусынан адам өлімі тіркелді.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, науқас әйелдің коронавирусқа тапсырған сараптамасының нәтижесі 16 наурызда белгілі болған.
"Қосымша ауруларымен, атап айтқанда өкпенің созылмалы обструктив аурулармен, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі мен жүректің ишемиялық ауруларымен, стенокардиясымен, артериялық гипертензиясымен байланысты, ол 18 наурызда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылды. Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан, жағдай полиоргандық жеткіліксіздіктің - тыныс алу, жүрек-қан тамырларының дамуымен прогрессивті нашарлады", - дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Әбілдаевтың айтуынша, 9 сәуірде қосымша ауруларының үдеуі аясында сағат 23.20-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық іс-шаралар сәтсіз өтіп, сағат 23:50-де биологиялық қайтыс болғаны анықталды.
Показать комментарии
Читайте также